Accessibility links

Семей полигонынан зардап шеккендерге бір реттік өтемақы беріле бастайды


Семей ядролық полигонынан зардап шеккен 1 миллионнан астам адамның бүгінде шамамен 400 мыңы ғана қалды. Бірақ, олар әлі күнге дейін үкіметтен бөлінетін жәрдемақыға толықтай қол жеткізе алмай отырғанын хабарлады, "Азаттық" радиосына «Семей полигонындағы сынаққа тікелей қатысқандардың әлеуметтік қорғау» қоғамдық комитетінің төрағасы Ерғазы Мұхаметжантегі. Ал Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен «Азаттық» радиосына берген деректе, биылғы жылдың тамыз айынан бастап полигоннан зардап шеккендерге бір реттік жәрдемақының беріле бастайтындығын, бұл ретте биылғы жылы бюджеттен 973 миллион теңге бөлінгендігі айтылған.

Биыл Семей полигонында алғашқы сынақ жасалғанына 55 жыл, ал полигонның жабылғанына тамыздың 29-ында 15 жыл толады. Алайда, әлі күнге дейін сынақтан зардап шеккендерге жәрдемақы толық берілмей отыр деп хабарлады «Азаттық» радиосына «Семей полигонында тікелей сынаққа қатысқандардың әлеуметтік қорғау» қоғамдық комитетінің төрағасы Ерғазы Мұхаметжантегі:

- Елге берілетін 4 түрлі көмектің тек біреуі ғана іске асып жатыр. Ол - аса қауіпті 3 ауылдық округте, сонан кейін 1998-ші жылдың қаңтар айының 1-іне дейін зейнеткерлікке шыққандарға ғана ептеп төлеп жатыр. Бір аудандарға 2 мың теңге, басқаларына – 1800 теңге.

Биылғы жылдың ақпан айының 20-сында Семей өңірінің бірқатар аудандары тұрғындарына қосымша жәрдемақы беру туралы үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Бірақ бұл көмек бізге берілмей отыр дейді Ерғазы Мұхаметжантегі:

- Соны айтып біз қалалық әкімшілікке айтып, заңды түрде арыз жазғанбыз. Шілденің 29-ында жиналыс өткізіп, халыққа бұл ақшалардың қашан берілетіндігін айтсын дегенбіз. Бірақ әкімшілік те, әлеуметтік қорғау бөлімі де ештеңе айтпай, бәрін жасырып отыр.

Семей қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің экология бөлімшесінің бастығы Валентина Титоренко «Азаттық» тілшісіне, биылғы жылы ақпан айының 20-сында үкіметтің №110-шы қаулының шыққандығын және бұл орайда құжат жинастыру жұмысының жүргізіліп жатқандығын хабарлады.

- Осы қаулы бойынша және биылғы жылғы бюджетті жүзеге асыру мақсатында 1949-шы және 1990-шы жылдар аралығында мейлінше қауіпті және айрықша қатерлі аймақта өмір сүргендерге 973 миллион теңге бөлінді. Олар биыл өздеріне берілген өтемақыны ала алады. Ол үшін жұмыс істейтіндер жұмыс орындарынан, жұмыссыздар әлеуметтік қорғау органдарына құжаттарын тапсыруы тиіс. Өтемақыны беру тамыз айында жүргізіле бастайды, - деді Валентина Титоренко ханым.

Оның сөзіне қарағанда, бір реттік мұндай экологиялық зардаптары үшін өтемақы алуға құқылы әзірге тіркелген 8 мың адам бар.

Бұл уақытта Семей өңіріне тақау жатқан Ресейдің 8 ауданының тұрғындары 21 түрлі көмек алады, оларға Ресей мемлекеті тарапынан үлкен қамқорлықтар жасалған дейді семейлік заңгер Серікхан Жақыпов:

- Ресейдің Мемлекеттік Думасы заң арқылы Алтай өңірінің тұрғындарына көп жеңілдіктер беріп отыр. Ал біздің адамдарымыздың зардаптары олардан екі есе артық болмаса, кем емес...

Кейбір деректерге қарағанда, Семей полигоны зардабын тартқан 1 млн 200 мың адамнан бүгінде 400 мыңы тірі қалған. Оларға үкімет тек өтемақы берумен ғана шектелмей, қосымша олардың денсаулығын тексеріп, емделуіне мүмкіндер жасауы керек деп есептейді Серікхан Жақыпов:

- Жарылыс болған 15 жыл аралағында сол аймақта тұрғандардың, туылғандардың барлығының денсаулықтары тексерілуі керек. Олардың аурулары сол жарылыстармен байланысты ма? Бұл мұқият зерттелуі тиіс! Себебі, олардың жазықтары қанша? Оны жасаған үкімет қой. Онда неге олар ақша бөлмейді?

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр қазан айының 30-ында үкіметке Семей ядролық полигонынан зардап шеккендерге берілетін жәрдемақы үшін 2007-ші жылы бюджеттен 14 миллиард тенге, яғни, $100 миллион долларға жуық ақша бөлу керектігін айтқан болатын.
XS
SM
MD
LG