Accessibility links

Қазақстанда заңсыз еңбек етіп келген шетел азаматтарын рәсімдеу жүргізіліп жатыр


Қазақстан тұрғындарының үйінде аспазшы, бағбан және үй шаруашылығын жүргізетін шетел азаматтарын рәсімдеу жалғасып жатыр. Олардың көбі Өзбекстан азаматтары екен. Бұл туралы Астанада тамыздың 25 күні Астананың көші-қон полициясының бастығы Борис Колесниченко хабарлады. Ал, жергілікті жұмыс берушілер мен Өзбекстан азаматтарының кейбіреуі құжаттарымызды рәсімдеуге уақытымыз жоқ деп отыр.

Қазақстанға Наманганнан келген Өзбекстан азаматы Осман Юлдашев Астана пәтерлерінің бірінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ол өзінің Қазақстанға келгендегі мақсаты жайында «Азаттық» тілшісіне былай деп түсіндірді:

- Өзбекстанда еш жұмыс жоқ, пұл жоқ. Қазақстанда істеген жақсы, бір жағынан пұлдары жоғары. Бір ай істесек шамамен 100 доллардан көп пұл аламыз, ал, Өзбекстанда істесек жүз мың сомнан аз аламыз, ол жетпейді.

Осман Юлдашев сияқты шетелдіктер Қазақстанда соңғы кезде көбейіп келеді дейді Әкімшілік полицияның миграция және азаматтық басқарма бастығының орынбасары Еркінбек Жиенбаев:

- 2005-тен бастап жыл сайын Қазақстанға келіп жатқан шетел азаматтары өсіп отыр. Ресми сараптама бойынша қазіргі уақытта 200-300 мың шетел азаматтары Қазақстан аумағында жұмыс жасап жатыр.

Астана пәтерлерінің ішін жөндеумен айналысатын кәсіпкер Берік Айбарұлының пікірінше, оған Өзбекстан азаматтарын жұмысқа алған тиімді:

- Біз жұмыс үшін сұрайтын бағадан олар жарты бағаға істейді. Түн жарымда келсек те жұмыс істеп жатады, істейтін жерінде көрпелерін төсеп жата береді, көк шай мен тандыр нан болса болды.

Көші-қон полициясының мәліметінше, осы уақытқа дейін 23 мыңнан астам шетелдік азаматтың жұмысы заңдастырылыпты. Оларға арнайы үлгідегі миграциялық құжаттар берілген. Бұл полицияның заңдастырамыз деген жорамалды шамасының төрттен бір бөлігі. Заңдастырылған шетелдіктердің басым бөлігін Өзбекстан азаматтары құрайды екен. Сонымен бірге Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей азаматтары да тіркелген.

Қазақстан облыстарының ішінде мұндай шетелдіктер Алматы облысында бәрінен көп болып шықты. Одан кейін Атырау, Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары. Көші-қон полициясының мәліметінше, қазір жұмыс берушілер өз жұмыскерлерінің ішіндегі шетелдіктерді біртіндеп заңдастырып жатыр. Әйтсе де, жұмыс берушілердің кейбіреуі бұл шараға уақыттарын кетіргісі келмейтіндіктерін жеткізіп отыр. Астана пәтерлерінің ішін жөндеумен айналысатын кәсіпкер Берік Айбарұлыда осы пікірді ұстанады:

- Миграциялық карточканы толтыруға уақыт кетеді, оған жүгірмейміз.

Азия аумағында тұңғыш рет жасалып отырған рақымшылық шарасы биылғы жылғы 1 тамыздан бастап 31 желтоқсанға дейін 5 ай бойы жүргізіледі деп хабарланып отыр. Әкімшілік полицияның миграция және азаматтық басқарма бастығының орынбасары Еркінбек Жиенбаевтың айтуынша, осы уақыт ішінде жұмыскерлерін заңдастырып үлгірмеген жұмыс берушілерге әкімшілік шаралар қолданылатын болады:

- Әкімшілік кодекс бойынша айыппұл салынады, сот арқылы шетелге ығыстырылады. Оған жұмсалатын қаржыны жұмыс беруші төлейді. Есеп-шотында ақша болмаса, онда үкіметтен бөлінген есеп-шоттан ақша бөлініп, шетелге ығыстырылып соттың шешімі орындалады.

Астана қаласы бойынша көші-қон полициясының бастығы Борис Колесниченконың айтуынша, соңғы уақытта Қазақстан тұрғындары үйіне аспазшы, бағбан және үй шаруашылығын жүргізетін шетел азаматтарын қатыстырады. Олардың көбі Өзбекстан азаматтары. Оның сыртында Қырғызстан және Ресей азаматтары бар, дейді ол.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан осы рақымшылық шарасынан кейін елде заңсыз жұмыс істеп келген мигранттардың 30 пайызы заңды құжаттарын алады деп күтілуде.
XS
SM
MD
LG