Accessibility links

ВИЧ дертін жұқтырған балалар ісі бойынша облыстық департамент бастығы қатаң сөгіс алды

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Сәрсенбіде Оңтүстік Қазақстан облысындағы ауруханаларда балалардың ВИЧ инфекциясын жұқтыруға байланысты жүргізілген теексерудің қорытындысы бойынша ОҚО денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрсұлу Тасмағамбетова облыс әкімі Болат Жылқышиевтан қатаң сөгіс алып, оның орынбасары Нағима Жолдасова қызметінен босатылды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің шешімімен, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментіне 2 айдың ішінде барлық медицина мекемелерін, ондағы санитарлық және залалсыздандыру шараларын тексеру тапсырылды. Сонымен қатар, Шымкенттегі 5 жасқа дейінгі 20 мың бала қаны қатерлі дерт нышандарын анықтау үшін тексерістен өтуі қажет. Алайда, мұндай тексерістен балаларын өткізуге дәрігерлер ата-аналарды мәжбүрлей алмайды. Егу шараларымен немесе операция жасаумен айналысатын медицина қызметкерлері де осындай тексеруден өтеді. Бұл туралы шілденің 28-і күні облыс әкімі Болат Жылқышиев өткізген жиналыста белгілі болды деп хабарлады, «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД-тің алдын алу және онымен күрес орталығының эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Сәрсенбекқызы:

- Барлығы тексеріліп жатыр, ешқандай қорытынды айта алмаймын. Бізде біріккен жұмыс жүргізіліп жатыр.

Шілденің 14-інде ВИЧ инфекциясын балаларға жұқтыру фактісі бойынша, Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы қылмыстық іс қозғаған болатын. Тергеу басқармасының аға тергеушісі Нұрлан Жангелов әзірге ресми түрде ешкімге айып тағылмағанын айтады:

- Қазір бұл іс бойынша, ауру жұқтырған балалардың ата-аналары сұралды, донорларды тергеп жатырмыз. Енді бұл іс дәрігерлерге қозғалды ғой. Әзірге олардың қаншалық осы қылмысқа қатысы бар екенін айта алмаймын, қазір тергеу амалдары жалғасуда.

Бұған дейін хабарланғандай, Оңтүстік Қазақстан облысында 3 жасқа дейінгі 15 баланың ВИЧ инфекциясын жұқтырғандығы анықталған болатын. Көктемде тексеріле бастаған бұл сәбилердің 6-ы қатерлі дертті жұқтырғаны ресми дәлелденіп отыр. Бұл жайт жұртшылыққа мәлім болғалы бері тағы 3 бала шетінеген, алайда, Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаменті ол балалар қатерлі дерт салдарынан қайтыс болмағанын айтып отыр. Ал қалған бөбектердің денсаулық жағдайы әлі зерттеліп жатыр.
XS
SM
MD
LG