Accessibility links

Иран президенті Махмуд Ахмадинежат Түрікменстан сапарын аяқтап Тәжікстан астанасы Душанбеге келді


Иран президенті сейсенбі күні Душанбеде президент Эмомали Рахмоновпен келіссөздер жүргізгеннен соң баспасөз маслихаты кезінде бірден Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталып, Израиль мен Хезболла тобының арасындағы жанжалдың салдары ауыр болады, найзағайдың соққысы ол аймақтың быт-шытын шығаруы мүмкін деп ескертті.

- Бірер мемлекетке мұндай шабуыл жасап мәселені шешуге болмайды. Керісінше, жағдай күрделене түседі. Өзге халықты күшпен езіп мақсатқа жету үлкен қателік болмақ. Парсылар желдің арты құйынға айналуы мүмкін дейді. Таяу Шығысқа сондай құйын жақындап қалды, - дейді президент Ахмединежат.

Эмомали Рахмонов та өз әріптесінің ойын одан әрі жалғастырып, Таяу Шығыстағы бұл шайқасты жедел тоқтату қажет деген.

– Ислам конференциясы ұйымының мүшесі ретінде, жалпы әлем мұсылмандарының қауымдастығы атынан біз Ливандағы бұл қарулы операциялардың мүмкіндігінше тезірек тоқтатылуын қалаймыз. Ливанның біртұтастығы және тәуелсіздігі үшін, Таяу Шығыстағы бейбітшілік, тұрақтылық үшін бұл мәселені саяси жолмен шешу керек, - дейді Тәжікстан президенті.

Иран мен Тәжікстан жетекшілері жасаған мәлімдемеде Палестина мен Ливанға қарсы күш көрсету айыпталды. Олар бұл жанжал келіссөздер арқылы шешілуі тиіс деген қорытындыға келді.

Сондай-ақ, Ахмадинежат сейсенбі күні Ресей президенті Путинмен де телефон арқылы сөйлесіп, тағы да Таяу Шығыс дағдарысын талқылаған. Бұл жөнінде Ресейдің Интерфакс жаңалықтар агенттігі хабарлап отыр.

Тәжікстан сыртқы істер министрі Талбақ Назаров қазірдің өзінде 400-дей Ливан азаматының өмірін қиған Израильдың бұл нағыз соғысын жедел тоқтатпаса болмайды. Бұл соғыс арабтарға да, басқаларға да қажет емес. Тағы да 400 адамның обалына қалу мүмкін, - дейді Назаров.

Ал Иран Мәжілісінің төрағасы Хаддад-Адел араб елдері қарап тұрмай Ливан мен Палестина халқына қолдау көрсетуі керек деген.

Бұл 3 күндік сапар кезінде екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық және көршілес Ауғанстанмен байланыс мәселесі де әңгімеге арқау болатын секілді.

Ал сейсенбі күні Ахмадинежат пен Рахмонов Иранның көмегімен салынған Анзоб туннелінің ашылу салтанатына қатысты, сондай-ақ бірқатар келісімдерге қол қойды.

Президенттер парсы тілді біріккен телестансасын ашуға келісті. Ал бұл жобаны сәрсенбі күні Душанбеге келетін Ауғанстан президенті Хамид Қарзай да қолдайды деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG