Accessibility links

«Ұлт тағдыры» қозғалысы «Халықтың көші-қоны туралы» заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет деп санайды


Қазақстандағы «Ұлт тағдыры» қозғалысы 1997 жылы желтоқсан айында өмірге келген «Халықтың көші-қоны» туралы заңы қазіргі өмір талаптарына сай емес, яғни ескірген деген қортындыға келіп, соған байланысты өздері әзірлеген, көші-қон заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жаңа заң жобасын ұсынып отыр. Бұл туралы тамыздың 24-і күні Алматыда «Ұлт тағдыры» қозғалысының басшылары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған кездесуде мәлім етті.

«Ұлт тағдыры» қозғалысы төрағасының орынбасары Бейбіт Қойшыбай осыдан 9 жыл бұрын өмірге келген «Халықтың көші-қоны туралы» заңының ескіргенін, заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу өмір талабынан туындағанын айтты.

- Шетелдерден тарихи Отанына оралған қандастарымыздың елге оралғаннан кейінгі жағдайлары, оларға көрсетілетін көмектердің аздығы және бар көмектердің жетпеуі, сондай-ақ оларға Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін әлеуметтік көмектердің бірден тоқтатылуы немесе шектелуі - бүгінгі күн тұрғысынан ешқандай сын көтермейді, - деді Б.Қойшыбай.

Оның айтуынша, шетелдерде жүрген қандастарды олардың азаматтығына қарамай қамқорға алып, олардың намысын қорғау қажет.

- Жалпы, шетелдерде тұрып жатқан қандастарды ата-баба жұртына оралуға мұқият көңіл бөліп, барлық жағдайларды жасау - мемлекеттің міндеті болмақ. Бұл тұрғыда Ресей, Израил секілді мемлекеттердің орыс, еврей халқын қалай қорғап отырған саясатынан үлгі алуға тиіспіз, - деді Б.Қойшыбай.

Ал «Ұлт тағдыры» қозғалысының басқарма мүшесі Болат Дүйсенбі, Қазақстанға оралып жатқан оралман қазақтардың алғашқы 5 жылда Қазақстанда, жаңа ортада бейімделу қажеттілігін ескеріп, олардың Қазақстан азаматтығын алғанына қарамастан осы уақыт ішінде оралман мәртебесінен айырмау керек екендігін айтады.

- Сондай-ақ оралман қазақтарға үй, баспана салып алуларына көмек ретінде тегін 10 сотық жер беру керек, ал оларға көмек ретінде берілетін ақша Қазақстанда үй, баспана сатып алуға жетпейді сондықтан сол ақшаға олар жер берілсе үй-баспананы олардың өздері тұрғызып алады, - дейді ол.

Сондай-ақ, шетелден келіп жатқан қазақтар арасында небір талантты, білімді азаматтар аз емес, соларды жақсы қызметтерге, маманды жұмыстарына тарту мәселесі жаңа заңға енгізіліп отыр дейді Б.Дүйсенбі.

Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев Қазақстанда, көші-қон мәселесінде әлі шешуін күтіп жатқан мәселелердің бар екендігін айтады. Сондықтан, осы көші-қон мәселелерін реттейтін арнайы үкіметтік бағдарлама не жаңа заң қажет дейді ол.

«Ұлт тағдыры» қозғалысы өзі дайындаған «Халықтың көші-қоны туралы» заңына енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларын алдағы күндері баспасөзде жария етпек, ал қыркүйек айының 1-і күні парламент депутаттары назарына ұсынбақшы.
XS
SM
MD
LG