Accessibility links

Ақтау халқы жергілікті билікке наразылығын білдіріп көшеге шықты

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Рұқсат етілмеген митингке қатысушылар қазіргі қала әкімі Виктор Кохтың қызметінен кетуін талап етті. Рұқсатсыз жиынды тоқтатуға күш салған жергілікті полиция қызметкерлері бүгінде 24 адамды қамауға алып, әкімшілік іс қозғады.

Жексенбі күні Ақтау қалалық әкімшілігінің алдына жиналған халық: “Қала әкімі Виктор Кох орнынан кетсін!”, “Жемқорлық жойылсын!” деген талап қойған. Осы жиынның болатындығы 15 күн бұрын хабарланды, дейді Ақтау қаласының тұрғыны Нұрияш Әбдірейімова. Оқиғаны көзімен көріп ішінде болған ол “Азаттық” радиосына берген сұхбатында:

“Халық әкімді өз ортасынан өздері сайлағысы келеді. Сол әкім біздің халықтың алдында жауап берсе екен деген тілек қой. Болады деген күні өз еркіммен барып қандай жағдай болады көрейін, сол халықтың бір өкілімін ғой жемқорлықтың зардабын тартып жүрген деп бардым. Өйткені, бүкіл Қазақстанда деп айтсам болады әділеттілік жоқ. Алаңға жиналған халық қазіргі қоғамдағы жағдайға бей-жай қарай алмайтындығын көрсетті. 1000 адам тек алаңның ішінде ғана болды. Ал сыртында 1000-ға жуық адамды полиция қоршап жібермей тұрды. Орын алған тәртіпсіздіктерді, арандатушылықтарды полицияның өзі ұйымдастырған сияқты. Өйткені, қарапайым тұрған халыққа полиция айқайлап жүгіріп келді де, қолдарын қайырып ұстап алып кетіп жатты. Мені де солай ұстап апарып автобусқа тықты. Міне, қолдарым көгеріп қалды. Қарап тұрсаң, тіпті масқара!”

Оның айтуынша, ресми орындардың алаңға ішімдік ішкен жастар шығып қоғамдық тәртіпті бұзды деп бүгін ақпарат таратып жатқандығы шындыққа жанаспайды.

“Ұсталғандардың арасында баласын жетектеген әйелдер, жастары 50-ден асқан жігіт ағалары да бар. Ұсталғандарды қылмыскерлер сияқты суретке түсірді. Қолымыздың ізін алды. Үш сағатқа жуық ұстап босатты”, - дейді Нұрияш Әбдірейімова.

Бұл мәселеге байланысты “Азаттық” радиосына түсінік берген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Дүйсенбек Қойшыбаев алдымен жиынның заңсыз болғандығын алға тартты.

“Митинг өткіземіз деп ешкім рұқсат сұрамаған. Көбісі ішімдік ішіп алған жастар. Араларында үлкен адамдар да болды. Олар жергілікті билікке қарсы екендіктерін айтты. Сосын біз оларға саяси мәселені мұндай жолмен шеше алмайтындықтарын ескертіп, тарауларын талап еттік. Олар кетіп қалды. Содан алаңда ішімдік ішкен жастар қалды. Оларға да тараңдар деп ескерттік. Олар тыңдамады. Тас лақтыру, айқай-шу басталып кетті. Содан таратуға тура келді”, - дейді Дүйсенбек Қойшыбаев.

Полиция қызметкерлерінің қарапайым халықққа күш қолданғандығын жоққа шығарған Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Дүйсенбек Қойшыбаев: “Қоғамдық тәртіп бұзып, тас лақтырып жиында сөз сөйлеген 24 азамат қамауға алынып, әкімшілік іс қозғалды,” деді.

Осыған дейін Маңғыстау облысы әкімшілігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада митингке 150-200 адам қатысқаны, - көрсетілген болатын. Жергілікті теледидар арқылы жұртшылыққа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев олардың саяси немесе басқадай талап қоймағанына тоқтала келіп, алаңға жиналған жастардың басым бөлігінің ішімдік ішіп алып, бұзақылық әрекеттерге барып полиция қызметкерлеріне қол көтергеніне тоқталған. Өз сөзінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұл митингті заңсыз рұқсат етілмеген митинг деп бағалаған.

Ал “Азаттық” радиосына сұхбат берген Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Дүйсенбек Қойшыбаев орын алған оқиғаға байланысты тергеу-тексеру жұмыстары жүріп жатқандығын айтты.
XS
SM
MD
LG