Accessibility links

«Kazsatnet» атты ұлттық компания құрылмақшы


Қазақстанда ұлттық спутниктік және хабар тарату жүйелерін дамыту мақсатында жаңадан «Kazsatnet» атты ұлттық компания құрылатын болды. Бұл туралы Қазақстан үкіметі тамыз айының 8-і күні арнайы қабылдаған шешімінде жаңадан құрылатын ұлттық компанияның 100 проценттік акциясы мемлекет қолында болатыны айтылған. Осы мақсатқа арнап мемлекет бюджетінен 1 млрд 425 млн теңге бөлінбекші.

Жаңа ұлттық компанияны құру жұмысы Қазақстанның ақпараттандыру және байланыс жөніндегі мемлекеттік агентігіне тапсырылды. Осы агенттік төрағасының орынбасары Ардақ Сейсенбековтың айтуынша, ұлттық спутниктік байланыс және хабар тарату мәселесімен тікелей айналысатын ұлттық компанияны құру жоспары жасалып, қәзір сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр екен.

Спутниктік байланыс және хабар тарату жүйелері бойынша зерттеу жұмысымен айналысатын мамандар, соңғы жылдары әлемде осы байланыс саласы қарқынды дамып бара жатқанын айтады. Алдын ала жасалған болжам бойынша, 2007 жылы спутниктік байланыс саласында қызмет көрсету көлемі 150 млрд долларға дейін жетпекші.

Байланыстың әлемдік рыногінде ғарышқа орналасқан барлық спутниктік аппараттардың 6000 транспондері байланысқа шыға алады. Дамыған мемлекеттерде мультимедиа қызметтері, сонымен қатар Интернет және тікелей телехабардың жүргізілуі интерактивті түрде дәуірлеп-дамуы байқалады. Алайда, бұл қызмет түрлері жақсы дамымай, кенжелеп қалған Қазақстан да енді осы салаға назар аударып отыр дейді мамандар.

Бұған Қазақстандағы телебайланыс қызметтері бағасының жоғары болуы, халықтың әлі компьютерге толық көше алмай отыруы және Қазақстан территориясын ғарыштан бақылай алатын жаңа үлгідегі жер серіктерінің болмауы да өзіндік себеп болып отыр.

Мәскеу мамандарының қолымен жасалған алғашқы Қазақстандық байланыс жер серігі – ҚазСат осыдан екі ай бұрын ғана ғарышқа ұшырылды. Қазақстандық тұңғыш ғарышкер, мәжіліс депутаты Тоқтар Әубәкіровтың айтуынша, ғарышқа ұшырылған жер серігінің көмегімен спутниктік байланысты дамытумен бірге ғарыштан дистанциялық арнайы зондтардың көмегімен жерді зерттеу жұмысын жолға қоюға болады.

Ал «ҚазҒарыш» ұлттық компаниясының вице-президенті Мейірбек Молдабековтың айтуынша, ғарыштан жерді зерттеу жұмыстарының экономикалық, экологиялық маңызы болуымен бірге бұның ауыл шаруашылық және қауіпсіздік саласында үлкен маңызы болмақ.
XS
SM
MD
LG