Accessibility links

Рысбек Сәрсенбайұлы: «Сот айыпталушы Е.Өтембаевтың президентке жазған хатын алдыра алмай отыр»

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

25 шілдеде Талдықорғандағы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты деп айыпталып отырған Ержан Өтембаев, Рустам Ибрагимов, Виталий Мирошников пен ҰҚК қызметкерлерінің үстінен өтіп жатқан сотта куәлардан сұрақ-жауап алу одан әрі жалғасты. Куәлар ретінде осы қылмысқа қатысты деп қамауға алынған сенат аппаратының жетекшісі Ержан Өтембаевтың жұбайы Людмила Тен ханым мен Өтембаев мырза оқиға күндері емделіп жатқан емхана жетекшісі және алдын-ала тергеу кезінде оқиға орнында бейнетаспаға жазу барысында куәгерлер ретінде қатысқан азаматтар жауап берді. Сондай-ақ, 25 шілдедегі сотта айыпталушы жақтың қорғаушылары "бейне таспадағы алдын-ала тексеру материалдары мен сол тергеудің хаттамаларында алшақтық бар, сот оған назарын аударуы керек және оны сараптауға салу керек" деген өтініштері қанағаттандырусыз қалдырылды. Ал жәбір көруші жақтың жақтаушылары сұрастырған "Ержан Өтембаевтың Президентке жазған кінәсын мойындау хатын сот іс қағаздарына қосу керек" деген өтініші ашық күйінде қалды.

Талдықорғандағы сотта сейсенбі күні Виталий Мирошниковты алдынала тергеу кезінде оқиға орнында бейнетаспаға жазу барысында куәгерлер ретінде қатысқан азаматтардың бірі - Нұрлан Бектегұловтың "Мирошников оқиға орнына ешкімнің нұсқауынсыз жолды өзі көрсетіп апарды, он екінші ақпанда джип автокөлігінің дөңгелектерін сатып алған контейнерді де өзі көрсетті" деген сөздері себеп болса керек, сот айыпталушы жақтың жақтаушыларының "Мирошниковтың бейнетаспадағы айтқандары мен осы тергеу хаттамаларында алшақтық бар, сондықтан бейнетаспадағы айтылған сөздерді фоноскопиялық сараптамаға салу керек" деген өтініштерін қанағаттандырмай тастады. Ал сотқа жауап берген тағы бір куә Ержан Өтембаевтың жұбайы Людмила Тен ханымның айтқандары сотқа қандай да жаңалық әкелген жоқ деген пікірлер болғанымен Алтынбектің ағасы Рысбек "оның жауаптары сотың айыптарының негізін жойды" дейді.

- Ержан Өтембаевтың әйелінің сұрақтарға жауап беруі барысында Өтембаевтың күнәсының жоқтығын тағы бір қырынан дәлелдеді. Оның менің бауырым Алтынбек Сәрсенбайұлының газеттегі аты-жөнін атамай айтқан сын пікірін, оған соншалықты бір ашу-ызасын туғызбағандығын, кектенетіндей жағдайының болмағандығын тағы бір дәлелдеп берді. Соттың барлық айыптауы, табан тіреген нүктесі сол газеттегі мақала болатын, мақаладағы Ержан Өтембаевтың аты\жөні аталмаған пікірге сайып келген. Ол жоқ енді, айыптаудың табан тіреген нәрсесі... демек бұл айыптаудың бастапқы кезінде және осы сотқа жеткізген қалпында негізсіздігін көрсетеді. Демек тұтастай алғанда Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктеріне жасалған қастандық бұл жеке бас араздығынан туған қастандық емес екендігін көрсетеді".

Соттың бұдан бұрынғы отырыстарында Алтынбектің жақтаушылары Ержан Өтембаевтың президентке жазған хатын сот іс қағаздарына қосу керектігі туралы өтініш жасаған болатын. Ол хат қазір де сотта жоқ. Бұл мәселені бүгін тағы көтерген жақтаушыларға прокурорлар "заңға сәйкес айып қағаздарын жинау тек прокурордың ісі емес, бәріміздің ортақ ісіміз. Сондықтан сіздер де өз аттарыңыздан сұрастырыңыздар" деп жауап берген еді, сот төрағасы прокурорды тағы міндеттеді.

- Президенттің атына жазылған хатта оның өз айыптарын мойындайтындығы туралы айтылады. Ал сот қылмысты іздестіру органы емес болғандықтан прокурорға тапсырма берейік, олар сотқа жеткізсін, - деді сот төрағасы Лұқпан Мерекенов.

Бұл хат сот үшін өте маңызды дейді Алтынбектің ағаларының бірі Рысбек Сәрсенбайұлы.

- Ержан Өтембаев президентке айыбын мойындап хат жазған. Бұл енді президент Назарбаевтың сөзі. Ол кісінің сөзіне сенсек, Өтембаев кінәсын мойындаған. Президент бұл туралы сенаттың мәжілісінде айтты. Ол халыққа тарады, баспасөзде жарияланды деген сияқты... Енді сол хатты алдыртуға соттың да қауқары жоқ, мемлекеттік айыптаушылардың да қауқары жоқ. Мұны маған сырғытып тастады: "сіз өзіңіз жәбір көруші ретінде ұсыныс жасап, ол хатты сотқа әкелдіруіңізге болады" деп. Мен Талдықорғаннан және Алматы қаласынан екі жерден жедел хат жібердім. Сол хатты сұрап, президенттен өтініп мына соттағы шындықты, ақиқатты анықтау үшін сол хат керек болып тұр. Өйткені, Өтембаев өзінің айтқандарынан, бастапқы сөзінен танып отыр. Мүмкін бізге жазған хатын оқығаннан кейін ол сөзінен танбас! "Мен мемлекеттің басшысына солай деп айтқаным өтірік емес. Ол шын, кешіріңіздер, мен кінәмды қайтадан мойындаймын" дейтін шығар. Не болмаса, ол басқа себебін айту керек. Сол үшін ол хат керек, талқыға түсуі керек. Ол хатты Өтембаевтың өзі жазды ма, өзі жазбады ма, қандай жағдайда жазды - соның бәрі ашылуы керек. Сонда ол біраз шындықтың соңына дейін жетуге болмаса да біраз пердесін ашуы керек. Егер түсінетін болса, Ержан Өтембаевтың тағдыры сол хатта тұр! - дейді Рысбек мырза.

Сәрсенбі күні сот кезекті куәларды сұрастыруды жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG