Accessibility links

Татарстанның мемлекеттік пошта қызметі арақ сату бизнесін дамытпақшы


Татарстанның пошта қызметі ақша табудың жаңа жолына түсті. Татарстан поштасы ауылдық жерлерде дүкендердің жаппай жабылуына байланысты пайда болған ішімдік тапшылығын жоюды өз қолдарына алды. Пошта бөлімшілері барлық елді мекендерде бар десе болады, олардың барлығында баспасөз, түрлі басылымдармен қатар азық-түліктер де сатыла бастаған болатын.

Татарстанның алыс түкпірілерінде жатқан ауылдарда биылғы жылы ең құрғақ жаз болды,су тапшы дегендей, бірақ басты проблема бұл емес. Ауылдың сүреңсіз, көңілсіз өміріне қарсы қойылатын бірден-бір нәрсе - алкоголмен жабдықтау деревняларда аяқ астынан жойылып, ол қол жетпейтіндей қымбат дүниеге айналды.

Осы жаз айларына дейін арақ пен сыраны сапырып сатып жататын дүкендер әр ауылда болған еді. Қазір болса олардың есіктеріне қара құлып ілініп, сөрелері бос қалған.

Маусым айында арақ-шарап ішімдігін сататындарды мемлекет лицензия алуға міндеттеген болатын, содан кейін-ақ ол тауарды сататындар да, олардың улы тауарлары да жоқ болып кетті.

Татарстанның мемлекеттік алкогол инспекциясы бастығының орынбасары Рустем Арсланов бұның салдарлары турасында былай дейді:

- Ауылды жерлерде алкоголді ішімдікті сататын нүктелердің жоқтығы, енді бұл аймақтарда заңсыз өнімдер саудасының қыза түсуіне себепші болды, сол себепті Татарстан поштасы бізге осындай өтініш білдірген соң біз олардың бастамасына қолдау көрсеттік.

Көптеген ең алыста жатқан ауылдар үшін ликер сияқты ішімдіктердің жоқ болуы соншалықты бір қатерлі жағдай болған жоқ. Елдің көптеген кедей аймақтарында арақ дегеніңіз айналымдағы валютаға, кез келген қызмет үшін төлейтін ақының көзіне айналған.

Бұл жүйенің қалай жұмыс істейтіндігін Татар-башқұр редакциясының қызметкері Алсу Құрмашева былай деп түсіндіреді:

- Арақ айналымдағы қаржы болатындай жолға қойылған, Татарстанның ауылдық жерлерінде ақша деген көзден бұл-бұл ұшады. Сондықтан да адамдар кез келген жұмыстың ақшасын арақпен төлеуге әдеттенген.

Қартайған, жалғызілікті жандар қорасында, бақшасында бір шаруаларды жасатқызатын болса, оның ақысына арақ беріп құтылады. Ал жастар болса, қолғабыс еткен жұмыстары үшін ақша емес, тек арақ алғысы келеді.

Алсу өзінің туыстарының Татарстанның ауылдық жерінде тұратындығын және арақ тапшылығының қандай қиындықтар әкелгендігін айтады.

- Менің әжемнің жасы 81-де, ол ауылда тұрады. Біз болсақ өте алыстамыз, сөйтіп әжеме барып, оның шаруасына көмектесіп тұра алмаймыз. Сондықтан да ол ауылдағы жастарды жұмсауға мәжбүр. Ал олар өзінің тілін алып бау-бақшадағы істерін атқарып беруі үшін әжеміздің арақ сатып алып беруіне тура келеді.

Осы ретте Алсудың әжесі сияқты жандар болса, Татарстан поштасы бізді қиындықтан алып шыққан құтқарушымыз болды деп есептейді.

Татарстан поштасының бас директоры Ольга Кузнецова арақ сату мүмкіндігінің өздеріне көл-көсір пайда әкелетіндігін айтады.

- Бізде 58 дүкен бар, оның 24-інде арақ-шарап сатамыз, дегенмен ол дүкендерде азық-түліктің барлық түрі сатылады.

Ал болашақта алкоголді ішімдіктерді сатуды пошта бөлімдері ұлғайта түспекші екен. Бірақ, пошта саласын сауда монополиясына айналдырудың қаншалықты жақсы екендігі белгісіз. Татарстанның мемлекеттік алкогол инспекциясы бастығының орынбасары Рустем Арсланов болса, мұның өзі кішкентай болса да таңдау екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG