Accessibility links

Сарапшылар қылмыс мәйттер табылған жерде жасалған деп санайды

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Талдықорғандағы Алматы облыстық сотында оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтың өліміне қатысы сот ісінде сейсенбі күні куәлардан жауап алу жалғасты. Онда сот-медициналық сараптама орталығының Алматы бөлімшесінің криминалистика зертханасының меңгерушісі Анатолий Васильев жауап беріп, мәйіттер табылған жерде өлтірілген деген қортынды айтты. Бірақ оның бұл қортындысымен жақтаушылар келіспей отыр. Сондай-ақ мамандардың пікірінше, сейсенбі күні сотқа жауап берген басқа да куәлар, атап айтсақ - оқиға орын алған жерді сол күні тексеруге қатысқан Алматы облысының аға тергеушісі Айдын Алдабергенов те, Алматы ішкі істер департаментінің жедел криминал басқармасының бас маманы Ғалымжан Әбділдин де сот ісіне айтарлықтай жаңалық әкелмеген көрінеді. Ал айыпталушылардың жақтаушылары сарапшының жауап бере алмаған тұстарына қатысты өз болжамдарын айтуда.

Талдықорғандағы сотта тамыздың 1-күні сарапшылардан куә ретінде сұрақ-жауап алу жалғасты. Бұл күні сарапшы мамандар - сот медициналық сараптама орталығының Алматы бөлімшесінің криминалистика зертханасының меңгерушісі Анатолий Васильев, Алматы облысының аға тергеушісі Айдын Алдабергенов және Алматы ішкі істер департаментінің жедел криминалистика басқармасының бас маманы Ғалымжан Әбділдин өздеріне қойылған сауалдарға жауап берді.

Сарапшы Анатолий Васильев мәйіттердегі аққан қан ізіне қарап оларды осы оқиға болған жерде атқан деген тұжырымнан таймайтындығын айтқанымен, сотқа қатысушы жақ өкілдері оған күмәнмен қарайтындығын білдіреді. Мысалы, Алтынбектің ағасы Рысбек бұл сарапшының кезінде Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты сараптамалық қортынды жасағанын алға тартып, оның сараптамалық қортындысына өзінің сенбейтіндігін айтады.

- Менің жеке өз басым бұл Васильев деген сарапшыға сенімім аз. Өзін-өзі үш рет атты деген сарапшыға кім сенеді? Сондықтан, оның осы іске қатысты жасаған талдауларына да біз сенімсіздікпен қараймыз. Оған бір мысал: Алтынбек Сәрсенбайұлының сол қолының саусақтарының арасы, алақаны қан болды. Ол қан қайдан шықты дегенге ол өзінше былай деп жауап берді: "Ол жатқан жерінен аударған кезде сол қолы құлағына тиді. Сол кезде құлағының тұсындағы қан жұқты" дейді. Онда саусақтарының арасындағы қан қайдан келді? – дейді Рысбек мырза.

Тергеу ісінде, мүрдесі табылған жерде етбеттеп жатқан марқұм Алтынбектің қолы бос және бас жағына жақын болғаны айтылған. Сарапшылар мәйіттердің бәрін де осы оқиға орын алған жерде шешіндіріп зерттеулер жүргізген. Жақтаушылардың "өлгеніне отыз-қырық сағат өтіп, аязда жатқан мәйіттерден қандай қан ағуы мүмкін?" дегенге Васильев мырза мардымды түсінік бере алмай, "оны мен білмеймін" деп жауап берді.

Бұл жайттарға байланысты сейсенбі күні сарапшылардың берген жауабы жақтаушылар арасында "оларды басқа жерде өлтіріп, осында әкелген болуы мүмкін" деген күдікті сейілте алмағанға ұқсайды. Мысалы, Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов:

- Біздің оларды кеуделерінен басқа жерде атып, одан соң осы жерге әкеліп бастарынан атуы мүмкін деп ойлауға құқығымыз бар. Сондықтан, олардың аяқ киімдерінде айтарлықтай батпақтың жоқтығы, іш киімдеріндегі қан дақтарының әр жерде екендігін осылай түсіндіруге болар еді, бірақ, сараптамалық жолмен мұны қазір дәлелдеу мүмкін емес, - дейді.

Қорғаушылардың білгісі келіп отырған тағы бір сұрақ - "алдыңғыларының өліп жатқанын көріп, басқалары қалайша қарсылық танытпаған? Тіпті қашуға да әрекет етпеген?" деген сауал. Бұған айыпталушы жақтың жақтаушыларынң бірі Нұрлан Устемиров былайша пайым жасайды:

- Демек, өлтірген адам жалғыз болмаған! Төрт-бес адам оларды қадағалаған.

Алайда, бұған дейін "құрбандарға алдын ала рухын жаншып, ерік күшін өшіретін қандай да бір арнайы химиялық заттарды қолдануы мүмкін" деген болжам да болған еді, оны қаннан анықтайтын химиялық зерттеулер сарапшылар алдына қойылмағаны анықталды. Сот алдында жауап берген тағы бір сарапшы - бас криминалист, оқиға орнында бейнетаспаға түсірген және сондағы сақталған іздердің таңбасын алған маман Ғалымжан Әбділдин болды.

- Олардың айтуына қарағанда қазір сегіз із бар. Бірақ олардың иелері кім? Ол әлі ашылған жоқ, - дейді Рысбек Сәрсенбайұлы.

Бұл іздер қанша адамның іздері екенін және оқиға орнында қанша адам болғанын сарапшы маман айта алмады. Ал хаттамада бұл толық жазылмаған дейді жәбір көруші жақтың жақтаушыларының бірі Әнуар Қалиев.

Жәбір көруші жақтан қатысып отырған адвокат Серікқали Мусин:

- Алдабергенов сотта ешқандай жаңалық айтқан жоқ, көптеген сұрақтарға жауап бермесе де, сол оқиға орнында не істегендері туралы ғана айтып берді. Ал біз сот арқылы Алексей Кикшаевтың кім екені туралы Президент әкімшілігінен анықтама сұратпақпыз. Біздің жеке сұрастырғанымызға президент әкімшілігіндегілер "оның жеке рұқсатынсыз ондай ақпаратты бере алмаймыз" деп жауап берген еді, енді сот арқылы сұратпақпыз, - дейді.

Қазақстан Республикасы президенті аппаратының кеңесшісі болып қызмет істеген әлгі Алексей Кикшаев деген адам кезінде Ибрагимов пен Өтембаевты таныстырған тұлға деп айтылып отыр.

Сейсенбі күнгі сотты қортындылаған Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы былай дейді:

- Тергеушілердің әрекеттерінде шалағайлық көп. Әдейі жасаған шалағайлық па, жоқ әлде кәсіптік біліктіліктерінің жетімсіздігі ме? Мұндай бүтіндей бір елдің президенті өзінің қарауына алып, ішкі істер министрінің орынбасары, басқалары тікелей басшылыққа алып, сөйтіп жатқандағы істі осылай жүргізсе, онда қарапайым адамдардың ісін қалай жүргізеді?! Осының өзі қатты бір алаңдататын жағдай. Күніне қаншама қылмыс жасалып жатады, ал соның басым көпшілігі табылмайды. Неліктен?! Өйткені біздің тергеушілеріміз, сарапшыларымыздың біліктілігі өте төмен, кімді болса соны жұмысқа алады. Пара беру арқылы, басқа арқылы деген сияқты. Бұл қоғам үшін қауіпті нәрсе.

Сот сәрсенбі күні жалғасады.
XS
SM
MD
LG