Accessibility links

АҚШ ғарыш агенттігінің роботтары Марс бетін зерттеп жүр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Марсқа қос роботын жөнелткен кезде АҚШ-тың НАСА ғарыш агенттігі бұл істі бірнеше айға ғана деп жоспарлаған еді. Алайда қазіргі кезде ол роботтардың әлгі планетада жүргендеріне 900 күн болыпты. Осы екі аралықты ол аппараттардың жөнелткен ақпараттары Жердегі ғалымдардың Марс жөніндегі білімдерін одан әрі ұлғайта түсуде.

Ол роботтар Марста біресе суықтан қатып қалып, енді бірде жылып, дауылдар соққысына ұшырап, құмды жерде бөгеліп, түрлі кедергілерді бастан кешірсе де әлі күнге жұмыс істеп жатыр. Осылайша, жұмыс мүмкіндігі 90 күнге жетеді деп жоспарланған ол екі аппарат 900 күннен бері жұмыс үстінде. Марс планетасын зерттеп жүрген ол америкалық қос робот “Спирит” және “Оппортунити” деп аталады. Ол екеуі де планетаның екі жақ бетіне келіп түскен болатын. Сондықтан олар планетаның бір-біріне ұқсамайтын түрлі тұстарын жүз мыңдаған суреттерге түсіріп, оны жерге жіберуде. Алғашқы “Спирит” аппараты мұнда 2004-ші жылдың қаңтар айында келген болатын. Ол Колумбия жотасына көтеріліп, ондағы таулы көріністердің суреттерін жерге жіберген еді. Екінші робот “Оппортунити” Марсқа үш аптадан кейін келіп қонған болатын. Ол Марс экваторына жақын жерге келіп түскен еді.

Брюс Банердт - Американың Калифорния штатындағы Йет Прапалшн зертханасының аталған жобасына қатысқан ғалым.

“Бұл жер қазіргідей өте құрғақ және суық орын болмаған. Өзінің өткен тарихында мұнда жеткілікті атмосфера және судың сақталуы үшін жеткілікті дәрежеде жылылық та болған. Мұз ғана емес, әрине. Мұның өзі - геологиялық тұрғыдан да, биологиялық жағынан да - өте қызық. Демек бір кездері мұнда тіршілік болған”, - деді Банердт мырза.

Әрқайсысы қалыпты көлік машинасының жартысындай болатын бұл роботтарда бірнеше камералар, планета бедерінің химиялық құрамын зерттейтін арнайы қондырғылар бар. Өздігімен жүретін бұл аппараттардың сонымен бірге, тастарды қашайтын құралдар мен микроскоптар бекітілген роботтық “қолдары” да бар екен.

Профессор Иван Уилиямс - Лондондағы еуропалық Марс сателлиті тобының мүшесі. Ол топ “Марс Экспресті” ұшыруға жауапты еді.

“Әлгі қос робот пен Марс Экпресс өз қызметтері арқылы бір-бірін толықтыруда. Роботтар болса, шағын аймақтарға өте жіті бақылау жасайды. Ал Марс Экспресс өз кезегінде планета бедерінің жалпы көрінісін суретке түсірген болатын”, - деді Уилиямс мырза.

Бұл қос робот жұмысы - НАСА агенттігінің Марсты зерттеу бойынша жоспарының бір бөлігі ғана. Агенттіктің соңғы қызметтерінің бірі - Марс планетасының климаты мен табиғатын зерттеуге таяу арада кірісетін ғарыш кемесінің ұшырылуы еді.

Өздігімен жүретін ол аппараттардың соңғы міндеттерінің бірі - Марс қысының жайын зерттеу. Планетаның кейбір тұстарында суық температура Целси өлшемі бойынша 97 градусқа дейін жетеді екен.

Ғалым Банердтің айтуынша, жоғарыда сөз болған ол қос роботтың жұмыс мүмкіндігінің тағы қанша уақытқа созылары белгісіз.
XS
SM
MD
LG