Accessibility links

Еуразиялық Экономикалық Қоғамдастыққа мүше мемлекет басшыларының бейресми саммиті басталды


Сәрсенбі күні Ресейдің Сочи қаласында Еуразиялық Экономикалық Қауымдастыққа мүше мемлекеттер: Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь және Өзбекстанның басшылары қатысқан үш күндік бейресми саммит өз жұмысын бастады. Оған Армения президенті Роберт Кочарян бақылаушы ретінде қатысып отыр. Сондай-ақ саммитке Украйнаның жаңадан тағайындалған үкімет басшысы Виктор Янукович те шақырылыпты.

Саммитке қатысушылар саммиттің күн тәртібінде кедендік одақты құру, отын-энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселерін талқылайды. Орталық Азиядағы су-энергетика мәселелері саммиттің күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып отыр.

Саммит басталар алдында бір күн бұрын Ресей президенті В.Путин өзінің Сочидегі «Бочарев ручей» резиденциясында Қазақстан президенті Н.Назарбаевпен кездесіп, екі ел арасындағы экономикалық және ықпалдастық мәселелерін талқылаған. Кездесу қортындысында екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы темір жол, көлік саласындағы келісімге қол қойған. Қазақстан басшысы Н.Назарбаевтың айтуынша бұл келісім екі ел арасындағы жүк айналымын 30 процентке арттырады.

Сейсенбі күні кешкісін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың саммитіне қатысуға келген мемлекет басшыларына арнап Ресей президенті В.Путин қонақасы берген. Бұл қонақасыға Ресей үкіметінің басшысы М.Фрадков пен Украйна үкіміетінің басшысы В,Янукович те қатысқан. Саммит барысында ЕурАзЭҚ пен Дүниежүзілік сауда ұйымы арасындағы ынтымақтастық және осы елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту мәселелері талқыланбақшы.

Сочиде өтіп жатқан бейресми саммитке байланысты өз пікірін білдірген қазақстандық саясаттанушы Дос Көшім, Дүниежүзілік сауда ұйымына Ресейдің мүше болып кіруі мәселесінде АҚШ пен Ресей арасындағы келісім нәтиже бермеген соң, Мәскеу енді АҚШ-ты ТМД аймағынан ығыстыру мақсатында осындай түрлі жиын, саммитерді көбейте бастаған деген байлам айтады.

«Бұл жолғы Сочи саммиті Ресейдің ойлап тапқан тағы бір саяси ойыны іспетті. Бұндай саммит, жиындар талай рет өтті, талай-талай қағаз-құжаттарға қол қойылса да олардың бірде бірі орындалып жатқан жоқ» дейді Дос Көшім мырза.

Ал халықаралық экономика саласының маманы Болатхан Тайжанның пікірінше, осы жолғы саммитте талқыланатын мәселелер Қазақстан үшін аса маңызды болмақ.

«Тек бұл мәселелер қағаз жүзінде қалмай, іске асса, онда нұр үстіне нұр болады», дейді Б.Тайжан.
XS
SM
MD
LG