Accessibility links

Семей ядролық сынақ полигонын жабу үшін құрылған қозғалыстардың мұраттары толық орындалды ма?

  • Гүлмира ХАМЗА

Тамыздың 29 күні Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 15 жыл толды. Бұл полигонның жабылуына ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов бастаған “Невада- Семей” қозғалысы үлес қосқаны мәлім. Бүгінгі таңда, мамандардың айтуынша, полигон жабылғанымен, полигон орны тазаланбаған, халыққа жағдай жасалмаған. Ал Кеңес Одағы кезінде полигон мәселесін көтерген “Невада-Семей” қозғалысының кейбір бөлімшелері жабылып, тарқап кеткен. Оның себебін қозғалыс жетекшілері қаржының жоқтығымен түсіндірсе, бақылаушылар мұны соңғы 15 жылда өзгерген тұлғалар мен саясатпен байланыстырады.

Үстіміздегі жылдың тамыз айы “Невада-Семей” қозғалысына мүше азаматтарға ерекше ай. Себебі, осыдан 15 жыл бұрын олар өздері көтерген мәселе шешімін тауып, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей полигоны жабылған болатын. Бірақ, 15 жыл бұрын орын алған оқиғаны “Невада-Семей” қозғалысының мүшелері мен жетекшілері ерекше атап өтіп жатқан жоқ.

- Бұл күні әдеттегідей бас қосады, бар мәселені айтады, сонымен тарқап кетеді. Бұл әбден өкінішті, - дейді “Невада-Семей” қозғалысы төрағасының орынбасары Майдан Әбішев.

Ол бұл күн қоғамдық ұйым тарапынан неге атап өтілмей қалғанын былайша түсіндірді:

-Үкіметтегілер айтыпты: үстіміздегі жылы біз өзіміз ұйымдастырымыз, сіздер ұйымдастырмай-ақ қойыңыз деп. Алайда, мен шақыру алған жоқпын, оның алдында Олжас Сүлейменовке телефон шалдым, бірақ ол кісі үкіметтегілер өздері ұйымдастыратын шығар деді.

Полигон жабылғанын ұмытпай, тамыздың 29 күні Алматы көшесіне Амантай қажы Асылбек бастаған “Аттан” қозғалысының мүшелері ұрандатып шыққан.

Амантай қажы жыл сайын өз үйінің маңында полигонның жабылғанын күнін атап өтетінін айтады. “Аттан” қозғалысының мүшелері бұл жолы да матаға жазылған ұрансөздер мен жалауларды алып шықты. Ал күнделікті өмірде Амантай қажының ол ұрандары Алматының Наурызбай батыр мен Шевченко көшелері қилысында ілініп тұрады.

- Полигонды жабу қиынға соқты, бірақ, біз 2 миллион адам көтерілді, 100 мыңдай адам бейбіт шеру өткізіп жапқыздық. Нұрсұлтан Назарбаевқа рахмет, ол кісі ресми түрде полигонды жабу туралы құжатқа қол қойып берді. Негізі полигодны жапқан - қазақ халқы, “Семей-Невада” қозғалысы және “Аттан Қазақстан” бейбіт шеруі, - дейді Амантай қажы.

Үстіміздегі жылы 26 жасқа толған Нағима Есжанова қандайда бір саяси қозғалысқа мүше емес, ол “Аттан” немесе “Семей-Невада” қозғалысы жайында да білмейді. Бірақ ол полигон зардабы адам денсаулығына қалай әсер еткенін жақсы біледі. Оның туған жері полигонға жақын болған. Нағима туған жиені полигон сынақтарынының зардабынан кемістікпен туғанын айтады. Жиенінде қандай кемістік бары жайында Нағима айтқысы келмейді, бірақ болашақта ол бұл мәселені зерттеп, зардап шеккендердің құқығын қорғағысы келеді:

- Мен сол жақта 20 жылдай өмір сүрдім, ал маған беретін 10 мың теңге, бұл ақшаны мен не істеймін, неге жетеді?

Семей полигонының зардабын шеккен халық жәрдемақы алғанымен, берілетін ақша көлемі аз дегенді айтады. Осының салдарынан халық дұрыстап емделмейді, денсаулығын күте алмайды, дейді өзінің аты-жөнін атағысы келмеген полигон маңында туып өскен азамат:

- Бұл мәселені көтеретін азаматтар жоқ болып тұр.

Семей полигоны маңында тұратын азаматтардың айтуынша, Семей өңірінде ерте өлім көп, жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсаушылар көп. Семей полигоны зардабы мен осы өңірдің экологиялық мәселесін көтеріп жүрген азаматтардың пікірінше, бұл аймақтың шешілуі тиіс проблемалыры әлі көп.

- Ең алдымен жерді радиациядан тазартып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру керек, оларды жұмыспен қамтамасыз ету қажет. Бірақ оған үкіметтің ақшасы болмай отыр, егер үкіметтен көмек болмаса, бізден қайдан болсын көмек, - дейді “Невада-Семей” қозғалысы төрғасының орынбасары Майдан Әбішев.

Ал бұл уақытта 26 жасар Нағима Есжанованы бір сұрақ толғандырады. Оны “Кеңес Одағындағы тоталитарлық жүйе кезінде Семей полигоны мәселесін көтерген ағалар неге қазір сол полигонның шешімін таппаған мәселесін көтермейді?” деген сұрақ мазалайды.

“Семей-Невада” қозғалысының жетекшілері бұл саясатқа байланысты, полигон зардабын шешкен азаматтардың жағдайына Ресей жауапты деген пікірде. Ал полигонның жабылуына атсалысқан азаматтардың бірі, кезінде Қазақстан Жоғары Кеңесін басқарған саясаткер, Қазақстанның Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин мұның себебін былай деп түсіндіреді:

- Оны шешу үшін қозғалысты бастаған Олжастың да үні болуы керек еді, ол осы өңірді көзінің тасасынан шығармауы керек, бірақ ондай жағдай болмады, себебі, барлық қаржы, мүлік бір адамның қолында.

1949-1989 жылдар аралығында қазақ жерінде 500 астам жарылыс болған. Осының салдарынан 300 мың шаршы километрдей жер радиациямен ластанып, миллионнан астам адам зардап шеккен.
XS
SM
MD
LG