Accessibility links

Конституция күні Алматының орталық алаңына шыққан оппозиция өкілдерін полиция ұстап әкетті


Тамыздың 30 күні Алматының орталығында Қазақстанда әлі тіркелмеген “Алға!” партиясының белсенділерін полиция ұстап әкетті. Полиция оларды Алматыдағы Республика алаңында қазақстандықтарға парақша таратқаны үшін ұстаған. Бұл күні қазақстандықтар Конституция күнін мерекелеп жатқан болатын. Заң сақшылары әлгі ұсталғандарды полиция мекемесінде екі сағаттан астам уақыт ұстағаннан кейін босатқан.

30-тамыз - Конституция күні, Қазақстанда ресми тіркелмеген “Алға!” партиясының белсенділері жұртшылықпен Ата заң жайында пікір алмасып, Конституцияға байланысты өз ойын ашық айту үшін Алматының Республика алаңына шыққан. Алайда, олардың адымы алысқа бармады, алаңдағы жұртқа Конституция туралы айтпақ болып белсенділік танытқан бес адамды полиция сақшылары ұстап алып кеткен. Олардың бірі “Алға!” партиясының Алматы қалалық бөлімшесінің жетекшісі Әлихан Рамазанов, өздері көшеде баспа өнімдерін таратып жүрген кезде ұсталғанын айтты «Азаттық» радиосына:

-Алаңда біз “Азат” газетін, парақшаларды тараттық. Онда Алтынбек Сәрсенбайұлының соты жайында жазылған болатын. Сонын барлығын таратамыз деп, жиналып тұрғанбыз, бір уақытта бір топ полиция сақшылары келіп, партия белсенділерін дөрекілікпен көлікке отырғыза бастады. Біз оларға түсіндіріп айттық, біз Конституция күні халыққа айтамыз дегенді айтып, еркін пікір алмасуға құқымыз бар деп. Негізінен, әлгіндей азаматтық құқықтар жайында біздің Конституцияда жақсы жазылған, бірақ біздің шенеуніктер, сондағы бадырайта жазылған баптарды қаперіне ілместен бізді алып кетті. Біздің арамызда 9 жасар баласы бар әйел де болды.

Қамауға алынған бес адамның арасындағы балалы әйел 40 минуттан кейін босатылған, ал қалған 4 адамды полиция сақшылары өздерінің бөлімшелерінде екі жарым сағаттай ұстаған, бірақ қандай да бір түсінік беруден бас тартқан. Ұсталған азаматтардың айтуынша, полиция сақшыларының өздері Конституцияны білмейді. Мәселенің мән-жәйін білу үшін Алматының Бостандық ауданының полиция бөлімшесіне хабарласқан «Азаттық» тілшісі, қойған сауалына нақты жауап ала алмады.

- Сіздер 54-47-76 телефонына хабарласыңыздар, сонда сіздерге нақты жауап береді, - деді полиция бөлімшесінен өз аты-жөнін атамаған қызметкері.

Алайда бұл күні әлгі аталған телефон жауап бермеді. Бұл күні мейрам болғандықтан Алматының полиция сақшылары Конституция күнінде қала бойынша ерекше жұмыс тәртібінде қызмет атқарып жүрген.

Бұл күні полиция өкілдері, әдетте әр айдың 30 күні Алматының ескі алаңында жиналатын зейнеткерлерді де сырттай бақылап жүрді. Алматылық зейнеткерлер ай сайын әлеуметтік мәселелерді айтып, наразылық білдіруге жиналатын.

- Бүгін Конституция күні болғанымен, біз үшін бұл күн мереке емес, себебі, біздің конституциялық құқығымыз жиі бұзылады, - дейді 80 жастан асқан зейнеткер Анна Говяронская.

Оның пікірінше, бұл мереке - қарапайым халыққа арналмаған, тек үкіметте отырғандарға арналған мейрам. Анна Говяронская сияқты зейнеткерлердің арасында бұл алаңға 8 жылдан бері келіп жүргендер бар. Олар сәрсенбі күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы үндеу жариялады. Ол үндеуде зейнеткерлер өздерін толғандырып жүрген мәселелерді жазған. Биліктен әлеуметтік әділдікті іздеген зейнеткерлер мен мүгедектер енді президенттен жауап алатын шығармыз деп үміттенеді.

Ал бұл күні Алматының орталық алаңына жиналған жұрт осындағы мерекелік концертті көріп, тамашалады.

Конституция күнінде көңіл күйі көтеріңкі жүрген азаматтар да аз емес. Солардың бірі Қытайдан Қазақстанға келген Ержан Оңғартегі өз ойын былайша сабақтайды:

- Біріншіден, мына алтын заңымыздың шыққанына 11 жыл толды, сонымен қатар оның атқарылуы дамушылыққа ие екен.

Конституция күнін мерекелеу үшін алаңға жиналған кейбір азаматтардың пікірінше мереке күні алаңға келушілер аз. Оның себебі әртүрлі болуы ықтимал, дейді тарихшы маман Бейбіткүл Әшімова:

- Азаматтардың құқығы қорғалмағандықтан бұл мереке айтарлықтай мәнді аталмайды деп айтуға болады.

Конституция күнінде тарихшы әрі ұстаз-маман Бейбіткүл Әшімова қазақстандықтарға елдің Негізгі заңын біліңдер деп кеңес береді, тілек айтады. Ал сол Ата заңдағы көрсетілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтары жайлы ойларымен бөліспек болған “Алға!” партиясының белсенділері 2 сағаттан астам уақыт полицияда қамауда отырып шықты.
XS
SM
MD
LG