Accessibility links

Өзбекстан билігі лаңкестік жасаған деген күдікпен іздеу салған Қырғызстан азаматын Қазақстан өз жерінде ұстап, Өзбекстанға берді


Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Астананың халықаралық әуежайында 31 тамызда жергілікті құқық қорғау органдары Қырғызстан азаматы Надиржон Худойназаровты Өзбекстанға берді. Өзбекстан билігі оған лаңкестік жасаған деген күдікпен іздеу салған. Бірақ, кейбір қазақстандық заңгерлер Өзбекстан билігі саяси қарсыластарын алуы ықтимал, ал, бұл Қазақстан қосылған халықаралық шарттарға қайшы келеді деп отыр.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің қызметкері Ботагөз Ыбыраеваның хабарлауынша, Қазақстанның бас прокуратурасының санкциясы негізінде 31 тамызда Астананың халықаралық әуежайында Қырғызстан азаматы Надиржон Худойназаров Өзбекстанға экстрадицияланды. Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің сұрауы бойынша оны Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік органдары Астанада ұстаған. Худойназаровты Өзбекстанның құқық қорғау органдары 18 ауыр қылмыс жасаған деген айыппен іздеген деп хабарлайды Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің қызметкері Ботагөз Ыбыраева:

- Ол лаңкестікке қатысы бар, қолданыстағы конституциялық құрылымды құлатуға әрккет жасаған деп айыпталады. Ол жастарды зорлықпен және өліммен қорқыта отырып оларды тыйым салынған діни экстремистік ұйымдардың қатарына тартқан.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің қызметкері Ботагөз Ыбыраеваның айтуынша, Худойназаровқа кісі тонаумен, қарақшылықпен және адам өлтірумен айналысқан деген айыптар тағылған.

Ол Өзбекстан республикасы қылмыстық кодексінің бірнеше баптары бойынша қылмыс жасады деп күдіктелуде, оның ішінде қасақана кісі өлтіру, лаңкестік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру, Өзбекстанның конституциялық құрылымына қол сұғу, ар-ождан бостандығын бұзу және тағы басқалар. Бірақ, кейбір қазақстандық заңгерлер бұл Қазақстан қосылған кейбір халықаралық шарттарға қайшы келеді деп отыр.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро төрағасы Евгений Жовтистің айтуынша бір күдіктіні екінші елде тұтқындауға құқық беретін «Минск конвенциясы» тек Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберінде жұмыс істейді.

- Көптеген елдерде күдіктілерді өзге елге беру шешімі сот үкімінен кейін ғана беріледі, ал «Минск конвенциясы» шеңберінде бұл үдеріс бас прокуратуралардың шешімімен жүзеге асырылады, - дейді Евгений Жовтис.

Осылайша екі мемлекеттің құқық қорғау органдары «Минск конвенциясымен» бүркемеленіп өздерінің саяси қарсыластарын алады, дейді Евгений Жовтис.

Қазақстанның бас прокуратурасының баспасөз қызметкері Сәулебек Жәмкенұлының айтуынша, іс жүзінде бұл екі елдің прокуратурасының келісімімен жасалады:

- Бізде енді жеңілдетілген түрі болу керек, сол екі мемлекет отырған келісімге байланысты. Мысалы, Өзбекстанда баяғы лаңкестікке қатысып қашып кеткен адамдар бізде ұсталып соны қайтарған болатынбыз.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі бюро төрағасы Евгений Жовтистің айтуынша, біріншіден, сот шешімі шықпаған, қылмыскер екені дәлелденбеген адамның есімін жариялау көптеген заңдарға қайшы. Екіншіден, «Минск конвенциясы» Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберінде жұмыс істейді. Бірақ, оның кейбір баптары Қазақстан қосылған Біріккен ұлттар ұйымының екі құжатына қайшы келеді, дейді заңгер.

- Өйткені «Босқындар мәртебесі» және «Адамды жазалаудағы қинау және басқа да түрлеріне қатысты» конвенциялар бірнеше елге күдіктілерді беруге тыйым салады. Ал, Қазақстан күдіктілерді беріп келген Өзбекстан мен Тәжікстанда адамды қинау фактілері кездеседі, - дейді Евгений Жовтис.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, республикадан лаңкестік әрекетпен айналысты деп күдіктелген адамдар шынында да құқықтық көмек жөніндегі 1993 жылғы «Минск конвенциясына» қол қойған Ресей, Өзбекстан және басқада елдеріне берілген. Бірақ, бұл конвенция басқа шарттарға қайшы келмейді деп хабарланады.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше биылғы жарты жылдықта осымен 5 адам шетелге берілген, олардың көбі Ресей азаматтары.
XS
SM
MD
LG