Accessibility links

Талдықорғандағы сотта айыпталып отырғандар үкім алдындағы ақтық сөздерін айтты

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Талдықорғандағы Алматы облыстық сотында оппозиция қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оқ қағары Бауыржан Байбосын және жүргізушісі Василий Журавлевтің өліміне қатысы сот ісінде сәрсенбі күні жарыссөздер аяқталып, қысқаша пікірталастан соң айыпталушыларға үкім алдындағы ақтық сөздерін айтуға мүмкіндік берілді.

Сәрсенбі күні таңертеңнен басталған жарыссөз бесін ауа аяқталды да, он минуттық пікірталас сияқты репликалардан соң сот төрағасы сағат кешкі алтылар шамасында, күтпеген жерден сотқа қатысушы жақтардан «қалай қарайсыздар, айыпкерлердің соңғы сөзін бүгін тыңдап қалаға қайта бересіздер ме, жоқ ертеңге қалдырайық па?» деп сұрады. Барлығы бір ауыздан сол сәрсенбі күні тыңдағанды дұрыс деп тапты да, айыпкерлердің үкім алдындағы ақтық сөздері басталып кетті.

Осы сот ісінде «адам ұрлау», «бопсалау» деген баптар бойынша айыпталып сотқа тартылып отырған «арыстандықтардың» негізгі ойларын оларды оқиға күні бастап жүрген Әбикенов айтты десе болады.

- Мен осыншама жыл қызмет етіп жүріп ақыр соңы түрмемен бітеді, ал жанұям мен анам далада қалады деп ойламаппын, бұл қызметте менің денсаулығым да қалды. Мен мына жігіттердің бәрі бұйрық орындағанын және мен де соңғы екі жылда барлық бұйрықтарды адал орындағанымды айтамын. Мен үкімет пен соттан әділ шешім болады деп сенгім келетінін айтқым келеді, - деді ол.

Ал «адам өлтіру», «адам ұрлау», «ұйымдасқан қылмыстық топ құру», «заңсыз қару сақтау», «құжаттарды қолдан жасау» деген айыптар тағылып отырған негізгі айыпкерлердің бірі Рустам Ибрагимов:

- Менің соттан сұрайтыным, кісі өлімі туралы 96-бапты жіті тексеруге құзырлы органдарға табыс етсеңіздер, мен сонда нақты ақиқат анықталады деп ойлаймын, ал қалған барлық баптар бойынша мені ақтап шығуын сұраймын, себебі, мен өзімді айыптымын деп санамаймын, - деді.

Тағы бір айыпталушы Виталий Мирошниковтың сөзі қысқа болды:

- Құдай алдында менің арым таза, соттан әділ шешім күтемін, - деді ол.

Ал сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев өзінің ақтық сөзінде сотқа қатысушы жақтардың бәріне, сот билеріне де алғыс айтып, «қандай ауыр болса да бәріміз әбүйірмен өткердік деп білемін» дей келіп:

- Мен соттан жастарға көбірек көңіл бөлулерін сұраған болар едім, олардың кейбіреулерінде қазір нәрестелері дүниеге келіп жатыр, жас балалары бар, менің жасым болса елуде, мен осылардың ең үлкенімін. Сот объективті шешім шығарса, - деген өтінішін білдірді.

Ержан Өтембаевқа «адам өлтіру», «басқа адамды қылмысқа итермелеу» деген баптар бойынша айыптар тағылып отыр.

Бұған дейін прокурор негізгі айыпкерлер деп Рустам Ибрагимов пен Ержан Өтембаевқа «өлім жазасын», Мирошниковқа жиырма жыл, ал «Арыстандықтарды» қылмыстарының ауырлылығына қарай 7 жылдан 16 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза беруді сұраған болатын.

Сонымен, күтпеген жерден, ешқандай жаңа есімдер аталмай-ақ, қандай да ерекше тосын оқиғаларсыз, сот тып-тыныш аяғына да жетіп қалғандай әсерде қалдық.

Сот төрағасы Л.Мерекенов келесі отырысты тамыздың 31-күні сағат 10-ға деп жоспарлады. Ол күні сот айыпкерлерге үкім шығаруы керек, бірақ тілші қауым әлі жұмбағы көп бұл істі қайтадан тергеуге жіберуі мүмкін деген әлсіз жорамал да айтып отыр.
XS
SM
MD
LG