Accessibility links

Ресейлік «Атомстройэкспорт» Қазақстанда жаңа атом электр стансасын салады


Қазақстанда атом электр стансасын ресейлік «Атомстройэкспорт» кәсіпорны салатын болды. Бұл жөнінде шілденің 26-сы күні «Атомстройэкспорт» пен қазақстандық «Қазатомпром» ұлттық компаниясы басшылары ортақ кәсіпорын құру туралы меморандумға қол қойды деп хабарлады «Азаттық» радиосына ресейлік «Атомстройэкспорт» компаниясының баспасөз хатшысы Ирина Есипова. Ал қазақстандық эколог Мәлс Елеусізов Қазақстанға АЭС керек жоқ, ал екі ел арасындағы уағдаластық жеке мүддеден туындап отыр деп есептейді.

Қазақстан мен Ресей арасында атом энергетика саласын дамыту бойынша бірлескен 3 кәсіпорын құру туралы Ақтауда сейсенбі күні келісімге келгендерін хабарлады «Азаттық» радиосына «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының баспасөз қызметкері Азат ӘБІЛДАЕВ:

- Ресейлік «Техснабэкспортпен» 2 кәсіпорын ашылады. Оның біріншісі – Қазақстанда уран өндірумен, екіншісі - өз жерінде уран байыту жұмысымен айналысады. Үшінші кәсіпорын «Атомстройэкспортпен» бірге ашылады. Ол реакторларды салумен емес, оны дайындау жұмысымен айналысады. Сондықтан, қазір алғашқы есеп-қисап жұмыстары жүруде. Ал АЭС соғу жөнінде ешқандай әңгіме жүріп жатқан жоқ.

Алайда, бұл кезде ресейлік «Атомстройэкспорт» компаниясының Қазақстандағы алғашқы атом электр стансасын салатындығын осы компанияның баспасөз қызметінің жетекшісі Ирина ЕСИПОВА хабарлады.

- «Атомстройэкспорт» президенті Сергей Шматко мен «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамның президенті Мұхтар Жәкішев Ресей, Қазақстан және үшінші елдердің базарлары үшін атомдық реакторлары бар энергоблоктардың инновациялық жобаларын әзірлеу және жүзеге асыру бойынша бірлескен кәсіпорын құру бойынша меморандумға қол қойды. Бірлескен кәсіпорын атом энергоблоктарының жобалық-техникалық құжаттарын дайындайды, қызмет көрсететін мамандарды оқытады, қондырғылар әкеледі., АЭС салынатын алаңда құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізеді, - деді «Атомстройэкспорт» компаниясының баспасөз хатшысы Ирина Есипова «Азаттық» радиосына.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда алғашқы атом электр станасын салу бірнеше жылдарға созылатын ұзақ процесс:

- Ол үшін барлығын негіздеу керек, мердіргерлерді белгілеп, жобаның техникалық-экономикалық өлшемдерін әзірлеу қажет. Осыдан кейін ғана құрылыс жұмысы басталады. Қазіргі кезде ең алдымен ғылыми-зерттеулер жүргізіліп, атом стансасын салу бойынша бірнеше жобалар ұсынылады.

Ал Алматы энергетика және байланыс институтының ректоры, профессор Ғұмарбек ДАУКЕЕВ қазіргі таңда Қазақстанда атом электр стансасын салуға мұқтаждық жоқ деп есептейді:

- Неге десеңіз, бізде көмір де көп, су да көп. Мұнай да, газ да бар. Солармен электр энергиясын өндірсек, ол да бізге жеткілікті. Екіншіден, АЭС технологиясы әлі дұрысталған жоқ. Мысалы, Германияда атом стансаларын салуға тиым салынған, оны ешкім салмайды. Меніңше, Қазақстанда әзірше АЭС салу қажеті жоқ!

Бүгінде Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша үш нұсқа қарастырылады: Каспий теңізі жағасында - Ақтауда, Балқашта және бұрынғы Семей полигоны маңындағы Курчатовта салу. Бұл елді-мекендерде тұратын тұрғындар өз жерлерінде қауіпті атом стансасын салуға келіспейді деген ойда эколог Мэл ЕЛЕУСІЗОВ:

- Семейде қалай салатынын білмеймін. Онда бір ұсақ-түйек бір нәрсе болатын шығар, өйткені, оған көп су керек. Ақтауда бұрын АЭС болған. Кейін оны жапты. Оның әсері көп болып жатыр. Енді соның қасына тағы біреуін саламыз десе, халқының қарсылық көрсетуге мүмкіншілігі бар. Ал Балқашта саламыз десе, халықтың бәрін көтеріміз, оны жасатпаймыз!

Оның пікірінше, Қазақстанда атом электр стансасын салу идеясының түп-төркінінде жеке мүдделер, ресейлік компанияны лоббилау мақсаты жатыр:

- Ресейдің үлкен атом компанияларының айтқанын істеп отыр. Қазір Ресейде үлкен атом кешені бар. Дүниежүзі бойынша АЭС салады. Мыңдаған адамдарға жұмыс тауып беріп отыр. Адамдарға жұмыс керек. Енді міне Қазақстанға кірудің жолын тауып отыр. Бір кіріп алса, оларды шығара алмаймыз.

Дегенмен, Қазақстанда АЭС салу сөзсіз қажет екендігін айтады «Қазатаомөнеркәсіп» қызметкері Азат Әбілдаев. Оның айтуынша, атом энергиясы - экологиялық жағынан ең таза және Қазақстанның күннен күнге өсіп бара жатқан энергетикалық мұқтаждығын өтей алатын қуат көзі:

- АЭС-тің қажеттілігі айдан анық деп ойлаймын. Біріншіден, экологиялық жағынан қауіпсіз. Екіншіден, құны арзан. Дәл қазір АЭС салынады деп ешкім айтып жатқан жоқ. Бірақ, оның қажеттігі ертең бәрібір көрінеді.

Қазақстанда Ресеймен бірлесіп АЭС салу жайында 2003-ші жылдан бері айтылып келеді.
XS
SM
MD
LG