Accessibility links

Айыпталушы Р.Ибрагимов оппозиция қайраткері А.Сәрсенбайұлымен кездеспек болған адамдардың аты-жөнін атап, олар елде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп мәлімдеді

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Қазақстандық оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оққағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Васили Журавлевтың өліміне қатысы Талдықорғанда өтіп жатқан сот ісінде сәрсенбі күні негізгі қылмыскерлердің бірі деп айыпталып отырған Рустам Ибрагимов сотқа мәлімдеме жасап, ақпанның он бірі күні Алтынбек Сәрсенбайұлы кездеспек болған адамдардың аты-жөнін айтты. Ибрагимовтың айтуынша ол тұлғалар: Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Нұртай Әбіқаев және сол кезде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Нартай Дұтбаев пен Қазақстан президент әкімшілігінде діндер жөніндегі кеңесші болып істеген Алексей Кекшаев деген Ресей азаматы көрінеді. Ибрагимов бұл есімдерді өзіне он бесінші ақпан күні болған кездесуде Ержан Өтембаев айтты деп отыр. Ал Ержан Өтембаев болса "ол есімдерді мен атаған жоқпын" деп, бұл мәлімдемеге қатысты ешқандай түсініктеме бере алмайтынын айтты. Ал марқұм А.Сәрсенбайұлының серіктері Болат Әбілов пен Төлеген Жүкеев "бұл мәлімдемелерге түгелдей сене беруге болмайды" деп отыр.

Талдықорғандағы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты өтіп жатқан сотта сәрсенбі күні түстен кейін келесі сарапшылардан куә ретінде сұрақ-жауап алу жалғасты. Сотқа K’Cell ұялы телефон компаниясының өкілі келіп жауап берді. Бірақ, бір сағаттан артық қыспаққа алған компания өкілі соттың сұрақтарына арнайы мамандар жауап беруі керектігінен сұрақтарды жазбаша беруін өтініп, оған арнайы зерттеулерден соң жазбаша жауап беретін болып келісті. Соттағылардың сұрағаны: «егер ұялы телефон Алматыдағы толып жатқан бекеттердің бірі арқылы байланысқа шықса, телефон иесі сол бекет маңында екенін көрсете ме, жоқ басқа жерде де болуы мүмкін бе?» деген сауал болды.

Бұл сұрақтың маңыздылығы, оқиға болған түні, сағат 23-тер шамасында Виталий Мирошниковтың телефоны Көктөбе маңындағы телефон бекеті арқылы, демек оқиға орын алған маңайдан байланысқа шыққандығы анықталған. Ал Мирошников "бұл кезде Жібек Жолы мен Аблайхан көшелерінің қиылысы маңында дүкенде болдым және куәларым бар" дейді. Теория жүзінде ұялы телефон өзіне ең жақын бекет арқылы байланысқа шығуы керек, бірақ ол бекетте байланысшылар сол кезде көп болса, келесі бекет қызмет көрсете бермек, бірақ сол келесі бекет неге Көктөбе бекеті бола қалады? Ол арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе көрінеді. Одан басқа куәлар оқиға орнынан гильза мен тапаншаның затворын тапқан тергеуші, сарапшылар сотқа жауап беріп, олар да бәлендей жаңалық айтпаған тәрізді. Бұл оқиғалар сәрсенбі күнгі сотта түс қайта болған оқиғалар. Ал соңғы күндері сарапшылардың сүреңсіз жауаптарынан қажыған тілші қауым, екінші тамызда негізгі қылмыскер деп айыпталып отырған Рүстем Ибрагимовтың таңертеңгі мәлімдемесінен туған санқырлы ойды қазбалаумен болды. Бұған дейін, 29 маусымда, Рустам Ибрагимов Талдықорғандағы сотқа берген жауаптарында "мен ол адамдардың есімін білемін, бірақ өзімнің, жанұям, туған-туыстарымның қауіпсіздігі мақсатында оны әзірге атамауды жөн деп есептеймін" деген мәлімдемес жасап, сол күннің ертесінде соттан жанұясы мен өзіне арнайы күзет сұрап, өтініш жасаған. Және "сот аяғына таман ол есімдерді атармын" деп беймәлім нәрсені саудаға салғандай болып еді.

Енді міне тамыздың екісі күні Талдықорғандағы сотта Рүстем Ибрагимов өзі уәде еткен есімдерді жария етті:

- Сот менен жауап алу барысында 15 ақпанда Астанадағы кездесуімде Ержан Өтембаев маған Алтынбек Сәрсенбайұлы 11 ақпанда кездесуі керек адамдардың аты-жөнін атағанын және бізге алаңдайтын ешнәрсе жоқ деп айтқанын мәлімдегенмін. Алдын-ала тергеу барысында бетпе-бет кездесуден соң Өтембаев менен сол адамдардың фамилиясын атамауды өтініп, «бәрі тізгінде, олар бізге көмектеседі, екі-үш айдан соң бәрі өзгереді» деп айтқан еді. Алдыңғы күні Ержан Өтембаевтың Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған хатты жариялаған соң, олар 23 ақпанда-ақ, бәлкім бас прокурормен ымыраласа отырып, өздерінің саяси құйтырқы әрекеттерінде мені күнәһар етіп, үш адамның өлімін маған жаба салғысы келгенін түсіндім. Мен үнсіз қалсам өміріме төнетін нақты қауіпті сезінгендіктен Ержан Өтембаевтың "көкелерінің" аты-жөнін жасырудың мағынасы жоқ екенін түсіндім. Сондықтан мен ол адамдарды атаймын: ол: сенат төрағасы Нұртай Әбіқаев және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаев. Алексей Кекшаев Орталық Барлау Қызметіне (ЦРУ) және Ватиканға қатысы бар екені маған Е.Өтембаевтың сөздерінен белгілі, олардың Әбіқаевпен бірге екі жылдан соң Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевты перзиденттіктен аластатып, оның орнына Н.Әбіқаевты қою ниеттері бар. Өтембаевтың президентке жазған хатынан оның Н.Әбіқаев пен Алексей Кекшаевты қорғаштап, алдын-ала тергеу барысындағы ешбір сұрақ-жауап алу кезінде оған бұл тұлғалардың ролі туралы сұрақтар қойылмаса да, олардың Сәрсенбайұлы, Журавлев және Байбосындардың өлімдеріне қатысы жоқ етіп көрсеткісі келіп тұрғаны байқалады. Бар шындықты айтып беруді Ержан Өтембаевтын ар-ұжданына қалдырамын.

