Accessibility links

Әлем бойынша түрме жазасын жарты миллионнан астам әйел мен қыздар өтеп жатыр екен. Британия қоғамдық ұйымы бүгін тұңғыш жариялаған мәлімет осындай. "Түрме жағдайын зерттеу жөніндегі халықаралық орталық" деп аталатын ұйым бүгін Лондонда "Әлем түрмелеріндегі әйелдер тізімі" деген баяндамасын жариялады. Баяндамада 187 мемлекеттегі жағдай көрсетілген. Әйел тұтқындардың саны әсіресе АҚШ, Қытай, Ресей және Таиландта көп. Бұрынғы совет елдерінде де әйел тұтқындардың саны тым көп.

Баяндама авторларының бірі Антон Шелюпанов атап отырғандай, әлем бойынша әйел тұтқындардың үштен екісі төрт-ақ мемлекетте шоғырланған. Бұлар - АҚШ, Қытай, Ресей және Таиланд. Қытайда жалпы халық саны өте көп, түрме жазасын қолдану да тым көп. Қытайда 71280 әйел түрмеге қамалған, АҚШ түрмелерінде 183 мың әйел отыр, Ресейде – 55400, Таиландта - 28450. Басқа елдерде әйел тұтқындардың саны 15 мыңнан аспайды. Антон Шелюпанов бұрынғы совет елдерінде әйел тұтқындардың саны жалпы түрмеде отырғандардың санына шаққанда жоғары деңгейде дейді:

- Ресейдегі проценттік өлшем өте жоғары - алты жарым процент. Осы барлық елдермен салыстарғанда ең жоғары процент деңгейі Беларуста, мұндағы жеті жарым процент орташа көрсеткіштен асады. Басқа елдерде процент көрсеткіші төмендеу. Әзірбайжанда, мысалы үшін, 1,4 процент ғана, бұл орташа көрсеткіштен төмен.

Британиялық осы ұйым Қазақстан түрмелерінде 2870 әйел мен қыз отыр деп көрсетеді. Бұл биылғы жылдың қаңтар айының 12-інде берілген мәліметке сай. Зерттеу мәліметтері жан-жақты бұлақтардан, оның ішінде ресми мәліметтерден құралған. Жалпы Қазақстандағы түрме тұтқындарының көлеміне қарағанда әйел-қыздардың үлес салмағы 5,4 процент. Салыстыру үшін айтайық, Қырғызстанда 700 әйел тұтқын бар, Тәжікстанда 511. Олардың үлес салмағы Қазақстандағы көрсеткіштен төмен. Егжей-тегжейлі мәліметті мына интернет-сайттан алуға болады - www.prisonstudies.org.

Баяндама авторлары жалпы бұрынғы совет елдерінің түрме жүйелері Ресей жүйесіне ұқсас дейді. Ал енді Ресейде қылмыс жазалау жүйесінің реформасы жасалынды, көптеген әйел қылмыскерлерді түрме жазасынан босату мүмкіншілігі қарастырылған. Мәселен, әйел азаматтың жасы 14-ке толмаған жас баласы болса, қылмыс түрі тым ауыр болмаса түрме жазасынан босатылу мүмкіншілігі бар.

- Бірақ осы тұрғыдан қарағанның өзінде Ресей түрмелерінде әйелдердің саны тым көп, - дейді баяндама авторларының бірі Антон Шелюпанов.

"Түрме жағдайын зерттеу жөніндегі халықаралық орталығының" директоры Роб Аллен айтып отырғандай, бұл баяндама түрме жазасын көп қолданатын мемлекеттерде түрмедегі әйелдердің саны да көп болады. Бұл қоғамға кері әсерін тигізеді, себебі балалы аналар түрмеге түссе олардың балалары тиісті күтім алмай қалады:

- Мұндай әйелдер түрмеде отырғанда олардың балаларына балама күтім жасау қажет. Кейбір жағдайда бұл туған-туыстарының қолдарынан келіп жатады. Басқа жағдайда мұндай балаларға баспана тауып беру, тәлім-тәрбие беру міндеті үкіметке жүктеледі. Бірақ көптеген мемлекеттерде мұндай жағдайда балаларға күтім беру жақсы жағдайда емес.

Британияда орналасқан "Түрме жағдайын зерттеу жөніндегі халықаралық орталығы" ұйымы осы жарияланып отырған ақпарат әлем үкіметтеріне септігін тигізсе деп үміт айтады. Яки әйел тұтқындардың мәселесі бар мемлекеттердің үкіметтері қылмыс жасаған әйелдерді түрмеге отырғыза беруден көрі оларды дұрыс жолға қоюдың басқа жолдарын қарастырса жөн деген тілек айтады.
XS
SM
MD
LG