Accessibility links

Шілденің 25-күні Алматыда қазақстандық бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен жекелеген азаматтар «Шаңыраққа тірек» қоғамдық комитетін құрғандарын жария етті. Олар Алматыда осыдан екі апта бұрын Шаңырақ елді мекенінде болған билік өкілдері мен тұрғындар арасында қақтығыстан кейін, заң орындары Шаңырақ пен Бақай ауылы тұрғындары арасында жаппай жазалау шараларын өткізіп жатқанын мәлімдеп, билікті болған оқиғаны тексеріп-зерттеу ісін және аталған елді мекендердегі тұрғындар проблемасын шешуді әділеттілікпен жүргізуге шақырып отыр.

Отбасында әйелі мен бір жарым жастағы баласы бар 24 жастағы Бекбосын Тілеубаев Бақай ауылына биылғы мамыр айының соңында Алматы облысының Шелек ауданынан көшіп келіпті. Өзі Алматының темір жолы вокзалында жүкші бола жүріп, Бақай ауылында шағын жанұясына баспана боларлық жер үй тұрғызған екен. Алайда, оның қуанышы ұзаққа бармапты.

- Он жеті күн болған кезде салған үйімді быт-шытын шығарып, бұзып кетті, - дейді ол.

Шілденің 14-күні Шаңырақтағы билік адамдары мен тұрғындар арасындағы қақтығыстан кейін, Бекбосын сол оқиғаға қатысқан деп күдіктеліп ұсталып, қамауда жатып шығыпты.

- Он алтысы күні таңғы сағат алты жарымда, ұйықтап жатқан жерімнен, заң адамдары келіп, қолымызды қайырып, Шаңыраққа қатыстыңдар деп ұрып-соқты. Мен Шаңырақта болған жоқпын дегеніме қарамады. 16-шілде күні қамалғаннан 4 күн жатып шықтым. Менің қолымда барлық жеке құжаттарым болса да, мені еш жерде тіркеуде жоқ, тұрғылықты мекен-жайы жоқ адам ретінде қамап ұстады олар мені, - деді Бекбосын.

Тергеушілердің тепкісіне жығылдым деген Бекбосын Тілеубаевтың шағымына байланысты шілденің 25-күні Алматы ішкі істер департаментіне хабарласқан едік. Баспасөз қызметінің аға инспекторы Салтанат Әзірбектен мынадай жауап алдық:

- Бұл тексерілмеген мәлімет. Біреу айты екен деп біз бұндай нәтиже шығара алмаймыз. Біз сұрастырып көрейік сол тергеу жүргізіп жатқан адамдардан. Дегенмен, бұндай мәлімет дәлелденбейтін шығар...

Бірақта Шаңырақтағы қақтығысқа байланысты соңғы екі аптаның ішінде Алматының заң орындары тұрғындарды шетінен ұстап, тергеу кезінде олардың құқығын бұзуда деп хабарлады, сейсенбі күні «Шаңыраққа тірек» деп аталатын жаңадан құрылған қоғамдық комитет төрағасы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім.

- Қазірге дейін біз қанша адамның ұсталғанын, қанша адамның қамауда отырғанын және қанша адамға айып тағылғанын біле алмай отырмыз. Кеше түнде Шаңырақтан тағы 20 адамды алып кетті деген мәлімет келді. Сондықтан бұның бәрі баяғы 1937 жылғы сияқты қап-қараңғы түнекте өтіп жатыр. Біз қоғамға осы жайында ақпараттың міндетті түрлде таратылуын - әкімшілік пе, жоқ әлде ішкі істер басқармасы ма – күн сайын халыққа, қоғамға ақпарат беріп отыруын талап етіп отырмыз, - деді Көшім мырза.

Жаңадан құрылған қоғамдық комитеттің тағы бір мүшесі саясаткер Асылбек Қожахметовтың келтірген дерегіне сүйенсек, қазіргі таңға дейін Алматы полициясы 121 адамды ұстап, тергеуден өткізіпті.

- Ол ұсталғандардың басым бөлігі тергеу кезінде өздерін ұрып-соққаны туралы комиссияда айтқанымен, арты одан да жаман боп кете ме деген үреймен көпшілікке жария етуден қорқады, - дейді Қожахметов мырза.

«Шаңыраққа тірек» деп аталатын қоғамдық комитетті құрғандардың бірі - адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис:

- Бұл оқиғаны тексеріп-тергеудің барысында билік ең алдымен әділеттіліктің сақталғанына жұрттың көзі жететіндей болғанын басты назарда ұстауы керек, - деп отыр.

Сот шешімімен заңсыз тұрғызылған деп танылған үйлерді бұзып-қирату үшін Алматының шетіндегі Шаңырақ елді мекеніне келген билік өкілдері мен тұрғындар арасында шілденің 14-күні болған қақтығыста ондаған заң қызметкері түрлі дәрежедегі жарақат алғаны ресми хабарланды. Сондай-ақ, бір полиция офицерінің үстіне жанармай құйып, өртеген деген күдікпен екі адамға іздеу салынып, бес адамның қамауға алынғаны айтылды. Ал Шаңырақ тұрғындары арасында қанша адамның зардап шеккені туралы нақты дерек-мәліметтер әзірге жоқ.
XS
SM
MD
LG