Accessibility links

Сот отырысында сот-медицина сарапшылары куәлік берді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Талдықорғандағы Алматы облыстық сотта оппозиция көсемдерінің бірі – Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтың өліміне қатысы сот ісінде бейсенбі күні куәлар ретінде он үшінші ақпанда оқиға орын алған жерде мәйіттерге медициналық сараптама жасаған және 14 ақпанда тексерген мамандар соттың сұрақтарына жауап берді. Сауалдардың ішіндегі "табылған мәйіттердің қанша уақыт бұрын қаза болғаны мен қылмыс қай жерде жасалды" деген негізгі сұрақтарға сарапшылар "олар табылған күннен бір-бір жарым күн бұрын қаза болған және оларды осы жерде атқан" деген жауаптарынмен айыпталушылардың жақтаушылары келіспеді. Бірақ, Алтынбектің жақтаушылары сарапшылардың қортындысымен келісіп отыр. Бейсенбі күні сарапшылар тек Алтынбек Сәрсенбайұлының мәйітіне қатысты жайттарды талқылады.

Талдықорғандағы соттың бейсенбі күнгі отырсында мәйіттерді оқиға орын алған жерде тексерген сот-медициналық сарапшылардан түске таман басталған сұрақ алу түстен кейін де жалғасты. Сұрақ-жауап алдымен 13-ақпанда мәйіттерді оқиға орнында тексерген Талғардағы сот-медициналық орталық маманы Сәбит Жансүгіровтен алынды. Әдеттегідей сотқа қатысушы екі жақтың өкілдерінен де бейсенбі күнгі соттың қортындысы туралы пікір сұрастырдық.

Негізгі айыпталушылар жағының жақтаушылары оқиға болған уақыты мен орын алған жеріне күмән келтіреді. Олай деуіне олардың уәждері де бар. Мысалы, Виталий Мирошниковтың жақтаушысы Виктор Семин "сараптама барысында қаза болған уақытты дұрыс анықтамаған" дейді.

- Ең негізгі сұрақ - қаза болған уақыты! Бұл уақытты оқиға орын алған жерде анықтайды, ал сол үшін Талғардан келген сарапшы оқиға орын алған жерді қоршап қойған шлагбаумның сыртында 5-6 сағат күткен. Басқа криминалистер өз жұмысы аяқталмағанша жібермеген. Сондықтан, мәйіттің табиғи суу уақытын т.б. толып жатқан деректерді анықтайтын техниканы пайдалану мүмкін емес деп таптым, дейді сарапшы. Бұны қалай түсіну керек? - дейді Семин мырза.

Сот-медициналық сараптамада қаза болған уақытты анықтаудың бірнеше тәсілі бар екен. Сарапшылар өздеріндегі мамандардың тапшылығы мен қаржы тапшылығы жағдайында қолдан келгеннің бәрін қолдандық дейді. Сол тәсілдердің бірі - мәйіттердің сіресіп қату уақыты, қаза болған кезден кейін айналадағы температура мен ылғалдылықты ескергенде белгілі бір уақытта басталып, екі-үш күннен кейін мәйіттер босайды екен.

Айыпталушылардың жақтаушыларының бірі Серік Сәрсенов мырза мәйіттердің мәйітханаға апарылғаннан кейін бір күннен соң босаңсығанын алға тартып, олардың 11-ақпанда қаза болғанына күмәнданады.

- Айнала балшық болғанына қарамастан мәйіттердің аяқ киімдерінің табандары неге таза? Желкелерінен атылған оқтың ізі бар, ал олардың бастарына кигізілген күртеше қалпағында оқтың ізі жоқ, қалайша? Күртешелерінің жағалары басына дейін көтеріліп қалғаны қалай? Демек, оларды басқа жерде өлтіріп, осында көтеріп әкелген болуы мүмкін, оған сарапшылар жауап іздемеген де! Қылмыс қай жерде орын алғаны ашық күйінде қалып отыр! - дейді Сәрсенов мырза.

Тіпті, ол сарапшылардың қортындыларына көңілі толмай оны Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты сарапшылардың қортындысымен салыстырды.

- Нұрқаділовтың өлімі өзін-өзі атудан болды деген қортынды жасалып еді ғой. Ол өзін екі рет атып, өлмеген соң үйдің ішіне қанын жағып, сонан соң жастықты тіреп қойып, өзін басынан атып, одан соң өзін сейсеппен жауып, тапаншаны үстіне қойып барып өліпті деген қортынды ше? Міне, сол өлімге шығарылған ғылыми қортынды қаншалықты ғылымға негізделсе, осы өлімге қатысты қортынды да сондай негізделіп тұр, - дейді Сәрсенов мырза.

Алайда, жәбір көруші жақтың жақтаушыларының бірі Серікқали Мусин:

- Олардың мүддесі қайткенде өз қорғауындағы айыпталушылардан күнәны алыстату. Егер мәйіттерді табылған жерде емес, басқа жерде және басқа уақытта өлтірген болса, қамауда отырған негізгі айыпталушылар Мирошников пен Ибрагимовтың айыбы жоқ болып шығады. Әзірге барлығы дәлелденіп отыр. Қылмыс жасалған уақыт пен осы жерде жасалғандығы анықталып отыр. Екі сарапшыны сұрастырдық. Олардың нақты қортындыларына қарасақ, оқиғаның уақыты да, орны да сол сот іс қағаздарындағыдай, 11-ақпанда мәйіттер табылған жерде орын алған, - дейді.

Дегенмен ол да сараптаманың кейбір тұстары көмескі екенін мойындайды және оның анық-қанығын жұма күні осы сарапшыларды іске қатыстырған тергеушіден сұрақ-жауап алу барысында анықтаймыз деп отыр.

Жұма күні сот сарапшыларға Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтың мәйіттеріне қатысты сұрақтар қоймақшы.
XS
SM
MD
LG