Accessibility links

Астанада Қазақстан Парламентінің үшінші сессиясы ашылды


Жұма күні Астанада Үшінші шақырылымдағы Қазақстан Парламентінің үшінші сессиясының ашылу салтанаты өтті. Сессияны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашты. Бұл жолы Мемлекет басшысы депутаттар алдында бір-ақ нәрсені баса айтты. Ол – елде мемлекеттік қызметкерлерді 30 пайызға қысқарту және сапасын жетілдіру. Мемлекет басшысы осы жолы да Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге мүдделі екенін баса айтқанымен елде жасалар саяси реформалар жөнінде сырт қалды. Бірақ Назарбаев өз сөзінде мемлекеттік шенеуніктердің санын қысқарту арқылы саяси реформаларға жетуге болатынын жоққа шығармады.

Үшінші шақырылымдағы парламенттің үшінші сессиясы әдеттегідей Қазақстанның әнұранымен ашылды. Ал екі ай бойы Астананы көрмеген депутаттар алдында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әдеттегідей көп сөйлеген жоқ. Ол негізгі баяндамасының басым бөлігін бір ғана мәселеге бағыттады. Ол – мемлекеттік қызметкерлер және шағын Үкімет құру жөнінде. Мемлекет басшысының сөйлеген сөздеріне қарағанда енді Парламент депутаттары мемлекеттік қызметкерлердің қызметін жетілдіретін заң жобаларымен айналыспақ. Ең алдымен президент осыған дейін жемқорлығы үшін жауапқа тартылған бұрынғы мемлекеттік шенеуніктерді ешқашан мемлекеттік мекемелерге жұмысқа алмау жөнінде заңға өзгерту қажет деп нұсқау берді.

Айта кету керек, осыған дейін мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген айыппен бұрынғы Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысының жетекшілері Мұхтар Әблязов пен Ғалымжан Жақияновтар жауапқа тартылған болатын. Мұхтар Әблязов бұрын Индустрия және энергетика министрлігін басқарған болса, Ғалымжан Жақиянов Семей одан кейін Павлодар облысының әкімі қызметін атқарған.

Ал мемлекеттік қызметкерлер жөнінде Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен орталық аппараттың және министрліктегі қызметкерлердің санын 30 пайызға қысқартудан бастау қажеттігін айтты.

«Қысқартылған мемлекеттік қызметкерлердің ақшасы бюджетке емес, жақсы жұмыс істеген маманға берілетін болады. Сонымен бірге мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы ұлттық компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлердің айлықтарынан кем болмауы қажет», – деді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының сөздеріне құлақ салсақ, бұдан былай елде корпоративтік басқарулар болмақ.

- Осыған дейін құрылған «Самрұқ», «Қазына» секілді холдингтер соның айғағы. Ал алдағы уақытта дәл осындай жеті корпорация құрылады. Бұл басқарудың тиімділігін арттырады әрі халықаралық талаптарға сай болуға және елу дамыған мемлекеттің қатарына енуге көмектеседі, – деді президент өз сөзінде.

Ал Парламенттің екінші сессияда қабылдаған заңдарының ішінде «Тіркелмеген мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау жөніндегі» заңның шикі тұстарының көп екенін тілге тиек еткен Қазақстан басшысы тез арада аталған заңды қайтадан қолға алып, өзгерістер енгізу қажеттігін айтып, сөйтіп, мүлікке рақымшылық жасау акциясын 2007 жылдың 15 сәуіріне дейін ұзартуды ұсынды. Президенттің сөздеріне қарағанда, аталған заңда бюрократиялық жолдар көп және мүлік иесінің құпиялылығы сақталмаған.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы да Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге мүдделі екендігін айтты. Бірақ, осы жолда елде жасалыну керек саяси реформалар жайлы ештеңе айтылмады. Есесіне, Қазақстан президенті мемлекеттік қызметкердердің сапасын жетілдіруге байланысты айтылған тілектердің барлығы саяси реформалар алдындағы өзгерістер болуы мүмкіндігін жоққа шығармады.

