Accessibility links

Жоғары білімді жас мамандар зағип болғаны үшін жұмысқа тұра алмай жүргенін айтады


Биыл Алматыдағы жоғары оқу орындарын бітірген түлектер арасында көз жанарынан мүмкіндігі шектеулі 11 жас азамат мамандық иесі атанып, тиісті диплом алып шықты. Алайда, ендігі жерде бұл адамдар алған мамандықтары бойынша еңбекке орналасуда өздерінің физиологиялық ерекшелігіне байланысты жұмыс берушілер тарапынан кедергіге кезігіп отырғанын айтады.

27 жастағы Алмас Мырзабеков биыл Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетін тәмамдап, тарихшы-мұғалім мамандығын алып шықты. Туғаннан қос жанары көрмейтін Алмастың ендігі арманы - өз мамандығы бойынша мектепке мұғалімдік жұмысқа тұрып, балаларға сабақ беру. Алайда, әзірге көктегі құстай ол арманға қол жеткізуге өзінің физиологиялық ерекшелігі тұсау боп тұрғанын айтады Алмас.

- Жұмыс сұрап барған жерде үнемі анау-мынау деп, бізді иығымыздан қағып шығарып салады. Бәр жерде итеріп тастай берген соң қатты күйзелесің, - дейді ол.

Алмас өзі тәрізді мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбек құқығы Қазақстанда заңмен қорғалғанымен, әзірге тек қағаз жүзінде қалып отыр дейді.

Биыл жазда Алматының жоғары оқу орындарын 11 зағип жан бітіріп шыққан. Әртүрлі мамандықтың иесі болса да, олардың қазіргі кезігіп отырған жағдайы ұқсас дейді, осы жазда жаңадан заңгер мамандығын алып шыққан Нұржан Байтасов:

- Алматыдан жұмыс іздеп, әртүрлі хабарландыру, жарнама бойынша талай жерге барып көрдім. Бірақ, бәр жерде кедергілер бар. Ең бірінші кедергі – көзімнің мүгедектігі. «Сен – мүгедексің, қалай істейсің?» деп, жұмысқа алмайды.

Бізге шағым-мұңын жеткізген зағип жандар өз еңбек құқықтарын қай жерде, кімнің көмегімен қорғай алады? Осындай сауалмен шілденің 24-күні Қазақстанның еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласқан едік. Министрліктің мүгедектерді ақтау және әлеуметтік қызметтерді дамыту бөлімінің бас маманы Арман Өмірбаев былай деп жауап берді:

- Заң бойынша біздегі кәсіпорындарда мүгедектерге 3 процент мөлшерінде квота белгіленген. Сол 3 пайыз – ол тек мүгедектерге арналған жұмыс орындары болуы тиіс.

- Ал сол талап қазір орындалып отыр ма?

- Сіздің бұл сауалыңызға дәл қазір жауап бере алмаймын. Сіз бұл сауалды бізге жазбаша жолдаңыз, сосын жауап береміз.

Алматыдағы жоғары білім ордаларында білім алып жатқандар арасында көз жанарынан мүмкіндігі шектеулі жастар қазір де бар. Тағдырлары ұқсас алдыңғы түлектердің кезігіп отырған қазіргі жағдайына байланысты Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің 4-курсында оқып жатқан Кенже есімді 24 жастағы жігіт өз ойымен бөлісті:

- Әрине, біз туралы елде заң, үкіметтің шығарған қаулысы бар. Бірақ, біріншіден, олар орындалып жатқан жоқ. Екіншіден, олардың қалай орындалып жатқанын қадағалайтын органдар жоқ десе де болады. Сонысы бізді қынжылтады. Біз де келесі жылы бітіреміз жоғары оқу орнын, сондықтан өзімнің және де кейінгі, біздің артымыздағы мен тәрізді студенттердің болашағына қобалжимын.

Қазақстанда қос жанары көрмейтін азаматтарға қазіргі таңда мемлекеттен ай сайын 13 мың теңге шамасында әлеуметтік жәрдем төленеді.
XS
SM
MD
LG