Accessibility links

Тарихқа бай, табиғаты сұлу Беларусь еліне келер саяхатшылар саны неге аз?


Беларусь елі жөнінде БАҚ-дарында таралатын хабарларда, әдетте, көбінше саяси жаңалықтар, оның ішінде, саяси репрессия, құғындаулар, сөз, пікір алмасу еркіндігіне қысым немесе бұл елдің жетекшісі, президент Александр Лукашенконың диктаторлық іс басқару әдісі жөнінде әңгіме қозғалады. Міне сондықтан болар бұл елге келер саяхатшылар саны күткендегіден әлдеқайда аздау, дейді Минскіден жолдаған хабарында «Азаттық» радиосының тілшісі.

Ресми деректерге қарағанда, 2006-жылдың алғашқы ширегінде Белорусь еліне барлығы 36 мыңдай ғана турист-саяхатшы келіпті. Олардың өзі көршілес Ресей, Украина, Польша және Балтық бойы елдерінен ғана. Ал сол 36 мың азаматтың 26 мыңы ел астанасы Минск қаласына келіп қайтқан.

Жалпы саяхатшылардың бұл елдегі саны көрші мемлекеттермен салыстырғанда, әрине, әлдеқайда аз екендігі көрініп-ақ тұр. Мысалы, Беларус еліне көрші жатқан шағын Латвияға өткен жылы 3,5, ал Литваға 2 млн-дай турист келген екен.

Латвия мемлекеттік туризм агенттігінің бастығы Валдис Виталнистің айтуынша, Беларусь үкіметі туризм саласына өте аз көлемде қаржы бөледі, сондай-ақ, бұл елге келетіндерге бюрократиялық кедергілер шаш-етектен екен. Мұндай пікірмен беларустық көптеген азамат келіседі.

– Бізде инфрақұрылым атымен жоқ. Мысалы, Минск маңайындағы Мир деген көне қалаға барсаңыз, кешіріңіз, әжетхананың өзі де жоқ. Онда, жұрт қалай келе қойсын? - дейді Беларусь жасөспірімі.

Тілшімізге кездескен бір келіншектің айтуынша, алдымен жарнамаға қаржы бөлу керек. Себебі, шетелдіктер Беларусь елінің тарихы, өнері, мәдениеті жөнінде өте аз біледі, сондықтан да мән бермейді, дейді ол әйел.

Бірақ, жергілікті ресмилер бұл мәселені реттеуге тырысудамыз дегенді айтады. Спорт және туризм министрлігінің маманы Виктор Янковенконың айтуынша, алдағы уақытта жаңа мотель, лагер, кафелер, автотұрақтар салынатын көрінеді.

Бірақ, минскілік азаматтардың айтуынша, шетелдік азаматтардың Беларусь еліне жиі сапар шекпеуіне негізгі себептің бірі – 1986 жылы Чернобыльдағы ядролық стансада болған апат. Ал одан бүкіл әлем елі хабардар дейді өз есімін атамауды өтінген азамат.

- Беларусь еліне турист қонақтардың келмеуіне негізгі себеп - Чернобыль ядролық стансасындағы апат қой. Кімде болса улы радиациондық сәуледен үрікпей ме? - дейді бұл жігіт.

Дегенмен, бұл мәселенің өзге тереңірек себептері де жоқ емес секілді. Құпия қалуды қалаған минскілік бір азаматшаның айтуынша, Батыс елдері Беларустағы демократиялық үрдістерге қарсы жағдайды жақсы біледі.

- Жалпы келетіндер біздегі саяси режимді ұнатпаса керек, - дейді бұл бойжеткен.

Сондай-ақ, батыс елдері наурыз айында Беларусь елінде өткен президенттік сайлау кезінде кездескен заңсыздық, келеңсіздіктерді сынап келгендігі белгілі. Оның үстіне, бұл елдегі адам құқықтарының аяққа тапталуы, сөз еркіндігінің жоқтығы да тағы бір себеп.

Бір қызығы, Беларусь азаматтарының шетелдік сапары да бұрынғы кездерге қарағанда, азая бастағандай. Атап айтсақ, үстіміздегі 2006-жылдың алғашқы 3 айында шетелдерге 224 мыңдай азамат сапар шеккен болса, бұл өткен 2005-жылмен салыстырғанда 10 мың адамға кем.
XS
SM
MD
LG