Accessibility links

Талдықорғандағы сот қандай үкім шығарады?

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты Талдықорған қаласындағы Алматы облыстық сотында өтіп жатқан сот ісі аяқталуға жақын. Жоспар бойынша онда 31-тамыз күні сот айып тағылып отырғандарға үкім шығаруы керек. Аяқталып отырған аптада жарыссөздер аяқталып, сотқа тартылып отырғандар үкім алдындағы ақтық сөзін айтты. Онда олардың барлығы дерлік соттан әділ шешім қабылдауын және өздерін ақтап шығаруын сұрады. Мемлекеттік айыптаушы соттан негізгі қылмыскер деп отырған сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев пен бұрындары ішкі істер қызметінде істеген Рустам Ибрагимовқа өлім жазасын сұрап, Мирошниковқа – 20 жыл, ал «арыстандықтардың» алды - 7, арты - 16 жыл бас бостандықтарынан айыру туралы үкім шығаруын сұраған болатын. Тамыздың соңғы күні өтеді деп жоспарланған сот отырысы қандай үкім шығаруы мүмкін деген сауалға жауап іздеген тілшіміз Данабек Жалмырза сарапшылармен сұхбаттасып көрген еді.

Сонымен, екі айдан астам уақытқа созылған Талдықорғандағы Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты сот ісінде 31-ші тамыз күні үкім жариялануы тиіс. Оның қандай үкім болатыны туралы қазақстандық тәуелсіз журналистер, саясаткерлер, құқық қорғаушылар бір ауыздан «сот прокурордың сұраған жазасын сәл жұмсартқаны болмаса, жазаны сол қатаң күйінде қалдырады» деген болжам айтады. «Ол – биліктің осы сотқа қатысты жасаған сценариінде бар» дейді, кезінде Алтынбек Сәрсенбайұлының көмекшісі болған, әрі саясаткер, әрі «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары Айдос Саримов:

- Себебі, тергеу кезінде болған олқылықтар, қателіктер, ашықтан-ашық жасалған қылмыстар - мысалы үшін, сот кезінде көптеген құжаттар қолдан жасалғаны дәлелденді, сот жәбірленушілердің де, айыпкерлердің де көптеген шағымдарын шетке сырып тастады... Соның бәрінің артын жабу үшін сот барынша қатал жаза беруге тырысатын сияқты. Мұнымен ол тек қана сот пен тергеудің олқылықтарын ғана емес, жалпы қоғамдағы бар ызаны, түсінбеушілікті, өршеленіп келе жатқан наразылықты қатаң жазамен жапқысы келген ойы бар сияқты.

Айдос мырза Қазақстан қоғамы үшін бұл сот ісі өзге кейбір мемлекеттер тарихындағы қоғам келбетін өзгертуге түрткі болған осындай сот істері тәрізді деген теңеу айтады.

- Кезінде, тарихтан білеміз, Францияда «Дрейфустың ісі» деген атышулы сот болған. Ол, қызық жері, осыдан 100 жыл бұрын – 1906 жылы фяқталған. Сот сот, мысалы, Францияның да, дүниежүзінің де қоғамына үлкен әсер еткен іс болды. «Дрейфустың ісінен» Франциядағы социализм күшейіп кетті. Немесе, екінші бір жағы бар, осы «Дрейфустың ісіне» бас-аяғына дейін қатысқан Теодор Герцель деген мықты журналист болған. Сол журналист осы соттың бәрін көріп алып, сосын барып, сионизмді бастап, еврейлер халқын Израйльге көшіргендердің бірі болған. Ол бір ғана көрініс, мысалы үшін. Италияда Маттиотти деген социалисті Муссолинидің жандайшаптары атып өлтірген болатын. Дәл сол істен кейін қоғамдық өмірдің ауысқаны сондай, бүкіл қоғамда нағыз фашистік биліктің орнағанын Италия халқы да, дүниежүзі халықтары да түсінген, - дейді А.Сарым.

«Ал қарапайым қазақстандықтардың осы соттан көңілге түйгені не деген болар едіңіз?» деген сауалға Айдос мырза былай деп жуап берді:

- Сотқа қатысты мақалаларды оқыған, интернеттегі материалдарды көріп отырған кез-келген Қазақстандық адам белгілі бір ойға келеді: шынымен де осындай атышулы істі дәл осындай немқұрайлықпен, қылмыспен қарайтын болса, онда жәй адамдардың өз құқықтарын сот арқылы қорғауға, не әділдік іздеуге қандай мүмкіндігі бар? Ешқандай мүмкіндігі жоқ екенін көріп отыр. Оған әбден көзі жетті. Және де бұның ішінде сот осы жолы қанша қатал жаза шығарғанмен, қоғамдағы сұрақтар азайған жоқ. Ол, тіпті, күннен күнге көбейіп жатыр.

