Accessibility links

Солтүстік Кавказда ұрланған журналист құпия түрде Шәміл Басаевқа тұрмысқа берілгендігі шын ба?

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Шешенстандық журналист Елина Ерсеноеваның өсіп-өнген отбасынан хабарланғанындай, 26 жастағы журналист Елина құпия түрде шешенстандық әсірежікшіл Шәміл Басаевқа үйлендіріліпті.

Міне сол Шәміл Басаев шілде айының басында орыс әскери күштерімен болған операция кезінде өлтірілді. Ал Адам құқықтары бойынша Халықаралық Хельсинки қорының мәліметіне қарағанда, Елина Ерсеноева, өз еркінен тыс, Шәміл Басаевқа күшпен берілген көрінеді.

Шешенстандағы атышулы жікшіл-сеператист жауынгер Шәміл Басаевты орыс әскерлері өлтіргеннен кейін оның қалыңдығы делінген 26 жастағы журналист Елина Ерсеноева жөнінде, әсіресе оның қалай жоғалғандығы туралы көптеген әңгіме тарады. Бұл арада халықаралық ұйымдардан «Шегара білмейтін репортерлар» мен Журналистерді қорғау комитеті Ресей және Шешенстан ресмилерінен Елинаны тұтқыннан құтқаруға көмектесуге шақырып жатты.

Сондай-ақ, «Шешен қоғамы» тәуелсіз апталығының тілшісі де өзінің соңғы мақаласын Грозныйдағы түрмедегі ауыр ахуалға арнаған.

Ол автор Ерсеноеваның ұрлануы жөнінде болмаса да, оның Шәміл Басаевқа тұрмысқа берілгендігі туралы бірер болжам айтады. Ал, іздестірлудегі Шәміл Басаевтың Бесландағы мектеп кепілдік тұтқыны операциясын басқарғандығы жөнінде мәліметпен көпшілік хабардар екендігі белгілі.

Елина Ерсеноева жөнінде деректер іздеген Халықаралық Хельсинки қорының атқарушы директоры Арон Роудес бұл орайда былай дейді:

- Белгілі болып отырғанындай, журналист Ерсеноеваның Шәміл Басаевқа тұрмысқа берілген. Біздің түсінігіміз бойынша, журналистің бұл орайда кінәсі жоқ. Ерсеноева онсыз да басынан талай тауқыметті өткізген. Бұл зорлық некесі арқылы бұзылған адам құқықтарын ақтауға ешқандай негіз де болмауы керек.

Ресей және Шешенстан тергеушілеріне жазған ашық хатында Хельсинки қорының директоры Роудестің жазғанындай, Елина Ерсеноева өзінің ұрлануынан 2 күн бұрын мәскеушіл үкімет басшысы Рамзан Қадыровтың қауіпсіздік күштері өзіне және оның отбасына күш көрсетіп, ауызша зорлық, қоқан-лоқы жасай бастағандығын айтып шағымданыпты. Хельсинки қорына жазған хатында Елина өзін бір ай бұрын өлтірілген есімі аталмаған бүлікшіл жауынгерге қосып қойғандығын айтыпты. Ал, Басаев болса шілденің 9-ында өлтірілген.

Дегенмен, Халықаралық Хельсинки қоры Грозныйда тамыздың 24-інде тараған бұлақтардан Елинаның Басаевқа үйлендірілгендігі жөнінде мәліметке ие болады.

Шешенстандағы бейүкіметтік ұйымдардың Ақпараттық орталығының басшысы Таиса Исаеваның «Азаттық» радиосының тілшісіне айтуынша, Ерсеноеваның бұл құпия некесі жөнінде ол журналистің отбасылық туыстарынан біліпті.

– Елинаның Басаевқа тұрмысқа шыққандығы ақиқат. Ол некеге бірер жыл болған. Елинаның жақындары Ресей және Шешенстандық арнаулы күштер шақырып сөйлескен кезде ғана өз қыздарының Басаевқа жар болғандығын біліпті. Тіпті оның анасы бұл жөнінде Басаев өлтірілгенінен кейін есітіпті. Оған дейін Елина ешкімге тіс жармаған, - дейді Исаева.

Дегенмен, бейүкіметтік ұйым мен Хельсинки қорының мәліметіне қарағанда, Елина Шәміл Басаевқа зорлап, күштен берілгендей. Тіпті Басаев бұл журналисті өз мақсатында пайдаланғандығы да мүмкін екен.

Міне енді, Елинаның ата-анасы оның Басаевта тұрмыста болғандығын пайдаланып, тиісті органдар оны тағы да қинау, азаптауға салып, тіпті түрмеге отырғызуы мүмкін деп алаңдайды.

Шындығында, Шешенстанның Мәскеу билігіндегі әкімшілік журналист Елина Ерсеноеваның ол құпия некесі жөнінде тергеуге кірісіп отыр.

Ал, бұл журналисті осыдан бірер жыл бұрын шаңқай түсте форма киген бетперделі қарулы топ Грозныйдың орталығынан ұрлап кеткен екен. Енді, Басаев өлтірілгеннен кейін журналист тағы да басқа бір тұтқында отыр. Бұл ретте Шешенстанның ресейшіл арнайы күштерінің қолында. Ал, оның әке-шешесінің өз перзентерімен бір ауыз сөйлесуіне де әзірше мүмкіндіктері болмапты.
XS
SM
MD
LG