Accessibility links

Күнкөріс іздеген заңсыз иммигранттар Афиркадан Еуропаға ағылуда


Соңғы әзірде Испанияның Канар аралдарына және Италияның Лампедуса аралына қайыққа мінген африкалық мигранттар көптеп келуде. Мұның өзі ащы өмір шындығының бір көрінісі. Африканың кейбір мемлекеттерінде тұрғындардың бір күндік күнкөрісі бір долларға да жетпейді екен. Сондықтан олардың көпшілігі сыртқы әлемге жол тапқысы келеді. Негізгі нысана-Еуропа елдері болуда.

Соңғы төрт күннің ішінде Африка құрлығынан бір жарым мыңнан аса мигранттар Атлант мұхиты арқылы қауіпті сапарларға бел буған екен. Олар кедейшілік пен жұмыссыздықтан құтылу мақсатында Мавритания мен Сенегалдан шыққан болатын. Бет алған бағыттары- Еуропа одағы арқылы бай мемлекеттерге жету еді. Жыл басынан бері Канар аралдарына 17 мыңнан аса африкалық келген екен. Яғни бір күнде шамамен 100 адамнан келген деген сөз. Бұл істі ауыздықтай алмаған жергілікті өкілдер негізгі көмекті құрлықтағы мемлекеттерінен сұраған болатын. Мадрид өз кезегінде көмек сұрап Еуропа одағына қайрылды. Мигранттардың мұндай тасқынының пайда болу себебі неде?

Миграция бойынша халықаралық ұйым өкілі Петер Шатзердің айтуынша қазір Морокко елі Испаниямен бірлесе отырып, өз шекарасын бұрынғыдан гөрі қатаң бақылауға алған. Сондытқан шетке кеткісі келгендер, амал жоқ қайықтарға мініп, Канар аралдарына жетуге тырысуда. Мавританияның порты Ноуадибоуда мигранттарды бопсалаумен айналысқан пысықайлар, балықшылардың ашық кемесіндегі бір орын үшін, әр жан басынан мың жарым еуродан алып, оларды Канар аралдарына жеткізіп отырған.

Мигранттардың көпшілігі бұл сапарларының соңына дейін шыдай алмаған. Қызыл крес ұйымының есептуінше, Сенегал мен Мауританияның өзінен 100 мыңдай адам осындай сапарға дайындалу үстінде екен. Олардың көпшілігі- соғыс және саяси босқындар емес, экономикалық қиындықтардан жан сауғалауға тырысқандар. Еуропа одағы заңдары бойынша, ондай мигранттарға жол жоқ.

Испания заңдары бойынша, заңсыз иммигранттарды тек 30 күн ғана абақтыда ұстауға болады. Егер олардың қай елден екендігі анықталмаса, сондай-ақ Испания мен мигранттар келген ел арасында оларды кері қайтару жөнінде келісім жоқ болса, онда әлгі мигранттар құрлықтағы негізгі мемлекет бөлігіне жеткізіліп, ол жерде мигранттар қолына елден шығу жөніндегі бұйрық қағаз жүзінде тапсырылады. Бұл қағаздарды сыйлап, бұйрықтарды орындап жататындар сирек. Сондықтан ол мигранттар Еуропа одағының өзге де елдеріне өтіп кете береді. Себебі одақ ішіндегі мемлекет аралық шекаралар қазір бақылауда емес.

Италияда тағы бір жағдай қалыптасып отыр. Мұнда ұлттық азшылықтар елден шығарып жіберілмейді. Сондықтан да оңтүстіктегі Лампедуса аралы мигранттар үшін жайлы жерге айналып отыр. Миграция бойынша халықаралық ұйым өкілі Симона Москареллидің айтуынша, “Миграннатрдың көбі Ливиядан келуде. Ауа райы жақсы болса олар Лампедусаға бір-екі күнде жете алады. Олай болмаған жағдайда бес-алты күн жолда болуы мүмкін”,- дейді Москарелли ханым.

Еуропа одағының Фронтекс атты шекараны бақылау агенттігі блокка кіретін мемлекеттердің жағалау шекараларын қорғау үшін әскери- теңіз кемелерін жіберген.

Сондай-ақ Еуропа саясаткерлері африкалықтарды өз үйлерінде қалдыру үшін ол елдерге көптеп инвестиция енгізбекші. Олар сондай-ақ иммиграция жөнінде жаңа заңның қабылдануын талқылауда екен.
XS
SM
MD
LG