Accessibility links

Баспасөзге шолу. 07.29.2006 жыл


Сенбілік баспасөз Байқоңырда ұшырылған «Днепр» зымыран тасығышы жерге сол қалпында құлап түскендігі туралы жазды. Сонымен бірге басылымдар Семей өңірінде ядролық сынақтардан пайда болған көлшік қоршаған ортаға қауіпті екендігіне назар аударса, тағы бір газеттер Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ инфекциясына 50 мың адам тексерілетіндігін хабарлады.

«Днепр» зымыран тасығышының апатына байланысты құрылған Үкіметтік комиссия облыстық әкімдігінде бірінші отырысын өткізгендігі «Егемен Қазақстан» газетінде баяндалған. Жиында мамандар мен жауапты тұлғалар оқиғаның сыртқы ортаға келтірген әсерлерін зерттеудің алғашқы нәтижелерін ортаға салды. Космостық аппарат ұшу нүктесінен 189 шақырым қашықтықтағы Қармақшы ауданының Көмекбаев ауылының алқабында жатқан сияқты. Отырыста айтылған тағы бір дерек, «Днепр» ауада жарылмаған, жерге сол қалпында құлап түскен. Бұл ауаға гептиль секілді химикаттың тарап кетпеуіне себеп болған. Жергілікті атқарушы органдар зымыран құлаған ауданды қатаң бақылауға алды. Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамында 35 маман, 6 техника бар жедел тобы нұсқауға сай жұмыс істеуге кірісті» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті.

Қызылорда жеріне құлаған ракета тасығышта әлі жағып үлгірмеген қатты отын – 40 тонна гептил, 80 тоннадан астам амил болғандығы «Айқын» газетінде айтылды. Гептил 1 кластағы адам өміріне өте қауіпті, химиялық улы зат. Оның токсиндік, мутагендік және ісік ауруларын шақыратын зияндары бар. Жер қыртысына сіңіп кеткен жағдайда 30 жылдан астам сақталады және өсімдіктердің өсу процесін тежейді. Химиктердің арасында «кейбір кездерде гептилдің келтіретін зияны атом жарылысынан да қауіпті» деген сөз бар, деді ҚазҰУ физика-химиялық зерттеу және сараптау орталығының зертхана меңгерушісі Светлана Батырбекова. «Егер гептил адамның организміне енсе, 30 секундтың ішінде өкпе, бауыр, тіпті миға дейін әсер етіп, істен шығарады. Светлана Батырбекованың айтуынша, гептил жан-жағына тарамайды, жер қыртыстарына тек төмен ғана жылжиды. Егер оның көлемі үлкен болса, жер асты суына қосылып, бағытын горизонт бойынша өзгертуі мүмкін. Бұл – өте қауіпті, жер асты суларына араласқан гептил өте ұзақ қашықтыққа тарап, республиканың мүлде күтпеген аймақтарынан шығуы мүмкін» делінген «Айқын» газетінде басылған мақалада.

Бұл уақытта Семей өңірінде ядролық сынақтардан соң пайда болған атом көлшігінің қоршаған ортаға қауіпті екендігі «Литер» газетінде жазылды. «Бұл көлшік Семей өңірі картасында бір тәуліктің ішінде пайда болған. 140 килотонна қуаты бар термоядролық қару сыналған кезде пайда болған диаметрі бір шақырымдық терең шұңқырға су жиналған. Жақында 1965 жылы туылған бұл көлге ғалымдар барып қайтқан. Олар көлдегі радиацияның мөлшері қалыпты жағдайдан он есе көп екендігін анықтаған. Жергілікті топырақтың құрамында радиактивті элементтер табылған. Ал көлден жеті шақырым жерде мал жайылымы орналасқан. Бұл жергілікті тұрғындар үшін қауіпті» деп жазды «Литер» газеті.

Сонымен бірге Қазақстандық баспасөз Оңтүстік Қазақстан облысында бөбектердің жаппай ВИЧ-инфекциясына шалдығу оқиғасын жіті қадағалап отыр. «ЭкспрессК» газеті осы тақырыптағы мақаласында аймақта 50 мың адам СПИД-ке тексерілетіндігі туралы хабарлады. «Ал оның 20 мыңдайы бес жасқа дейінгі балалар. Сонымен бірге ВИЧ инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркелгенде ауруханада болған науқастардың барлығы да тексеруден өткізілмек. Дәрігерлердің айтуынша, бес жасқа дейінгі балалар әртүрлі инфекцияларды тез жұқтырғыш әлсіз топқа жатады. Соған байланысты облыстық департамент ата-аналарды балаларын тексеруге әкелуге шақырған» деп жазды «Экспресс К» газеті.

«Комсомольская правда» газеті болса Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясына тексерілуі керектердің қатарында 25 мың жүкті әйел бар екендігін келтірген. Сонымен бірге облыстағы екі жарым мың медицина қызметкерлері де тексерілуі керек. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің директоры Нұрсұлу Тасмағамбетованың айтуынша, тексеруге қажетті қаржы жергілікті бюджтеттен бөлінбек. ВИЧ инфекциясы бар екені анықталған алты баланың төртеуі қазіргі таңда арнайы ем қабылдап жатыр. Ал қалған екеуіне «туберкулез» диагнозы қойылғандықтан, оларды облыстық туберкулез ауруханасына жатқызған. Қайта тексеруден өткен тағы алты балаға медицианылқ қорытынды әлі шықпапты» делінген «Комсомольская правда: Казахстан» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG