Accessibility links

Ирандық жас диссидент Тегеран түрмесінде қаза тапты

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Тегераннан хабарланғанындай, Иран жастарының белсенді жетекшісі, 36 жастағы диссидент Акбар Мохаммади шілденің 30-ы күні түрмеде қайтыс болды.

Ирандағы Адам құқықтары бойынша Студенттер комитеті Акбар Мохаммадидің қазасы жөнінде дүйсенбі күні хабарлады. Тегерандағы түрме әкімшілігі де оның қазасын растап отыр.

Хабарға қарағанда, Мохаммади шілденің 23-інен бастап аштық жариялапты. Ал онымен камерада бірге жатқан жігіттің айтуынша, бостандыққа шығарылуын талап етіп ол мамыр айынан бастап наразылық шараларына кіріскен екен.

Мохамадидің адвокаты Ахмадидің айтуынша, ол өзіне сенімді болған.

- Аштық жариялаудан бірнеше күн бұрын ол тамақ ішуді тоқтатып, соңына дейін жеткіземін деп ескертті - дейді, Мохаммадидің адвокаты.

Иран әділет министрінің айтуынша, ол дәрігерлік бақылау астында болған, бірақ шілденің 30-ы күні оның денсаулығы бірден нашарлай түскен. Мурад есімді жігіттің айтуынша, түрме әкімшілігі оны күшпен тамақтандырмақ болған, бірақ оған Мохаммади көнбей қойған.

– Бес күндік аштықтан кейін оны емханаға алып кетті. Бәлкім, сыворотка екпек болған шығар. Бұл арада түрмеге депутаттар тобы келуі керек еді. Олар көрмесін, тіптті дауысын есітпесін деп Мохаммадидің аузын, қол-аяғын таспамен байлап тастады, - дейді Мурад.

Марқұм Акбар Мохаммади әлеуметтік пәндер бойынша студент еді. Ирандағы 1999-жылғы жастардың бейбіт шерулері кезінде ол тұтқындалған болатын. Студент жастардың ол кездегі талабы - сөз, баспасөз еркіндігі ғана болатын. Бірақ Иран қауіпсіздік күштері ол кезде жастарды аяусыз басып, бір жігіт құрбан болып, жүздеген студент жас тұтқындалып, артынша сотталып бас бостандығынан айрылды.

1999-жылдың қыркүйегінде Техран соты Мохаммадиді тіпті өлімге кескен болатын. Бірақ рухани көсем Аятолла Али Хаменейдің араласуымен үкім жазасы 15 жылдық түрме мерзіміне ауыстырылды. Адам құқықтарының мәліметіне қарағанда, түрмедегі қинау,азаптаулар кесірінен оның денсаулығы күрт нашарлаған.

Ал аштық жариялаған кезінде Мохаммадиге адвокатын жібермеген. Адвокаттың айтуынша, Мохаммадидің туған ағасы Манучер де 15 жылға бас бостандығынан айрылып, Тегерандағы басқа бір түрмеде отыр екен. Жеті жылдан бері абақтының ащы дәмін татып отырған Манучердің де денсаулығы нашар, деген тілшімізге олардың адвокаты Бахрамиян.

Сөз, пікір айту еркіндігін талап етіп шеруге шыққан Иран студенті аштық жариялап Техрон түрмесінде көз жұмды. Мохаммади биыл 36 жаста еді.
XS
SM
MD
LG