Accessibility links

Ержан Өтембаев тергеушілердің алдауына түсіп қалғанын айтады


Оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оқ қағары Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Васили Журавлевтың өліміне қатысы Талдықорғандаөтіп жатқан сотта сәрсенбі күні айыпталушы Ержан Өтембаевтың неліктен өзін-өзі қаралауға барғаны туралы түсініктеме беруінен басталды.

Қылмысқа тапсырма беруші деген күдікпен сотқа тартылып отырған Ержан Өтембаев сотқа былай деді:

- Мені қамауға алған соң тергеушілер Ибрагимовтың сөзіне сілтеме жасап, Сәрсенбайұлын сен өлтіргенсің деп, мені айыптай бастады. Ол кездегі денсаулығымның нашарлығы себепті, ұйқысыз түндердің әсерінен және қан қысымым көтерілген кезде бойымды беймәлім үрей билеп, мең-зең күйде өзімді қаралаппын. Бірақ, сол кезде де БАҚ беттерінен мені «сотқа жеткізбей-ақ өлтіруі мүмкін» деген болжамдарды оқыған соң, мен бұрынғы айтқандарымнан бас тарта алмадым. Тек 27-ақпанда Ибрагимовпен бетпе-бет кездескен соң ғана өзімнің алданғанымды түсіндім. Ибрагимов сотқа мені қаралайтындай ешнәрсе де айтпағанын ұқтым. Мен сол күні алдын-ала берген куәліктерімнен бас тарттым. Және менің жақтаушыларымның талабы бойынша менің жеке басым мен жанұямның қауіпсіздігін күшейтті.

Бұдан кейін Е.Өтембаев өз күнәсын мойнына алып президент Назарбаевтың атына жазған хат жайында айтты. Ол хатта марқұм А.Сәрсенбайұлы мен оның серіктерін Ибрагимов атты деп жазылған.

Бірақ енді сотқа сәрсенбі күнгі берген түсініктемесінде Өтембаев «мен жаңылысыппын, Ибрагимовты жазықсыз жазғырыппын» дегендей болып тұр дейді Ибрагимовтың жақтаушысы Нұрлан Устемиров:

- Мен сол кезде оған қандай да қысым жасалуы мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Ең алдымен ол Ішкі істер министрі және Бас прокурормен кездесті ғой. Бірақ мына хатты оған біреу оқып берген дегенге сенбеймін, ол өзі жазған. Ибрагимов оның қасында отыр ғой, содан ыңғайсызданды ма, енді кері шегініс жасап жатыр. Сондықтан, өзін де Ибрагимовты да қаралағаны туралы жартылай түсінік беріп отыр.

Ал Алтынбектің ағаларының бірі Рысбек Сәрсенбайұлы болса президентке жазылған хатты Өтембаевтың өзі жазбаған деп санайды.

- Менің күмәным: бұл хатты жазғанда басқа бір себептер болған. Не алдауға түскен, не бұған дәрі-дәрмек беріп пе, тіпті экстрасенс-гипнопсихологтарды пайдаланып есін аударып отырып жаздырды ма? Хатына қарасаңыз қол жазбасы сондай әдемі, мектеп оқушыларының көркем жазуы бар ғой, тура сондай қылып жазған. Оның осы қолжазбасын оның басқа тағы бір қолжазбасымен, мәселен, бас прокурор Түсіпбековқа шағымданған хатымен - тергеу барысында көп ақпараттардың сыртқа шығып кетіп «Караван», КТК секілді ақпарат құралдарында жарияланып кетіп жатқаны туралы өзінің наразылық білдірген хатымен салыстырсақ, ондағы жазу айдақ-сайдақ, қате, түзеткен, сызған. Ал Назарбаевқа жазған қатында маржандай тізіп жазған. Ал сондай көркем, әдемі жазған адамның ойы ойқы-шойқы болып отырды, өзінің денсаулығы дұрыс болмады деп ойлау қиын, - дейді Рысбек мырза.

Мұндай ойды оппозиция қайраткерлерінің бірі Төлеген Жүкеев те қолдап отырғаны байқалды.

Аталған хат жабық жағдайда талқыланғанымен оған байланысты сұрақтарға Өтембаев мырза денсаулығына шағымданып әлі жауап берген жоқ. Сәрсенбі күні де түсініктемені қағаздан оқып берді де, «менен бұған қатысты түсініктеме сұрамауларыңызды өтінемін» деп, ары қарай үнсіз қалды.

Сонда да сәрсенбі күнгі оның сотта айтқаны әлгі хатқа байланысты сұрақтарға жауап болмаса, соның дайындығы дейді Рысбек мырза:

- Алдын-ала дайындығы шығар деп ойлаймын. Бұл жерде де ол мардымды ешнәрсе айтқан жоқ, бұрынғы айтып жүргеніне қосымша. Бұл әйелі ауырып жүргеннен кейін, өзінің денсаулығына байланысты, шетелдік сапарлар сағаттық белдеулері соғып тастағандықтан, оған қоса «арақ ішіп қойғаннан кейін денсаулық жағдайым дұрыс болған жоқ, оның үстіне мені ұйқысыздық басып жүрді, ал ұйқысыздық жағдайында адамның ақыл-есі онша дұрыс болмайды ғой» деген сияқты пікірге сүйеніп, не жазып не қойғанымды білмеймінге келтіріп отыр... Мен оған онша келісе қоймаймын, себебі, мәселен, сіздер - журналистер ұйқысыз талай түнді жұмыс барысында өткізесіздер. Бірақ сонда да сіздер не жазғандарыңызды білесіздер ғой! - дейді Алтынбектің ағасы Рысбек мырза.
XS
SM
MD
LG