Accessibility links

БҰҰ-ның арнайы қаулысынан кейін ғана Израйль мен Хизбулла арасындағы атыстар тоқтатылды


Оңтүстік Ливанға 3.500 мыңдай халықаралық бейбіт күштер жайғастырылмақшы. Алайда, сарапшылардың пікірінше, бір айға жуық шабуылдардан кейін Ливанды қайта қалпына келтіру ісі - өте қомақты жұмысты талап етуде. Швеция елі осы іске көмектесу үшін тамыздың 31-іне донорлар конференциясын ұйымдастыруға шақырып отыр.

Шығынның дәл көлемі жөнінде қазір нақты айта қоюға ерте. Дегенмен, Ливан ресми өкілдерінің айтуынша, қайта құру ісіне, шамамен 7 миллиард доллардай қаржы керек. Бұған дейінгі есептерге қарағанда, бір айға созылған осы соғыс барысында, Израйль армиясының шабуылдарынан 100 шақты жол бүлініп, 70-тей көпір қиратылған. Қанша тұрғын үйдің жермен-жексен етілгені әлі белгісіз.

Хизбулла есебіне қарағанда, 15 мыңдай үй жермен-жексен етіліп, одан да көбіне нұқсан келген екен. Басқа бір есептерге қарағанда, 10 мыңдай тұрғын үйді қайта тұрғызу керек болады.

Қайта құру ісіне бірінші болып Хизбулла қозғалысы кіріскелі отыр. Теледидар арқылы сөйлеген сөзінде Хизбулла жетекшісі Хасан Насралла үйлері бүлінген азаматтарға төлемақының деру жасалатындығына уәде берген болатын. Ливан үкіметі де қайта құру ісін бастап кетті.

Бейрутте орналасқан Дар әл-Хаят газетінің өкілі Зоухер Ксейбатидің айтуынша, қайта құру ісіне Хизбулланың қаншалықты дәрежеде үлес қосатыны жөнінде әзірге айта қою қиын. Оның пікірінше, қазіргі кезде Хизбулла Ливанды қайта құру ісінде ел үкіметімен әріптестік орнатудан гөрі онымен жарысқа түскен сыңайлы. Ксейбати мырза тағы бір нәрсені баса айтты.

“Сіз мына мәселені есепке алуыңыз керек. Көптеген соғыстардан кейін Ливан халқы мұндай апаттар табиғатымен жақсы таныс. Олар осындай кезеңдерде үйлеріне оралысымен оны мүмкіндігінше тез арада қайта қалпына келтіруге тырысады”, - деді журналист Ксейбати.

Қайта құру ісіне көмек көрсетуге Хизбулланың демеушісі Иран елі де ұсыныс жасады. “Израйльді картадан өшіріп тастау керек” деген Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Иранның Ливанға көмектесу ісіне әзір екендігін айтты.

Қайта құру ісіндегі ел үкіметінің ұмтылысы мен бұл мәселеде жарысқа түскен Хизбулла-Иран ұсыныстары, айналып келгенде, Ливан халқының жүрегі мен санасын жаулап алу үшін жасалуда, дейді кейбір сарапшылар.

Швеция елі болса тамыздың 31-іне өз елінде арнайы конференция өткізуге шақыруда. Ол конференция Ливанға қайырымдылық көмек көрсету ісіндегі демеуші елдер өкілдерін жинамақшы. Стокгольмдегі бұл конференцияға 60-тай елдің үкімет өкілдері шақырылып отыр.

Араб Сыртқы істер министрлері Мысырдағы Араб Лигасының штаб-пәтерінде, тамыздың 20-ы күні бас қоспақшы. Оның барысында Араб елдері басшыларының кезектен тыс саммитін шақырудың қаншалықты қажеттігі және олардың Ливанға қалай жәрдем беретіндігі талқыланбақшы.
XS
SM
MD
LG