Accessibility links

Далай Ламаның Монғолия сапары Бейжіңді ызаландырып отыр


Нобель сыйлығынаң лауреаты Далай Лама Монғолияға тамыздың 21-і күні келді. Оны Ұлан Батор әуе алаңында бірнеше монах және Үндістан елшілігінің өкілі күтіп алды.

Тибеттік буддашылардың көсемі Далай Ламаның Монғолия астанасы Улан Батордағы сәрсенбі күнгі уағызына Орталық стадионға 10 мыңдай адам жиналды. Улан Батор қаласында негізінен буддашылар тұрады.

- Адамзат өз бақытына тек қана материалдық заттармен жете алмайды. Ал Буддада бақытқа, зейнетке жету үшін қандай рухани белестерден өтудің жолдары, тәсілдері кеңінен жарытылады, - деп бастады өз сөзін Далай Лама.

Сейсенбі күні Далай Лама Ұлан Батордағы ең үлкен Ғандантехчелиң монастырына барған. Ол жерде жиналғандарғы тұрмыстағы қиын-қыстау кезеңде отбасылық үрдістің, қадриеттің маңызы жөнінде арнайы тоқталған.

Бірақ тамыздың 22-сіндегі Қытай әуе жолдары ұшағы Ұлан Баторға 12 сағат кешіктіріліп әуеге көтерілген. Агенттік мұны ауа райының қолайсыздығымен түсіндірмек болғанымен, өзгелер бұл Бейжіңнің ескертуі деп қабылдап отыр.

Монғолияда шығатын ағылшын тілді «Ұлан Батор поуст» газетінің бас редакторы Сұмиябазардың «Азаттық» радиосының тілшісіне айтуынша, ұшақтың кешіктірілуі Қытайдың Далай Ламаның бұл сапарына орай ашу-ызасының белгісі болуы мүмкін.

- Бұған дейін соңғы рет Далай Лама Монғолияға 2002-жылы келген болатын. Ол жылы Қытайлық ресмилер Монғолия бағытындағы темір жолды жауып тастады. Міне енді ауа райының қолайсыздығы деп ұшақтарды ұстады. Шындығында бұл күні ауа райы тамаша еді, - дейді газет редакторы.

Жалпы Қытай сыртқы істер министрлігінен хабарланғанындай, Қытай Далай Ламаның сапарына рұхсат ететін кез-келген елге қатты сынмен қарайды. Далай Ламаның уағыздарын сепаратистік-жікшілдік әрекеті деп есептейді.

Далай Лама қазіргі кезде өмір сүретін Үндістандағы Орталық Тибет әкімшілігінің өкілі Сампхелдің айтуынша, ол сапарға Қытайдың қарсы болатындай ешбір негізі жоқ.

– Далай Лама Монғолиядағы ең үлкен монастырдың шақыруымен келіп отыр. Ал, Монғолия Далай Лама сеніміндегі будда дініндегі ел. Монғолдар Далай Ламаны өздерінің рухани көсемі деп есептейді. Сондықтан, бұл сапардың діни маңызы ғана бар, - дейді Сампхел.

Тибетті Қытай коммунистері 1950 жылы басып алды. 1959-жылғы Қытай басқыншылығына қарсы көтерілісте табысқа жете алмаған Далай Лама Үндістанға қашуға мәжбүр болды. Қытай оны тәуелсіздік үшін күресуде деп қаралайды. Бірақ Далай Лама өз елі - Тибетке шынайы автономиялық мәртебе берілуін қалайды.

Ал енді, Монғолияның өзі де 1921-жылға дейін Қытай билігі астында болып келген. Одан кейін бұрынғы Советтік одақтың 16-шы республикасындай жағдайда өмір сүрді. Ол арада советтік коммунистік озбырлықтан мыңдаған монах қаза тауып, жүздеген монастыр қиратылды.

Бірақ 1990-жылдардан бастап, Монғолия экономикалық, сауда-саттық мәселесінде Қытайдан көбірек пайда болатындығын сезіп, енді ол көршілес елге қарай бет бұра бастады. Міне енді Қытайдың наразылығына қарамастан, бұддашылардың рухани көсемі Далай Ламаны Монғолия 7-рет өз аумағында қабылдап, төріне шығарып отыр.
XS
SM
MD
LG