Сонымен қатар сарапшылардың бәрі дерлік қазақстандықтардың Ержан Өтембаев пен Рустам Ибрагимов негізгі қылмыскер дегенге сенбейтіндігін айтады. Әрине, Қазақстанда өлім жазасына мораторий жарияланған, сондықтан сарапшылар «сот өлім жазасын берсе де, оны өмір бойы түрмеде отырумен алмастырады» деп отыр. Ал халықаралық қауымдастық мұндай үкімді қалай қабылдар екен? Бұл сауалға Алматыда орналасқан адам хұқықтарын қорғау және заңдылықтардың сақталуын қадағалайтын бюро жетекшісі Евгений Жовтис былайша жауап берді:

- Мен мұндай үкім халықаралық қауымдастықты қанағаттандырады деп айтпаған болар едім. Олар сот әділеттілік шеңберінің аясында өтті деп айтпаған болар еді. Және олар шынында осы қылмысқа тапсырыс беруші, не осы қылмысты орындаушы нақты анықталды деп те айтпаған болар еді. Сондықтан олардың да ойлары елдің ішіндегідей болар. Олар да сот үкіміне күдікпен қарарына сенімдімін.

Өзі де сотталып, біраз жыл түрмеде отырып шыққан, былайша айтқанда, «Қазақстан сот жүйесін жақсы білемін» деп отырған тәуелсіз журналист Сергей Дуванов мырза да соттың қатаң үкім шығаратынына сенімді және ол көпшілік көкейіндегі күмәнді сейілтуге себеп болады деп ойлайтынын айтады.

- Соттың шешімі көпшілік көңіліндегі алдамшы үмітті сейілтіп, сергелдеңде жүргендердің сенімін анықтап, Қазақстанда әділ сот болады дегенге сенбейтіндердің қатарын көбейте түседі. Жалпылап айтқанда, бұл шешімге қатысты көпшілік пікірі сот, не билік жағында болмайды, - дейді Дуванов мырза.

Бірақ кейбір сарапшылар мұндай соттарға Қазақстан қоғамы үйреніп те қалған дейді.

- Мысалы, Әкежан Қажыгелдиннің соты болсын, Ғалымжан Жақияновтың соты болсын, Мұхтар Аблязовтың соты, небір тәуелсіз газеттердің, журналистердің үстінен өткен сот болсын - бәрінде заң бұзылғаны, әділ өтпегені туралы талай айтылды. Бірақ содан не өзгерді? Айтылды-айтылды да, сонымен қалды. «Әттең... әттеген-ай» деген көпшілік көңілінде қалған сызат қана! - дейді Жовтис мырза.

Сонымен тамыздың 31 күні Қазақстан тарихында, кейбір сарапшылардың теңеуімен айтсақ, «ең шулы, ең масқара» сот ісі үкім жариялауы керек. «Мұның да өз есебі бар» дейді Айдос Саримов мырза.

- Себебі, 1-ші қыркүйек күні президент парламенттің бірлескен отырысында сөз сөйлеуі керек. Бәлкім, онда бір саяси өзгерістер туралы да айтып қалуы мүмкін. Мысалы, сот 31-күні жұмысын сағат кешкі 8-9-да аяқтайтын болса, себебі, 150-200 беттік айыптау болады, оның бәрін оқып шыққанша уақыт кетеді. Сонда осы соттың ақыры қоғамға жетпей қалуы да мүмкін, себебі ол кезде газеттер, әсіресе тәуелсіз газеттер, баспаханаларға жіберіліп қояды да, теріліп жатады. Есесіне, теледидар бар, радио бар, басқасы бар - президенттің айтқан сөздері бар, жетістіктері бар - соны мақтап шыға келеді. Сонда осы істің ақыры сол, жаңағы, болашақта болатын, не болмайтын саяси реформалардың, «ура-жетістіктердің» дүмпуінің астарында қалып қояды деген үміт бар сияқты.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қазасына қатысты Қазақстандағы тек тәуелсіз БАҚ беттері ғана жазып отырса, телекомпаниялардан «31 арна» мен «Қазақстан» телеарнасы ғана бірлі-жарым хабарлар беріп тұрды. Шетелдік ақпарат құралдары арасында «Азаттық» радиосы өз тыңдарманын, соттың басынан аяғына дейін үзбей, күнделікті сот жаңалықтарымен таныстырып отырды.
XS
SM
MD
LG