Accessibility links

Екі айға жуық Қазақстан полициясында қамауда болған өзбек босқыны босатылды


Осыдан екі айға жуық уақыт бұрын Қазақстан полициясы қамауға алған өзбек босқыны Ғабдурафих Темирбаев босатылды. Үстіміздегі жылдың маусым айының 26-сынан бері қамауда отырған өзбек босқыны тамыздың 15-і күні өзіне баспана беруге келіскен Батыс Еуропа елдерінің біріне жанұясымен қоныс аударды.

Бұл туралы тамыздың 16-күні Алматыда БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасы миссиясының басшысы қызметін атқарушы Сезар Дюбон мырза хабарлады. Оның айтуынша, Өзбекстан билігі БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының Алматыдағы аймақтық басқармасының босқын мандатын иеленетін өзбек босқынын экстардициялау жөнінде Қазақстанға сұрау салған екен.

“Өзбек билігінің сұрау салуына орай, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының Алматыдағы аймақтық басқармасы Қазақстан үкіметімен бірлесіп босқынға қатысты деректерді қарап, оны өзбек еліне экстрадициялауға негіз жоқ деп тапты. Өйткені оған тағылған айып жеткілікті дәрежеде дәлелденбеді. Сондықтан тамыздың 15-і күні босқын Алматының халықаралық әуежайында БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының Алматыдағы аймақтық басқармасы өкілдерінің қолына беріліп, босқын өзіне мекен болатын үшінші елге қоныс аударды,” – деді Сезар Дюбон мырза.

Оның айтуынша 7 жыл жанұясымен Қазақстанды мекен еткен Ғабдурафих Темирбаев осы жылдың маусым айында БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының босқын мандатын иеленген екен. Осы мерзім ішінде ол ешбір заңсыз іспен айналыспаған.

Сондай-ақ Сезар Дюбон Қырғызстанның 4 өзбек босқыны мен 1 саяси баспана іздеушіні Өзбекстанға экстрадициялағандығына өз алаңдаушылығын білдіріп, бұл 1951 жылы қабылданған босқындар туралы халықаралық конвенцияны бұзу деп бағалады. Ал Қазақстанның Алматыда қамауға алынған өзбек босқынын босатып. оны БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының Алматыдағы аймақтық басқармасы өкілдерінің қолына беруі босқындар туралы халықаралық конвенцияның нормаларын сақтау болып табылады деді.

Алматыда осыдан екі апта бұрын қамауға алынып Жетісу аудандық ішкі істер басқармасының уақытша ұстау мекемесінде отырған өзбекстандық адам құқығын қорғаушы Әбдіжәлел Бойматов та халықаралық ұйымдар мен елшіліктердің араласуымен тамыздың 15-і күні қамаудан босатылды. Әбдіжәлел Бойматов өз елінде үш жылдан бері президент Ислам Каримовтің билігін сынап, пикеттер ұйымдастырып наразылық білдірген екен. Таяу күндері Ирландияға жарты жылдық адам құқығын қорғаушылардың оқуына жүріп кеткелі отырған ол: “билік менің ізіме түсіп, аңдуын қойса мен алты айдан кейін құқықорғаушылардың оқуы аяқталған соң еліме қайтып ораламын,” дейді.

Алайда, ол жеке бас бостандығына қауіп төнетін болса Ирландияда түпкілікті қалуға мәжбүр екендігін айтады.
XS
SM
MD
LG