Accessibility links

Құрылғанына 4 жыл болған адам хұқын қорғау тобына Иранда тиым салынды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

2003-ші жылы Нобель сыйлығын иеленген Ширин Ебадидің басқаруындағы аталған топ Ирандағы адам хұқын және азшылық ұлт өкілдері хұқықтарын қорғап келе жатқан еді. Бұл топ қызмет етуге заңды түрде рұқсат ала-алмады, дейді İшкі істер министрлігі арнайы мәлімдемесінде.

Адам хұқын қорғаушылар деп аталатын орталықтың басшысы, Нобель сыйлығының иегері Ширин Ебади ханым мамандығы бойынша - заңгер. Оның айтуынша, İшкі істер министрлігінің осы мәлімдемесі Иран заңдарына қайшы келуде.

“Иран Конституциясының 26-шы бабы бойынша үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдар және партиялар заңды бұзбаса, қоғамдық тәртіпке зиянын келтірмейтін болса, ондай жағдайда өз қызметтерін жүргізе алады. Осыған байланысты Адам хұқын қорғаушылар орталығына ешқандай рұқсат керек емес. Себебі, ол орталық Ирандағы адам хұқын қорғау ісін жандандырып, сондай-ақ саяси және ар-ұят тұтқындарын еш ақысыз қорғап келеді”, - деді Ебади ханым.

Оның айтуынша, аталған орталық 2002-ші жылы құрылып, тіркеу жөнінде бұдан 4 жыл бұрын İшкі істер министрлігіне арыз берген екен. Орталықтың жоспарымен танысқаннан кейін ол министрлік Ебадидің басқаруындағы орталықтың ашылуына келіскен. Кейбір проблемаларды ғана атап көрсеткен. 15 күн ішінде тіркеуге уәде берген екен. Алайда күні бүгінге дейін ол орталық тіркеуден өте алмаған.

Бұл орталық өз баяндамалары мен мәлімдемелерінде Ирандағы адам хұқының сақталу жайын сынап келген. Мысалы, соңғы мәлімдемелерінің бірінде аталған ұйым қамаудағы студент Акбар Мұхаммадидің аштық акциясы кезінде, шілденің 30-ы күні қаза болу себептеріне күмән келтіріп, бұған байланысты тәуелсіз зерттеулердің жүргізілуіне шақырған болатын. Орталық сонымен бірге белсенділер мен диссиденттерді де қорғаған еді. Солардың бірі журналист Акбар Ганжи бес жыл абақтадан кейін биылғы жылдың наурыз айында бостандыққа шығарылды. Ебадидің басқаруындағы бұл орталық Иран-Канада журналисі, марқұм Захра Каземидің отбасы атынан да әрекет еткен болатын.

Адам хұқын қорғаушылар деп аталатын осы орталықтың құрылғанына 4 жыл өткенде ғана, “егер олар қызметтерін одан әрі жалғастыра беретін болса, онда олар айыпқа ілінетін болады”, деп İшкі істер министрлігі ескерту жасаған еді. Таяуда осы орталықты құрысқан Абдолфатах Солтани “Билікке қарсы насихат жүргізді” деген айыппен 5 жылға қамалған болатын. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығаруда. Адам хұқын қорғаудағы белсенділіктері үшін орталықтың басқа да мүшелері қысым астында қалып отыр. Өлтіреміз деп, өзін қорқытқандардың болғандығын Ебади де айтуда.

Бұл орталық Парижде орналасқан Адам хұқын қорғау бойынша халықаралық федерацияның мүшесі.
XS
SM
MD
LG