Accessibility links

Трансшекаралық Шу және Талас өзендерін пайдалану жөніндегі Қазақстан мен Қырғызстан мамандарынан құрылған комиссия алғашқы отырысын өткізді


Дүйсенбіде Алматыда Шу және Талас өзендерінің су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында, Қазақстан және Қырғыз республикасының мамандары кіретін арнайы комиссияның қатысуымен аймақтық конференция болып өтті. Комиссияның алғашқы отырысы шілденің 26-сында Бішкекте өткен еді. Қазақстан жағы екі ел пайдалана алатын су қоймалары мен тоғандарды қаржыландырып отыруға келісті. Жыл сайын Қырғызстанға төленетін қаражат көлемі – 61 млн теңге болып белгіленді.

Шу және Талас өзендерін бірігіп пайдалану туралы Қазақстан және Қырғызстан үкіметтерінің келісіміне 2000 жылы қол қойылған. Нақты іске енді ғана кіріскен 2 елдің тиісті мекемелерінің мамандары жақында ғана өзен жағдайымен танысу мақсатындағы экспедициядан оралыпты. Сапар барысында анықталғаны – қырғыз жерінен келіп ағатын өзендер суының 70 пайызына дейін қазақстандықтар пайдаланады екен. Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімов өз елімізде гидрообъектілер салу тиімсіз дейді. Әмірхан мырза Қазақстанға өзендер Қырғызстан жерінен келетіндіктен, төменгі жақта отырған біздерге гидроқұрылыстарды жалға алу арзанға түсетінін айтады:

- Бізде барлық есеп жасалған. Қай жақ қанша сұрап, қанша беру керек. Жыл сайын осы қаржы көлемін комиссия нақтылап отырады.

Жамбыл облысының Қырғызстанмен шектескен тұсында экологиялық мәселесі ушығып тұрғанына бірнеше айдың жүзі болды. Қырғызстанның Талас шахарында 10 жылдан бері қалалық тазалау құбырлары істемейді. Сондықтан, барлық ағын су Талас өзені арқылы Қазақстан жеріне келеді. Таластан аққан лас судан жапа шегіп отырғаны туралы қазақстандық экологтар айтып баққан еді. Алайда, Қырғызстанның ауыл және су шаруашылығы мен өнеркәсіп министрлігінің өкілі Қыдықбек Бейшикеев өзен суын ластап отырған – Қазақстан жағы дейді:

- Жамбыл облысының тұрғындары өзен суын көбірек ластайды. Таластағы тазарту құбырларының істемейтіндігінен емес, жер асты сулардың шығуынан ғана ластанады. 2 жыл бұрын арнайы тексерген болатынбыз, ол – біржақты мәселе емес, тазалық мәселесін 2 мемлекет қатар шешу керек. Өзендердің экологиялық жағдайын да комиссия қарайды, біз жақын арада бұл мәселе төңірегінде жеке отырыс жасауымыз мүмкін.

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Шу өзенінің бойындағы қорғаныс бөгеттері 1988-1989 жылдары тұрғызылған. Оларға көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, тозығы жетіп, жағаны жиі су жуып кетеді, жер асты суы көтеріліп, егіндіктер мен шабындықтарды су басады. Соның нәтижесінде, маңдағы ауылдарда жер сорланып, жеміс-жидек пен тұқымдық ағаштар өлуде. Ал Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімов жөндеу жұмыстары тек келесі жылы ғана басталатынын айтты.

Жалпы, Қырғызстаннан ағып келетін өзен суымен 200 мың га қазақ жері сусындап отыр. Қазақстандағы өзендердің басым бөлігі трансшекаралық. Ресей, Қытай, Өзбекстан жерлері арқылы ағып келетін суларды пайдалану жөніндегі келісімдер тиісті мемлекеттермен жасалып қойған дейді Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Әмірхан Кеншімов:

- Біз Ресеймен барлық өзендер бойынша келісімдерге өткен жылы қойып алғанбыз. Қытаймен Іле, Қара Ертіс өзендері бойынша келісім жасайық деп едік, олар бізге ұсыныс жасаңдар деді. Енді сол бойынша жұмыс істеліп жатыр.

Қазақстан жағы жыл сайын Қырғызстанға суын пайдаланғаны үшін 61 млн теңге төлеуі тиіс. Оның сыртында, су пайдаланушы қарапайым халық арасындағы қарым-қатынастарды реттеу қажеттігі туралы мәселені Қырғызстанмен шекаралас облыстардың жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары ара-тұра көтеріп тұрады. Тұрғындар судың бағасының нақтылануын талап етуде. Сонымен қатар, көктем-күз мезгілдерінде 2 жақта да су тасқындары болып тұрады. Нәтижесінде, егіндік-шабындықтарға зиян дейді шекаралас аймақтардың тұрғындары.
XS
SM
MD
LG