Accessibility links

Орталық Азия елдерінде халықтың негізгі құрамын жастар құрайды

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Соңғы мәліметтерге қарағанда, дүниеге сәби әкелу қарқынының азайып кеткендігіне қарамастан Ресей және Батыс Еуропа елдерімен салыстырғанда Орталық Азия мемлекеттерінде халықтың негізгі құрамы жас күйінде қалып отыр.

Кейбіреулердің пікірінше, жастық деген адам санасына, ұғымына тікелей байланысты. Алайда мұндай анықтамамен демографтар келісе қоймас, сірә. Уашингтонда орналасқан Халықтың демографиялық құрамын зерттеумен айналысатын бюроның соңғы мәліметтеріне қарағанда, жастық кезең деп 10 мен 24 жас арасындағы адамдарға байланысты айтуға болады.

Әлемнің басқа түкпірлерімен салыстырғанда, Орталық Азияда жастар қауымы жалпы халықтың негізгі бөлігін құрап отыр. Аймақтың әрбір мемлекетінде осы жастағы тұрғындар жалпы халықтың 30 пайызын құрауда. Ал, Ресей, Беларус және Украйнада жастар тұтас қоғамның 22 пайызын құрайды екен. Батыс елдерінде бұл көрсеткіш 20 пайыз деңгейінде боп шықты.

“Совет үкіметінің құлауымен бұл аймақтағы мемлекеттерде бала туу саны өте күрт төмендеп кетті. Алайда Украйна және Балтық бойы елдерімен салыстырғанда бұл көрсеткіш Орталық Азияда қатты түсе қойған жоқ”, - дейді Халықтың демографиялық құрамын зерттеу бюросының бас демографы Карл Хауб.

Тұтас Орталық Азия мемлекеттері жас қауым боп есептелгенімен, алайда ол республикалар арасында да өзіндік өзгешеліктері бар, дейді Карл Хауб.

“Қазіргі кезде бала туу жөнінен бұл аймақтағы ең үлкен көрсеткіш Тәжікстанда болып отыр. Онда әрбір әйел дүниеге шамамен 3-4 баладан әкеледі екен. Ал, туу көрсеткішінің төмен деңгейі Қазақстанда деп ойлаймын. Онда әрбір әйелдің дүниеге сәби әкелу көрсеткіші орта есеппен 2, 2 деңгейінде қалып отыр. Қазақстан халқының негізгі пропорциясын, әрине, орыстар құрауда. Ал, орыстардың әлем бойынша дүниеге сәби әкелуде төменгі көрсеткішке ие екені белгілі”, - дейді сарапшы.

Егер Орта Азия аймағы Батыс елдері жолымен жүрер болса, өнеркәсіптің дамуы және экономикалық болашақ табыстар өзімен бірге демографиялық үдерістің төмендеу құбылысын қоса ала келеді. Дей тұрғанмен, бұл пікірді тұжырым деп есептемеу керек. Демографтардың айтуынша, кейбір сәтте экономикалық қарқынды дамулар демографиялық өсімдерге түрткі болып жататын көрінеді.
XS
SM
MD
LG