Accessibility links

Шымкентте ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың саны онға жетті

  • Гүлім ЕСЕНҚЫЗЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ вирусы жұққан деп бұған дейін күдікке алынған 9 баланың 4-інде осы дерттің бар екендігін арнайы жүргізілген тексеру нәтижесі анықтап отыр. Сөйтіп, бүгінгі таңда ауруға шалдыққаны анықталған бүлдіршіндер саны 10-ға жеткен. Ал осындай күдікке ілінген тағы 5 бала әлі тексеруден өтіп жатыр.

Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Рахима Қуандықова сейсенбі күні «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, қазіргі күні 2 айлықтан 2 жасқа дейінгі 10 баланың қатерлі дертті жұқтырғаны нақтыланып отыр деп хабарлады.

- Осы уақытқа дейін ВИЧ жұқтырған 6 бала болатын, қазір енді ондайлардың саны 10 болды. Ал қайтыс болған сәбилер қатерлі дерттен емес, өздері туған кезде жұқтырған ауруларынан шетінеді. Олар ВИЧ дертінен қайтыс болды деген ақпаратты растамаймыз.

Бұған дейін баспасөзде ВИЧ-ке шалдыққан екі сәбидің көз жұмғаны айтылған болатын. Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары Рахима Қуандықова шілде айында облыста 15, ВИЧ инфекциясын жұқтырған адам тіркелді дейді. Ал облыста ондай сырқаттардың жалпы саны 754 адамға жеткен. Сонымен қатар, балалардың ВИЧ жұқтыру оқиғаларына байланысты, облыста 4 жұмыс тобы құрылды.

Құрамына денсаулық сақтау министрлігі мен департаменттерінің, санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек сапасын бақылау мекемелерінің мамандары кіретін жұмыс топтары облыс аудандарындағы медициналық орындардағы қызмет сапасын тексеруге кіріскен. 2 айдың ішінде мамандар 153 аурухана, 161 амбулаториялық емхананы және 546 фельдшерлік-акушерлік пункттеріндегі жағдаймен танысуы керек. Бұл жайында «Азаттық» радиосына Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі орынбасарының көмекшісі Қайырбек Қанафин хабарлады. Оның айтуынша, ауылдарда әзірге ВИЧ жұқтырғандар жоқ көрінеді.

- Жоқ, ауылдарда жоқ. ВИЧ жұқтыру жағдайлары тіркеле қоймас, ол жақ таза. Бұл тек қаланың емханаларында болып отырған жағдай. Қазір олар Қазығұрт және осы қаланың 3 ауданын тексеруде.

Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау департаментінің бастығы Нұрсұлу Тасмағамбетова бастаған топ қазірде Түлкібас ауданында тексеру жүргізуде. Ал, облыс әкімінің орынбасары Мұқан Сағындықов дүйсенбі күні өткізген жиында мәлім болғандай, санитарлық және залалсыздандыру ережелерінің сақталмау фактілері Арыс және Ордабасы аудандарында тіркеліп отыр.

Жиын қорытындысы бойынша, тағы бірнеше бас дәрігер орындарынан босауы мүмкін, дәрігерлер арасындағы тексеру шаралары әлі ешқандай қорытынды берген жоқ деп хабарлайды, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Сонымен қатар, балалардың ата-аналары тарапынан сотқа, әкімдікке шағымдану жағдайлары тіркелмегенін айтқан Мұқан Сағындықов, егер ондай шағымдар болған күнде жергілікті билік мекемелер ата-аналарға материалдық көмек беруге даяр екендігін мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG