Accessibility links

Маңғыстау облысы аумағында «Шеп-2006» атты әскери оқу-жаттығулары басталды

  • Досан БАЙМОЛДА

Тамыздың 23 і күні Қазақстанның батысында, Маңғыстау облысы аумағында, Ақтау қаласынан 35 шақырым жерде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше мемлекеттер Қазақстан, Қырғызстан,Тәжікстан және Ресейдің бірлескен әскери жаттығулары басталды. «Шеп-2006» деген атпен басталған осы жолғы әскери оқу-жаттығуларына 2,5 мыңдай әскерилер, 60-тан астам бронды техника, сондай-ақ 50 дей ірі зеңбірек және минометті қару, 35 әскери ұшақтар және 14 әскери су кемелері қатысуда.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің бастығы, полковник Сапарғали Жағыпаровтың айтуынша, Маңғыстау облысы аумағында басталған «Шеп-2006» атты бұл жолғы әскери оқу-жаттығулары үш кезеңнен тұрады және тамыздың 28-іне дейін жалғаспақшы.

- Олардың алғашқысы және екіншісі біріккен командалық әскери оқу-жаттығулар болса, үшіншісі тактикалық мақсаттағы әскери жаттығулар. Сондай-ақ, осы жолғы әскери жаттығулардың мақсаты - Қаспий теңізі аймағында болуы ықтимал қауіп-қатердің алдын алу, соған дайындалу, бірлескен әскери бөлімшелердің әскери қабілеттілігін арттыру болмақ, - дейді полковник Сапарғали Жағыпаров.

Оның айтуынша, Қазақстанның батыс аймағында басталған бұл әскери жаттығулардың тағы бір ерекшелігі, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кіретін анти-террорлық мақсаттағы бөлімшелердің де әскери оқу-жаттығуларға қатысып отырғандығы болмақ.

- Өйткені, Орталық Азия аймағында тұрақтылықты шайқалтып, осы аймақта жеке халифат құруды аңсаушы терроршыл топтардың барлығын ешкім жоққа шығармайды, Сондықтан да бұндай әскери жаттығулардың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдерге берері көп, - дейді Қазақстанның қорғаныс министрлігінің өкілі.

Саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, Қазақстан қарулы күштерінің бұндай бірлескен әскери жаттығуларға қатысқандығынан пайдасы болмақ.

- Осындай әскери жаттығулар арқасында әскери бөлімшелердің әскер дайындықтары жоғарлайды, бұл ел үшін өте керек, - дейді ол.

Ал саясаткер Болатхан Тайжан, әскери күш-қуаты шамалы Қырғызстан, Тәжікстан секілді елдермен осындай бірлескен әскери жаттығулар өткізгеннен Қазақстан қарулы күштерінің әскери дайындық деңгейі өспейді деген пікірде.

- Ресей болса өз жерінде емес, басқа біреудің жерінде бұндай әскери жаттығулар өткізуге, өзінің жасаған әскери қару жарақтарын сынауға қашанда дайын. Сондай-ақ, Ресей осындай әскери жаттығулары арқылы басқаларға сес көрсеткісі келеді, - дейді ол.

«Шеп-2006» әскери оқу-жаттығулары тамыздың 27-іне дейін жалғаспақ.
XS
SM
MD
LG