Accessibility links

Бейбітшілік фестивалын өткізбек болған Оңтүстік Кореялық христиандар тобы Ауғанстаннан шығарып жіберілді


Ал олар алдағы сенбі, тамыздың 5-інде, жоспарланған фестивал аясында денсаулық мәселесіне арналған конференция және Қабулдағы Олимпиада стадионында Ауған және Корей ұлттық командаларының арасында футболдан сайыс өткізбек болған екен. Бірақ, Азия Мәдениеті және Дамуы Институты мен Сеулдегі христиандар ізгілік тобының демеушілігімен ұйымдастырылған бұл шаралар енді өтпейтін болды.

Ауғанстан футбол федерациясының кеңесшісі Әли Асқардың «Азаттық» радиосына айтуынша, ауған діни басшыларының Оңтүстік Кореялық топ жөніндегі шағымдары Ауған үкіметінің саяси қаралау шешімдеріне негіз болғандай.

- Бізге түскен ақпаратқа қарағанда, Сеулден келген бұл топ христиан дінін үгіттемек болған. Сондықтан футбол командасын алып келген ол бейүкіметтік ұйым мүшелері бүгін Ауғанстаннан шығарып жіберілді, - дейді Али Асқар.

Қабулға фестивальға келіп үлгірген Оңтүстік Кореялық христиандарға ресми орындар өз дінін үгіттемесін деп ескерткендігіне қарамастан олардың кейбірі мұсылмандарды өз дініне өткізу мақсатында миссионерлік әрекеттерін жасаған делініп отыр. Ал бұл Ислам елінде үлкен қылмыс болып есептеледі.

Бірақ Азия мәдениеті және Дамуы институтының Орталық Азия бойынша директоры Каң Суң Ханның тілшімізге айтуынша, Қабулға Сеулден келген ол топтың миссионерлік ниеті жөніндегі мәлімет шындыққа жанаспайды екен.

- Бұл - жалған ақпарат. Біздің ешқандай христиандық діни шараларымыз жоқ. Бағдарламамыз түгелдей денсаулық және спортқа арналған. Ал таратылған мәліметтің бәрі жалған, өсек-аяң ғана. Бұл, әрине, өкінішті жағдай, - дейді Каң Суң Хан.

Оның айтуынша, Азия институты Ауғанстандағы діни ахуалмен жақсы таныс. Себебі, институт 2002-жылдан бері Ауғанстанның Шеберген қаласында аурухана ашып, жергілікті халыққа көмек беріп келеді, дейді Хан.

Оның тілшімізге айтуынша, бұл фестивальдың мақсаты - қатардағы корейлер мен ауған азаматтарын бейбіт жағдайда өзара кездестіріп таныстыру ғана екен.

- Біз 5 жылдан бері Ауғанстандамыз. Ауған халқы, Ислам мәдениетін жақсы танып үлгірдік. Біз Ауғанстанның жарқын болашағы үшін кездесу өткізіп, көмек бермекші едік. АҚШ пен Кореядан 400-дей адам шақырып, Ауғанстандағы құрылыс шараларына көмектеспек ниетте болдық, - дейді Хан.

Ал Ауған ресмилерінің айтуынша, соңғы апталарда Ауғанстанға Сеулден туристік визамен 1500-дей адам келген. Бірақ Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлігі мен Сеулдің Қабулдағы елшілігі Ауғанстанға мұншама көп қауым болып келуін консервативті исламшылдар басыну, арандатушылық деп түсінеді, абай болыңыздар, деп алдын ала ескерткен екен.

Міне енді, тамыздың 2-і күні келген бір топ кореялықты Қабул әуежайынан-ақ кері қайтарып жіберіпті. Қауіпсіздік мәселесімен енді қалған кореялықтардың бәрін жедел шығарып жіберу шарасына кірісіп кетіпті. Ал, Ауғанстандағы реконструкция, қайта құруға көмектесер деген мақсатпен бірнеше жүз кореялыққа туристік виза берілгені рас екен. Сыртқы істер министрлігі өкілі Мұрадианның, ол топтар ешқандай миссионерлік шарасына қатыспайды, деген сөзіне қарамастан, сәрсенбі күні Мазари Шариф қаласындағы мұсылмандар ереуілге шығып, «Кореялықтар елден шығарылсын!» деп талап қойыпты.

– Ауғанстанға, оның ішінде Мазари Шарифке келген Корей студенттері саяхаттап жүріп, ел арасында жасырын түрде өз діндерін үгіттеген. Кезінде Ауғанстан президентінің діни істер бойынша кеңесшісінің алдына христиандар таратқан үгіт-насихат құжаттарын, олардың компакт-дисктерін қойып оларды әшкереледік. Ол Балх уалаятындағы істері еді, - дейді имам Саид Хашеми.

Дін - Ауғанстандағы өте нәзік нәрсе. Өткен ақпан айында бір ауған азаматының христиан дініне өткендігіне байланысты мыңдаған ауған шеруге шығып, оны өлтіру керек деп талап етті. Бұл мәселеге халықаралық ұйымдар араласып, көптеген талас, дау-дамайлардан кейін Абдур Рахман есімді ол адам абақтыдан шығарылып, Италияға жөнетілгеннен соң ғана өлімнен аман қалған болатын.

Сондай-ақ, Еуропадағы баспасөзде Мұхаммед Пайғамбарды карикатуралық суреттер арқылы келемеждеп бейнелейтін дүниелер жарық көрген кезде де Ауғанстанда он мыңдаған адам наразылық шерулеріне шыққан болатын.

Міне енді, қаншама ақталғанымен Оңтүстік Кореялықтар миссионерлік шарасымен күдік астында қалып, Ауғанстаннан шығып кетуге мәжбүр болып отыр.
XS
SM
MD
LG