Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.19.2006 жыл

  • Досан БАЙМОЛДА

Сенбілік басылымдарда қазақ даласына құлаған «Днепр» зымыранынан болған залал мен зардаптар жөнінде, сондай ақ Қазақстанға көшіп келіп жатқан оралмандар мәселесін қозғайтын мақалалар мен сұқбаттар жарық көріпті.

«Бүгінде Сыр бойының қалың жұртшылығын алаңдатып отырған бір жағдай бар. Ол - облыстың Қармақшы ауданы аумағына құлаған «Днепр» зымыран ұшағынан кейін мұнда қаншалықты залал мен зардап келгендігі туралы мәселе. Зымыран құлаған ауылдар енді үш жыл бойы медициналық бақылауда болады» деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті. Бүгінде зымыран тасығыш құлаған Жаңақала және Көмекбаев ауылдарының төңірегінде бес бірдей ғылыми-зерттеу институтының мамандары жұмыс істеп жатыр екен. «Олар осындағы тұрғындардың денсаулығы, қоршаған ортаның, ауа мен су жағдайлары жөнінде мониторинг өткізуде, әзірге улы зат - гептилдің әсерінен болған ауырулар байқала қойған жоқ» деп жазды «Егемен Қазақстан» басылымы.

«Қазақстан-Заман» газеті сенбілік санында «Днепр» зымыранына қатысты бір топ қызылордалық азаматтардың мәлімдемесін жариялапты. Онда «Днепр» ракетасының құлауы Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылып жатқан ракеталардың Сыр өңірінің халқы мен табиғатына қаншалықты қауіпті екендігін тағы бір рет дәлелдеп берді делінген.

«1999 жылы Ресейдің «Протон» ракетасы апатқа ұшыраған кезде Ресей жағы өтемақы есебінде Қазақстанға 410 мың доллар ғана төлеп мазақ еткен. Содан бері үкімет Ресейдің талаптарын орындап, бас шұлғумен келеді, өйткені Қазақстан ғарыштық держава боламын деген арманынан ары асалмай отыр. Сондықтан біз, бір топ қызылордалықтар, Сыр халқының денсаулығына үлкен зияны бар, жер, су, ауасын арамдайтын ғарыштық бағдарламаларға қарсымыз, үкімет тек өз халқын ойлайтын кез келді» делінген аталмыш мәлімдемеде.

Қызылорда облысы аумағына құлаған Ресейдің «Днепр» зымыранынан қазақ даласына келген залал, зиян жөнінде «Ана тілі» апталығы да тоқталуды жөн көріпті. «Днепрден» болған экологиялық және экономикалық шығын көлемі алдын ала есептеулер бойынша 194 млн теңге болыпты. Ал зымыран түскен жерде тереңдігі 15 метрдей терең шұңқыр қалыпты. «Ресей мамандары «Днепрден» төгілген гептилден адам денсаулығына үлкен зиян болмайды деп қазақты сендірігісі келеді, алайда ондай болса, зымыран құлаған өлкеден ұшқан құс, жүгірген аң, ең аяғы құр-құмырсқаға дейін қашып кеткенін қалай түсіндіруге болады?» деген сауал қойыпты «Ана тілі» басылымы.

«Начнем с понедельника» апталығы оралмандар мәселесіне қатысты саясаттанушы Досым Сатпаевтың, «Қазақстанға келіп жатқан оралмандардың көбі сауатсыз, тіршілікке бейімсіз адамдар, ал егер Қазақстаннан орыстар Ресейге кетсе, онда Қазақстан экономикасы құрдымға кетеді» деген пікіріне қатысты бірқатар оралмандар өкілдері мен сарапшылардың айтқан ойларын оқырман назарына ұсыныпты.

Саясаттанушы Болатқан Тайжан «егерде қазақстандық орыстар Путиннің шақыруымен Ресейге 100 проценті кетсе де, қазақ елінің дами беретіндігін, ал оралмандар арасында Қазақстанға пайдасы тиетін небір талантты, мықты азаматтардың көп екендігін» айтқан. Ал саясаттанушы Дос Көшім «оралмандар деген ол өзіміздің қандас бауырлар, оларды елге шақырғанда тек маманды, мықтылары ғана келсін, қалғандары жоламасын деп айту дұрыс емес» деген пікір білдіріпті.

«Қазақ Әдебиеті» басылымы оралмандар тақырыбына байланысты Қазақстанның төтенше және өкілетті өкілі, Қазақстан дипломатиясына еңбек сіңірген қызметкер Советқали Қартбаев мырзамен болған кең көлемдегі сұқбатты жариялапты. Моңғолия, Чехия, Түркия секілді елдерде ұзақ жылдар бойы елшілік қызметте болған С.Қартбаев «соңғы кезде оралмандарға қатысты ел ішінде алып-қашпа, түрлі қаңқу сөздердің көбейгендігі осындай сөздерді таратушы бүгінгі ортада жүрген талай адамының санасының әлі төмен екендігіне тікелей байланысты, бұны қайсыбір саяси ұпай жинаушылар: міне, қазақтар шетте жүрген өз қазақтарын елге шақырып алып, енді сыртқа теуіп жатыр деп айту үшін де қоздыруы мүмкін» деген пікір айтыпты. Сондай-ақ ол «Ресейдің қазір өз отандастарын еліне шақыруында Қазақстаннан үйренген көп нәрсенің бар екендігін» айтыпты. «Қазақстан осыдан 15 жыл бұрын өз қандастарын іздеп елге шақырған ТМД-дағы алғашқы мемлекет» депті ол.
XS
SM
MD
LG