Accessibility links

Жәбірленуші жақтың жоқтаушылары соттың жүргізілуіне наразылық танытып, сот залын тастап кетті

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сотта дүйсенбі күні жарыссөз басталды. Алғашқыда жәбір көруші жақ жақтаушылары «жарыссөзді тоқтата тұрып, тергеу амалдарын жалғастырып, әлі сұралмаған куәларды сұрастыру қажет. Біздің Өтембаевқа қоятын сұрақтарымыз бар. Оған қоса өзіңіз «көрсетеміз» деп уәде берген Ержан Өтембаевтың алдын-ала тергеу барысындағы жауаптарының бейнетаспасы бар. Соны көруіміз қажет!» деген өтінішін сот қанағаттандырмай тастады.

Жәбір көрушілердің бұл өтінішін айыпталушы жақтың барлық жақтаушылары қолдап, олар да шақырмақ куәлары барын айтып бақты. Бірақ, мемлекеттік айыптаушы мен сот төрағасы өз дегендерінен таймады. Сот төресі Лұхмат Мерекеновтың бәріне берген жауабы: «Жарыс сөз басталып кетті. Айыптылар сөз сөйлегенде қандай да жаңа жайттар анықталып жатса, қажеттілікке қарай тергеу амалдарын қайтадан бастармыз» деген сөз болды. Бұған наразы болған жәбір көрушілердің жақтаушылары сот залын тастап шықты.

Жәбір көруші жақ өкілдерінің Рысбек Сәрсенбайұлы бастаған тобы сот залын бұған дейін де - өткен бейсенбі күні тастап кеткен болатын. Ал енді сейсенбі күні сот ары қарай өз жұмысын жәбір көруші жақтың қатысуынсыз жалғастырды.

Жарыс сөзді бірінші болып бастаған Асылхан Тәжінің жақтаушысы Аралбай Махамбетәлиев, сот Тәжіні қандай баптар бойынша қылмыскер деп айыптап отырғанын тізіп шығып, бірақ «бұндағы бір бап бойынша да Тәжі айыпты емес, ол бар болғаны басшысы берген бұйрықты орындаушы жауынгер» деп, бар кінәны «Арыстандықтарды» оқиға орын алған күні басқарған Еділ Әбікеновке жапты.

Ал өзінің соңғы сөзінде Асылхан Тәжі ауылды жерде туып-өсіп, қазақша мектепті бітіргені себепті «захват», «задержание», т.б. сөздердің реңктері мен мән-мағына айырмашылықтарын түсіне бермейтіндігін айтып, ол да «менің бар айыбым, әскери талап, заңға сәйкес, басшымның бұйрығын орындағаным ба?» деп түсінбестік танытты.

Қалған айыпталушылардың жақтаушылары жарыссөзге уақыт сұрап, сот оны қанағаттандырды. Сөйтіп, сот келесі дүйсенбі, 21-тамызға дейін, сот ісінде үзіліс жариялады.
XS
SM
MD
LG