Accessibility links

Адвокат айыпталушы Рустам Ибрагимовтың әкесі мен інісінің жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады


Талдықорғандағы сотта дүйсенбі күні, негізгі айыпкерлердің бірі деп сотқа тартылып отырған Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Нұрлан Устемировтың мәлімдеме жасауымен басталды. Онда ол Рустам Ибрагимовтың әкесі мен інісінің жол апатына түсуін әдейі жасалған қастандық деп бағалап, оларға сот ісі аяқталғанша жеке күзет бөлуін сұрады. Бұдан кейін Рустам Ибрагимовтың өзі де мәлімдеме жасап, «бұл әрекеттер маған қылмысты мойныма алдыру үшін жасалып жатыр, бірақ мен киллер емес екенімді және мен адам өлтірмегенімді тағы мәлімдеймін» деді.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты Талдықорғандағы өтіп жатқан сот 21 тамыз күні күтілгендей-ақ негізгі айыпкерлердің бірі деп отырған Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Нұрлан Устемировтың мәлімдемесінен басталды.

- Рустам Ибрагимовтың әкесі мен інісінің жол апатына түсуі арнайы жасалған қастандық. Оқиға орнына келген полициялардың «қалған екеуі қайда?» деп сұрауы тегін емес. Демек, олар біздің - жақтаушылардың да сол автокөлікпен қайтып жүргенімізді білген. Бұны алдын-ала ұйымдастырылған жоспарлы әрекет деп бағалаймын. Рустамның әкесі мен бауыры ауруханада еш қорғаусыз жатыр. Оларды атып кетеді деп ойламасам да, қастандық жасалуы мүмкіндігін жоққа шығармаймын. Сондықтан, оларға сот ісі аяқталғанша жеке күзет тағайындалуын талап етемін, - деді адвокат Устемиров.

Бұл мәлімдемені сот жазбаша беруін сұрап, қанағаттандырмақ ниеті барын білдірді. Ал бұдан кейін айыплаты отырған Рустам Ибрагимов те мәлімдеме жасады.

- Өздеріңіз көріп отырғандай, маған жасалып отырған қорқытушылық әрекеттердің бәрін қылмысты мойныма алдыру үшін жасалып жатқан іс-әрекет деп бағалаймын. Біреуін түрмеге жапты, біреуі мынадай жағдайға ұшырады... Бірақ мен адам өлтірмегенімді, Ержан Өтембаевтан оған тапсырыс та алмағанымды, бұл іске Мирошниковтың да қатысы жоқ екенін мәлімдеймін. Мен киллер емеспін! Бірақ адамды ашындыра берсе ол бірде болмаса бірде қанішерлікке де жетуі мүмкін. Мен бұл іске қатысы барлардан сұрақ алатынымды Алла алдында ант етемін! – деді Рустам Ибрагимов.

Сондай-ақ дүйсенбі күні сотта жарыссөз одан әрі жалғасып, осы сотқа тартылып отырған «Арыстандықтар» мен олардың жақтаушылары сөз сөйледі. Жақтаушыларының бәрі «жауынгерлердің айыбы жоқ, олар тек бұйрық орындаған, сондықтан сот олар толық ақталуы керек» десе, «Арыстандықтардың» өздері де айыпты емеспіз дегенді білдірді.

Оқиға орын алған күні осы жауынгерлерді басқарған Әбикенов те өзін қылмыскер деп санамайтындығын айтты. Тек «Арыстандықтарға» қару берген Қасымовтың жақтаушысы оған прокурор сұраған жеті жылды «шартты түрде» деген жазаға ауыстыруын сұрады.

Сырттай бақылау жасаған Газиевтың жақтаушысы да ,өзі де айыпты еместігін дәлелдеп бақты. Ал Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов өз сөзін «жарыс сөзді доғара тұрып, тергеу амалдарын қайтадан жалғастыру керек» деген мәлімдемеден бастады. Оның айтуынша: «сот өзінің берген бірқатар уәдесін орындамай отыр». Атап айтқанда Өтембаевтың алдын-ала тергеу барысында берген жауаптарының бейнетаспасы, т.б. уәделері орындалмай қалды деп өз өтінішін негіздеген еді. Және оның бұл өтінішін барлық жақтаушылар да мақұлдағанмен прокурор мен сот оны қанағаттандыруға негіз жоқ деп тауып, жарыс сөзді одан әрі жалғастырды.
XS
SM
MD
LG