Accessibility links

Марқұм А.Сәрсенбайұлының туыстары мен серіктері Талдықорғандағы соттың әділетсіз өтіп жатқанына наразылық білдірді


Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты Талдықорғанда өтіп жатқан сотты тастап кеткен жәбір көруші жақ өкілдері сейсенбі күні Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «сотты тастап кеткен себебіміз - сот отырысына қатысу арқылы биліктің жөнсіз әрекетін заңдастырып бергіміз келмейді!» деп мәлімдеме таратты. «Жәбірленуші жақтын көптеген орынды талаптарын мемлекеттік айыптаушы Кириленко мен сот төрағасы Мерекенов қабылдамай тастады , ал бірқатар куәлердің маңызды жауаптары ескерусіз қалдырылды» дей келіп, Алтынбектің туыстары өздерінің бұл мәлімдемелерін басқа да жәбір көрушілер – Байбосын мен Журавлевтың туыстары да бірауыздан қолдағанын айтты.

Марқұм Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы сейсенбі күні Алматыда жасаған мәлімдемесінде бұдан былай сотқа қатыспайтындығының себебін былай деп негіздеді:

«Жәбірленуші жақтын көптеген орынды талаптарын мемлекеттік айыптаушы Кириленко мен сот төрағасы Мерекенов қабылдамай тастады, ал бірқатар куәлердін маңызды жауаптары ескерусіз қалдырылды. Айыпкерлер шеңбері жоғарыдағы дөкейлердің бұйрықтарын орындаған майда-шүйде атқарушылармен шектеліп қалды. Сондықтан біз сот отырысына қатысу арқылы қуыршақ соттың шешімін заңдастырып бергіміз келмейді».

Сондай-ақ олардың мұндай шешім қабылдауына көптеген заң бұзылушылықтардың орын алғаны дейді Рысбек мырза.

«Жәбірленуші ретінде сот біздің ата-анамызды, басқа да бауырларымызды танымауы, біздің жәбірленуші ретінде сотқа өкілдеріміздің қатысуына мүмкіндіктің берілмеуі, заңға қайшы нәрсе! Мысалы, Петр Своик пен басқа адамдарды біз сотқа өкіл ретінде ұсынған едік, сот ол адамдарды қабылдаған жоқ. Сондай-ақ біздің сотқа қойған куәларды шақырту керектігі туралы, не қылмыстық істі басқа бапқа ауыстыру жөніндегі талаптарымызды аяқ асты етті. Бұлар орынды талаптар еді, ал оларды орындамау жәбір көруші жақтың құқығын бұзу болып табылады».

Ал Талдықорғандағы сотқа жәбір көруші жақтың өкілі ретінде қатысып жүрген оппозиция көсемдерінің бірі Төлеген Жүкеев «заң бұзылушылық Ержан Өтембаевты қамауға алған кезден басталды» дейді.

«Бас прокурор Өтембаевты ұстағаннан кейін екі күн, адвокат та жоқ, хаттама да жоқ, тергеуге алып, жекеше өзі сөйлескен, басқа да адамдармен қысымға алған, сол кезде ол әлгі президентке жазған хатын жазған. Және ол дені сау адамның хаты емес, оны басқа біреу жаздырған әлде айтып берген бе, ой түсірген бе...»

Сейсенбі күні Рысбек мырза бұл қанды оқиғаға Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің қатысы бар деген болжам айта келіп, «соттың іс жүргізуі барысында президент Назарбаев жария еткен ресми болжамының мүлде негізсіздігі айқындалды. ІІМ тергеу тобы «жұмысының» нәтижесі көз алдымызда шашырап қалды. Тергеушілер, мамаңдар, сарапшылар өздерінің біліксіздігің немесе қылмысқа тең салақтығын көрсетті. Тергеу амалдарын жүргізгенде қолдан жасалған жөнсіздіктердің орын алғаны әшкереленді» дейді.

«Тапсырыс берген адамды және тікелей қылмыс жасаған адамды да бұлар жасырып отыр. Олар, менің ойымша, мынау айыптылар қатарында отырған жоқ! Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қолы қанға батқан, осы қылмыстың бәрін ұйымдастырған солар, қылмыстың бел ортасында жүрген тағы да солар деп есептеймін. Бұл менің жеке өз сөзім және жауапкершілікке алып айтатын сөзім», - деді Рысбек мырза.

Ал жәбір көруші жақтың қорғаушыларының бірі Серікқали Мусин «егер жәбір көруші жақ сотқа қатыспаса, заңда тергеу амалдары не сот барысы тоқтатылуы керек деп көрсетілмеген» дейді.

«Жәбір көруші жақтың сотқа қатыспайтындығы туралы шешімі олардың алдағы уақытта қандай да қажет кезінде қайта араласуына шектеу бола алмайды. Олар бақылаушы орындарға сот барысы туралы шағыммен бара алады және заңда жәбір көруші жақтың қатысуынсыз тергеу амалдары тоқтатылсын не сот тоқтасын деп жазылмаған», - дейді Мусин мырза.

Талдықорғандағы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты өтіп жатқан сотта жәбір көруші жақтың шыдамының таусылған кезі сот төрағасы негізгі айыптылардың бірі деп сотқа тартылып отырған сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаевтың алдын-ала тергеу барысындағы берген жауаптарының бейнетаспасын көрсетеміз деп уәде беріп алып, оны көрсетпей, және тергеу амалдары осымен аяқталды, енді жарыссөзге көшеміз деп жариялауы себеп болған еді.

Сот ісіне қатысты тағы бір жаңалық: тексерілген мәлімет бойынша айыпталушы Рустам Ибрагимовтың әкесінің автокөлігі он төртінші тамыз күні жол апатына ұшырапты. Ибрагимовтың жақтаушыларының бірі Серік Сәрсеновтың айтуынша, Талдықорғаннан қайтып келе жатқан Ташмұхамед Ибрагимовтың автокөлікгін белгісіз «Нива» автокөлігі қуып жетіп, алдын кес-кестеп шыға келгенде, қақтығысудан қашқақтаған автокөлікті жүргізі келе жатқан, қамаудағы Рустамның інісі, бұлғақты шұғыл бұрып жіберуге мәжбүр болған. Соның салдарынан автокөлік жолдан шыға аударылып, ішіндегі екі адам - жүргізуші мен Ташмұхамед Ибрагимов ауыр жарақат алып Алматыдағы ауруханалардың біріне жеткізіліпті. Сондай-ақ Сәрсенов мырзаның айтуынша, ізінше оқиға орнына жетіп келген полиция өкілдері « басқа екеуі қайда?» деп сұраған көрінеді. Әдетте, ол басқа екеуі Рустам Ибрагимовтың жақтаушылары - Серік Сәрсенов пен Нұрлан Устемиров дәл сол күні Талдықорғаннан Алматыға басқа бір жақтаушының автокөлігіне отырып қайтқан екен.

Сонымен, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең бір даулы сот ісі жәбір көруші жақтың қатысуынсыз ары қарай өз жұмысын жалғастырмақ. Соттың келесі отырысы тамыздың жиырма бірінде қайтадан жалғаспақшы.
XS
SM
MD
LG