Accessibility links

23-тамыз - құл сату құрбандарын еске алу және құлдықты жоюдың халықаралық күні

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Бұл атаулы күнді жыл сайын атап өту туралы шешім ЮНЕСКО атқару кеңесінің 150-сессиясында қабылданған болатын. Сарапшылардың пікірінше, соңғы уақытта Қазақстан адам саудасының құрбандары тасымалданып өтетін транзит елге айналған. Адам саудасымен айналысатын қылмыскерлер көрші Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен адамдарды алдап әкеліп Қазақстан арқылы шет мемлекеттерге өткізеді дейді мамандар.

Биылғы жылға дейін Қазақстанда адам саудасымен айналысатын азаматтарды жауапқа тарту жөнінде арнайы заң болмаған. Оның үстіне керісінше, адам саудасының құрбандары Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылып, ал өзге мемлекеттерден әкелінгендерді бірден Қазақстаннан шығаратын болған.

Ал 2006 жылдың наурыз айында Қазақстанның қылмыстық кодексіне өзгерістер мен түзетулер енгізгеннен кейін жағдай өзгере бастады дейді Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның Алматыдағы өкілі Айнаш Шорманбаева:

– Адам саудасы құрбандары өзіне қатысты қылмыс жасаған туралы құқық қорғау органдарына хабарлап, жәбірленуші болып табылған жағдайда Қазақстанда қылмысқа қатысты сот үдерісі біткенге дейін қала алады және рұқсат беріледі.

Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның зерттеулері бойынша, өткен жылдары адам саудасы транзиті Қазақстанда кең етек алған екен. Адам саудасын кәсіп көзіне айналдырғандар көбінесе көрші Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің азаматтарын көп ақша береміз деп Қазақстанға жұмысқа шақырып, кейін адам саудасының құрбандары Араб әмірліктерінен, Түркия, Израил, Еуропа елдерінен бір-ақ шығатын оқиғалар тіркелген. Ал енді Қазақстан аталған мәселеге байланысты заңдарын қатайтқаннан кейін адам саудасына байланысты қылмыстар бірден азайды, деп отыр Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның өкілі Айнаш Шорманбаева:

– Қылмыстық кодексте «Адам саудасы» деген бап болды. Онда қылмыстық жауапкершілік 15 жылға дейін көтеріліп, ол аса ауыр қылмыс түріне жатқызылды.

Қазақстандағы үкіметтік емес дағдарыс орталығының жетекшісі Зүлфия Байсакова, елде адам саудасымен айналысатын қылмыскерлер азая қойған жоқ дейді. Оның айтуынша, керісінше, Қазақстан соңғы уақытта адам саудасының құрбаны болған адамдарды экспорттау, транзиттеу және шеттен әкелудің орталығына айналып отыр:

– Орта есеппен дағдарыс орталығының әрбір аймақтағы бөлімшелеріне үстіміздегі жылдың бірінші қаңтарынан қазіргі уақытқа дейін 10-15 адам хабарласады. Олардың дені басқа мемлекеттерден жәбір көріп келгендер не болмаса бір кездері сондай жағдайға ұшырағандар. Біздің тарабымыздан оларға заңгерлердің, психологтардың көмегі беріледі. Сонымен қатар емделу үшін оларды уақытша тұратын жайлармен қамтамасыз етеміз.

Сонымен бірге «Дағдарыс» орталығының жетекшісі Зүлфия Байсакова әсіресе Қазақстанның ішінде бір қаланың азаматын келесі бір қалаға апарып құлдық жағдайда ұстау мәселесі жиі орын алуда дейді:

- Бұл ешкімге құпия емес. Қазір Қазақстанда жайлауларда байлардың малдарын бағып құлдыққа салынып жүрген ер азаматтар көп. Олар сол еңбегі үшін бір шыны ыстық тамақ пен жұпыны киім алады. Сонымен қатар соңғы уақытта Қазақстанда балалар адам саудасының құрбаны болып отыр. Оларды, әсіресе, жыныстық қатынас жасау мақсатында пайдаланады

Ал көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның өкілі Айнаш Шорманбаеваның айтуынша, жаңадан қабылданған заң бойынша Қазақстанда бірнеше тергеу істері жүріп жатыр:

– Қазір атышулы оқиға Ақтөбеден ашылды. Онда Өзбекстанның 13 азаматын құл ретінде ұстап, жәбірлегендер жауапқа тартылып, тергеу ісі жүріп жатыр. Ондай қылмыстар қазір көптеп ашылып жатыр.

Жалпы, осыған дейін тарихқа көз жүгіртсек, феодалдар, байлар, ақсүйектер бірнеше құлдар ұстайтын болған. Оларды құл иеленушілер деп атаған. Ал қазіргі, адам құқығы мен бостандығы дәріптелетін, 21-ғасырда құлдық мәселесі өзекті ме? Бұл жөнінде белгілі жазушы Герольд Белгер «Азаттық» радиосына былай дейді:

– Шетелдік соғыстарда, өзіміздің елімізде, Шешенстанда көріп жүрміз ғой. Құлдықтың түрі көп. Оның бәрі 21 ғасырда да бар ғой деп ойлаймын. Қоғамның дамуына байланысты құлдықтың жаңа түрлері болады. Мәселен, бір елдің адамдарын екінші бір елге апарып арзан жұмыс күші ретінде пайдалану, ол да құлдықтың бір түрі емес пе? Немесе жазықсыз адамды түрмеге жабу, оны қорлау. Осының бәрін сырттан қарағанда, құлдықтың мәдени түрі болып көрінеді. Бірақ, шынтуайтына келгенде, ол да құлдық болып саналады.

Халықаралық ЮНЕСКО адам саудасы құрбандарын еске алу күні деп жариялаған бұл атаулы күні - 1791 жылдың 23-тамызында, Сан-Доминго және Гаити қалаларында құлдар көтеріліске шыққан екен.
XS
SM
MD
LG