Accessibility links

Иран және Ауғанстанның президенттері Махмуд Ахмединежат пен Хамид Қарзай Тәжікстанға сапармен бармақ


Хабарларға қарағанда, келіссөздердің күн тәртібінде өзара сауда-саттық және қауіпсіздік мәселелері бар көрінеді.

Жоғарыда айтылған сауда-саттық және қауіпсіздік мәселесімен қатар бұл ортақ тілді елдердің басшылары мәдени, ғылыми саладағы өзара ортақ мәселелер де талқылануы мүмкін деген болжам бар. Президент Ахмединежат өткен тамыз айында қызметке отырғалы бұл оның Түрікменстан мен Тәжікстанға алғашқы сапары болып тұр.

Иран президенті Душанбе мен солтүстіктегі Хожанд қалаларын байланыстыратын 5 шақырымдық Анзоб туннелінің ашылу салтанатына да қатыспақ.Бұл туннел Иран көмегімен салыныпты.

Тегеран сондай-ақ, Тәжікстанда салынбақ Саңтуда гидроэлектрстансасының құрылысына 180 млн доллар инвестиция енгізбек. Екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық жөнінде Душанбелік саяси талдаушы Исмоил Рахматов тілшімізге былай дейді:

– Соңғы кездері Тәжікстан мен Иран Ислам мемлекеті арасында өзара ынтымақтастық айтарлықтай нығая түсті. Иран бірқатар жолдар, Саңтуда гидростанса салуға, жергілікті заттар өндіретін компаниялар құруға көмектесіп отыр. Жалпы, бұл аймақтағы Иранның экономикалық саладағы қосар үлесі салмақты болайын деп тұр.

Бұрынғы советтік одақ тарап, Тәжікстан тәуелсіздік алғалы бері Иран бұл елге бірден-ақ көмек қолын созған болатын. Тәжікстанда азаматтық соғыс кезінде өзге елдер өз дипломаттар санын азайтқан уақытта Тегеран керісінше өз дипломатиялық миссиясын күшейте түскен болатын. Сол 1992-1997 жылдардағы ауыр кезде Иран тәжік еліне айтарлықтай қомақты қаржы көмегін бергені белгілі. Тіпті Тәжік үкіметтік күштерімен шайқасқан Біріккен тәжік оппозициясы жетекшілеріне де саяси баспана берді. Сондай-ақ, Ресеймен бірге 1997-жылғы бейбітшілік шараларына қатысқандығы да шындық.

Иранның Тәжікстандағы елшісі Нассер Сармади Парсаның айтуынша:

- Президент Э.Рахмоновпен кездесу, келіссөздер барысында кеміне 5 құжатқа қол қойылмақ. Ал Ауғанстан президенті Қарзай қатысатын 3 жақты келіссөзде тағы да кемінде 5 келісімге қол қойылмақ, - дейді Иран елшісі.

Ауғанстандағы советтік басқыншылақ, одан кейінгі азаматтық соғыстар кезінде ауғандардың біразы Тәжікстан мен Иранға босып барғаны белгілі. Ал, Иран үшін де, Тәжікстан үшін де негізгі үлкен мәселе - Ауғанстаннан бастау алатын есірткі саудасы болып тұр.

Ираннан айырмашылығы, Ауғанстан президенті тіпті өз экономикасы нашар Тәжікстаннан көмек алуға мүдделі екендігі де жасырын емес. Әсіресе, Ауғанстанға энергетикалық салада жәрдем қажет. Сондықтан парсы тілді бұл үш жетекші Тәжікстанға электр қуаты желілерін тарту мәселесін де талқыламақ.

Ал, Тәжікстан сыртқы істер министрлігі жариялаған мәлімдемеге қарағанда, 3 президент талқылайтын мәселелердің ең маңыздысы - аймақтық қауіпсіздік мәселесі болмақ.
XS
SM
MD
LG