Accessibility links

Металлургия байыту институтының ғалымдары ел президентіне ашық хат жолдады


Тамыздың 24-і күні Алматыда Металлургия байыту институтының ғалымдары шұғыл баспасөз жиынын өткізіп, Қазақстан президенті атына ашық хат жолдады. Оған үкімет басшысы Даниал Ахметовтің аталмыш институтты жабу туралы қаулыға қол қойғандығы себеп болыпты.

50 жылдан астам тарихы бар Алматы металлургия байыту институтын жабу туралы қаулыға үкімет басшысы тамыздың 23-і күні кешкісін қол қойған. Бұл ақпаратты сенімді дерек көздерінен естіген аталмыш институттың директоры Бағдаулет Кенжалиев демалыста жүрген қызметкерлерді жинап, шұғыл түрде президенттің атына ашық хат жолдап, көмек сұрауға мәжбүр болады.

“Жабыла қалған жағдайда біз тек президенттен ғана көмек күтеміз. Өйткені, бұл ғылымды суға жіберудің көрнісі. Әр министр келген сайын жаңа бірдеме жасағысы келеді. Осыны кейбір шенеуніктер керісінше пайдаланады. Іргелі ғылым ордасын жабу туралы N800 қаулы шығарылған”, - дейді Бағдәулет Кенжеәлиев.

Оның сөзіне қарағанда, аталмыш институтты жауып оның орнына Жер туралы орталық құру туралы әңгіме бұған дейін де екі рет қозғалған екен. Ғылыми институттың ұжымы үкіметтің мұндай шешіме өз наразылықтарын білдіріп екі рет Қазақстан президенті атына хат жолдап институтты сақтап қалыпты.

“Ғылыммен айналысатын адамдарға жұмыс істеуге мүмкіндік берілу керек. Бұған дейінгі институтты жабуға бағытталған әрекеттер салдарынан мамандарымыздан айырылып қалдық. Мұндай қитұрқы әрекеттер табысы мен қиындығына қарамай ғылымға келіп жатқан жастардың болашаққа деген сенімін жоғалтады”, - дейді институттың ғылыми қызметкері Владимир Бобров.

Ашық хат жолдап отырған ғалымдар Қазақстан тәуелсіздігін алған 15 жыл ішінде институт ғалымдарының қол жеткізген жетістіктері аз болмағанын алға тартты.

“Осы 15 жыл ішінде біз халықаралық деңгейге де шығуға мүмкіндік алдық. Бізде Нобель сыйлығына ұсынылған ғылыми еңбек бар. Алайда бұл дәл қазіргі уақытта ешкімді ойландырып, ешкімді қызықтырып отырған жоқ”, - дейді профессор Есен Сүлейменов.

Ғылыми институтты жабу туралы үкімет қаулысының күшін жоюды сұрап президент атына жолданған ашық хатқа институт ұжымынан басқа А.Бектұров атындағы химия институтының, Д.Сокольский атындағы электро химия және органикалық катализ ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері де қол қойған.
XS
SM
MD
LG