Accessibility links

Баспасөзге шолу. 08.24.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз жаңа үлгідегі теңге банкноттарына сипаттама беріпті. Сонымен бірге газеттерде бірқатар ұйымдардың теңгенің жаңа түріне қарсы екендігі жазылса, тағы бір газетте Халық банкінен 100 миллион теңге ұрланғандығы айтылыпты.

Осы жылдың қараша айында айналымға енгелі отырған теңгенің жаңа үлгісіндегі бейнелерге «Казахстанская правда» газеті көлемді түсініктеме келтіріпті. Банкнотты жаңаша бейнелеп шығарған Меңдібай Әлин аталған газетке берген сұхбатында теңгенің үлгісін жасағанда Қазақстанда соңғы жылдары болған өзгерістерге мән беруге тырысқандығын айтыпты. Ондағы суреттер өткен күн мен болашақтың жалғастығын білдіреді, дейді Меңдібай Әлин. «Банкноттағы басты белгі - әлемге жайылған алақан. Бұл элемент көпшілікке түсінікті және барлық халықта ортақ ұғымға ие. Теңгені жасау барысында Меңдібай Әлин өзінің көптеген кітаптармен танысып, археологиялық және этнографиялық мәліметтермен мейлінше қаныққандығын айтады. Шетелдің мамандары бұл жұмысқа жақсы баға беріп жатыр» депті теңгенің жаңа үлгісін жасаған Меңдібай Әлин «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында.

Банкноттың жаңаша бейнеленуіне бірқатар қоғамдық ұйымдар қарсы екендігі «Түркістан» газетінде айтылыпты. Газетте республикалық «Ұлт тағдыры» қозғалысының теңгенің жаңа түріне қатысты Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Әнуар Сәйденов мырзаға жолдаған ашық хаты басылыпты. Онда аталған ұйым теңгенің жаңа үлгісі екі тілде жазылуының және теңгеден әл-Фарабидің бейнесі алып тасталуының себептерін сұраған. «Ұлт тағдыры» қозғалысы теңгенің екі тілде жазылуы Қазақстан Конституциясына қайшы деп есептейді. «Бүкіл адамзат мойындаған, тарихта екінші Аристотель деген атақ алған ғұлама әл-Фарабидің бейнесі теңгеден түсіп қалуына не себеп?» делінген «Түркістан» газетінде басылған ашық хатта.

Ал «Экспресс К» газеті болса теңгелердің әртүрлі пішінде жасалғанына мән беріпті. 200 теңгеден бастап 10000 теңге аралығындағы ақшалардың көлемі әртүрлі және түр-сипаты бір-біріне ұқсамайды. «Банкноттарда арнайы құралдың көмегінсіз айыруға болатын қорғаныш элементтері көптеп енгізілген. Сонымен бірге жаңа ақшаларға көзі нашар көретіндер үшін айыру белгілері де салынған. Онда ақшаны қолдан жасауды қиындататын белгілер: қорғаныш жібі, түр-түсі құбылып тұратын және көшірме жасауға көнбейтін элементтер бар. Ақшаны жасағанда арнайы қағаз бен бояу қолданылған» деп жазды «ЭкспрессК» газеті.

Қолданыстағы теңгені жаңа банкноттарға ауыстыру осы жылғы қарашаның 15-інде басталатындығы «Комсомольская правда: Казахстан» газетінде айтылыпты. «Айырбастау кезінде жаңа теңге мен қолданыстағы теңгенің құны бірдей болады. Ұлттық банкінің мамандары қазіргі қолданыстағы ақшаны жаңасына айырбастауға қатты асығудың қажеті жоқ екендігін айтып отыр. Өйткені, айырбастау уақыт бір жылға созылып, қазіргі қолданыстағы теңгенің түрі 2007 жылдың 14-ші қарашасында ғана жарамсыз болып қалмақ екен. Осы уақыт аралығында теңгенің екі түрі де қатар өмір сүреді. Теңгені ауыстыру барысында банкноттарды қабылдаудан бас тартқандарға айыппұл салынады» делінген «Комсомольская правда» газетіндегі мақалада.

Теңгенің жаңа үлгісін шығарудағы басты мақсат – жалған ақшалардан сақтану екендігі «Литер» газетінде айтылыпты. «Интерпол мемлекеттердің басты банктеріне банкноттарды әр 5-7 жыл сайын ауыстырып тұруға кеңес береді. Ескі ақшаларды жаңасына ауыстыру - әлемдегі қарапайым тәжірибе» делінген мақалада. «Сонымен бірге Ұлттық банкі теңге ауыстыру процесі ақша бағасына әсер етпейтіндігіне кепілдік беріп отыр» деп жазды «Литер» газеті.

Ұлттық банк теңгенің жаңа түрін таныстырып жатса, Халық банкінен 100 миллион теңге ұрланғандығы «Комсомольская правда» газетінде баяндалыпты. Халық банкінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалындағы банк қызметкерлері осыншама көлемдегі қаржыны жымқырғандығы облыстың экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің тексеруі кезінде анықталған. Аталған департаменттің баспасөз хатшысы Дәурен Тұрғынбайдың айтуынша, Сарыағаш бөлімшесіндегі төрт қызметкер банк тұтынушыларының есебінен жеті ай бойы жеп отырған. «Қазіргі таңда олардың әрекетінен 61 адамның100 миллион теңгесі желінгендігі анықталып отыр. Тергеу аяқталып, осы іс сотқа берілген. Бұл уақытта басты айыпталушы қашып үлгеріп, оған іздеу жарияланған» делінген «Комсомольская правда» газетіндегі мақалада.
XS
SM
MD
LG