Рустам Ибрагимовтың бұл мәлімдемені жасауына айыпталушы Ержан Өтембаевтың президентке жазған хаты себеп болды деді Ибрагимовтың жақтаушысы Нұрлан Устемиров.

- 23 ақпанда жазған хатында Өтембаев "алдымен мен оған Сәрсенбайұлын төмпештеп алуды тапсырмақ едім, онан соң Ибрагимов мәселені қарумен шешуді ұсыныпты-мыс деп ашық айтады. Әрине, Ибрагимов өзіне 96-шы бапты ("Адам өлтіру") таққанын қаламайды, сондықтан осындай мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Мен оны дұрыс деп есептеймін, - дейді Устемиров мырза.

"Осындай мәлімдемеден соң сот бағыты қалай өрбуі мүмкін деп ойлайсыз?" деген сұраққа адвокат Устемиров мырза:

- Егер біздің соттар жеке өздері мәселені шеше алмайтындығын ескерсек, жоғарыдағы біреудің шешуі бойынша өрбиді де... – деп жауап қайтарды.

Дегенмен Ибрагимовтың бұл мәлімдемесіне оппозиция қайраткері Болат Әбілов толық сенбейтіндігі туралы ақпарат тамыздың 2-күні интернет сайттарының бірінде жарық көрді. Сол күні «Нағыз Ақ жол» партиясының басшыларының бірі, бұрын Қазақстанның қауіпсіздік кеңесін екі рет басқарған, Талдықорғанда өтіп жатқан сотқа жәбір көрушілер өкілі ретінде қатысып жүрген Төлеген Жүкеевке «Азаттық» тілшісі «енді сот ісі қалай өрбуі мүмкін деп ойлайсыз?» деген сауал қойған еді.

- Қазір айту қиын, бірақ, бара-бара үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Бірақ оның айтқанына түгелдей сене қоюға болмайды. Ар жағында басқа да мағыналар бар. Ол жаңағы айтқан екі адам төңкеріс жасап, басшысын ауыстыруы мүмкін дегенге сену қиын. Ол оның өзінің ойынан шыққан нәрсе емес, ар жағында біреулер сондай ақыл беріп отыр ма, солай деп айту керек деп. Және Өтембаев ондай сөз айтып, ондай іске қатысуы мүмкін емес! Ондай адам емес Өтембаев, оған өзінің түсінігі де, мінезі де, басқа қасиеттері де келіңкіремейді және ондайға ол қатыспайды.

- Демек бұл мәлімдеменің астарында қандай да басқа бір саяси күштердің мүдделері жатыр деп айтуға бола ма?

- Болады. Бұл сот ісін басқаша жүргізіп, соттың шешімін басқа жаққа бұрып, бұдан бірдеме ұтқысы келген басқа бір саяси күштер... Енді ол Ибрагимовтың өз басын құтқару үшін айтып жатқаны деп те түсінуге болады, бірақ бұдан басқа да кейбір күштер ұтым алғысы келеді, - дейді оппозиция жетекшілерінің бірі Төлеген Жүкеев.

Ал Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы Ибрагимов әлі бар шындықты айқан жоқ деп санайды.

- Ол бұл қадамға саналы түрде барып отыр. Бұл жерде ол жеке өз басын ақтап, құтқарып қалуды көздеп отырған жоқ. Бұл шындықты айтпаса, өзіне ғана емес, өзінің айналасындағы адамдарға да, бауырлары, туыстары, басқаларына да жақсылық болмайтынына көзі жетті. Жаңа бір сөзінде айтты ғой: «менің Иллахунов деген бауырымды себептен себепсіз төрт-бес ай бойы түрмеде ұстап отыр, бұдан жеті жыл бұрынғы алаяқтық әрекеті үшін деген сияқты» деп. Сондықтан ол шындықты айтты, бірақ бұл әлі толық шындық емес. Бұл қылмысты жасатушылар өте ірі тұлғалар және бұлар бірімен-бірін қырқыстырып отырған адамдар. Ал Өтембаев та, Ибрагимов та солардың арасындағы қуыршақтар. Қуыршақтарды ойнатып отырғандар ар жағында, олар әлі табылған жоқ, - дейді Рысбек мырза.

Сондай-ақ Рысбек Сәрсенбайұлы, Ибрагимов органдарда көп жылдар қызмет істеген, тәжірибелі, оңды-солын жақсы танитын маман ретінде Алтынбекті оқиға болатын күні кімдердің әкеткенін және олардың өліміне өзі қатыссыз болса, кімдердің қатысы барлығын жақсы білуі мүмкін деп отыр.
XS
SM
MD
LG