Президент Н.Назарбаевтың елде мемлекеттік қызметкерлерді 30 пайызға дейін қысқартып, ықшам Үкімет құру жөніндегі бастамасына Қазақстанның мемлекеттік шенеуніктері мен депутаттары әртүрлі пікір білдіріп отыр.

Қазақстанның Білім және ғылым министрі Бірғаным Әйтімова Қазақстан басшысының мемлекеттік қызмектерлерді 30 пайызға дейін қысқарту жөнінде және әкімшілік жүйеге реформа жүргізу жөніндегі мәлімдемесі өзіне тосын болғанын жасырмайды. Енді ол өзі басқаратын министірлікте мамандар арасында іріктеулер жүретінін айтты:

– Тапсырманы енді алып отырмыз. Бүгіннен бастап қарастырамыз. Негізгі әкімшілік реформаны жасағанда, міндетті түрде жалақының көтерілуіне байланысты департаменттерде, комитеттерде тек кәсіби мамандар қалуы қажет.

Ал Қаржы министрі Наталья Коржова болса, мемлекеттік қызметкерлердің саны неғұрлым аз болса, соғұрлым басқару да жеңіл болады дейді. Ол сонымен бірге қаржыгер ретінде қысқартылған қызметкерлердің есебінен кәсіби мамандардың жалақысы көбейетін есептеп үлгерген секілді.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Әбдрахманов өзін-өзі басқару жүйесі іске қосылмайынша, реформалар жүзеге аспайды деп санайды:

– Менің түсінігімде, әңгіме тек отыз пайызға қысқарту немес көбейтуде емес. Егер қысқарту барлық дүниені орнына қойып беретін болса, онда 100 пайызға қысқартып тастайық, мүмкін сонда тазалық болар, бірде-бір шенеунік болмайды. Әңгіме - кадрдың сапасында. Жергілікті лауазым иелерін халыққа тәуелді ету керек.

Ол сонымен бірге президенттің айтқан сөздерін өзі отыратын президент әкімшілігіндегі адамдардың жүзеге асыратынына күдікпен қарайды:

– Елге саяси реформа жасауға парламенттің күші жетпейді. Аппараттың күші жетеді. Аппараттағы адамдар президенттің жанында отырып алып, өздерінің жағдайын шеше бергісі келеді. Олар Нұрекеңнің көлеңкесінде байлыққа байлық қосып тыныш отыра бергісі келеді. Реформаторлар Нұрекеңе басқа пікірді жеткізіп, бір бағытта пайдаланғысы келеді.

Ал Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының президенттің сөйлеген сөздеріне қатысты өзінің айтар ойы бар:

– Бюрократиясыз мемлекетте адам сүре алмайды. Бірақ, бюрократияның қара басына жететін кемшіліктері көп. Оның үстіне мемлекет болып жаңа қалыптасып келе жатқан біздің қоғамдағы бюрократияның мәселесі өте қиын. Сондықтан, мемлекеттік қызметті қайта қарау - бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған Парламент Мәжілісінің депутаты Амалбек Тшан мемлекет басшысының айтқан сөздері өзіне таңсық емес екенін айтады. Ол мемлекеттік қызметі реформалау, коррупция деген сөздер осыған дейін де сан мәрте айтылғанын жасырмайды.

- Бірақ нәтиже көріп отырғам жоқ, – дейді ол.

Ал депутат Амангелді Таспихов былай дейді:

– Жыл сайын бюджетті қабылдаған кезде орталық орындарда да, жергілікті мекемелерде де мемлекеттік қызметкерлердің санын көбейтіп келе жатырмыз. Енді оған тосқауыл қоятын кезең келді. Оның үстіне әрбір қабылдаған заңымыз шенеуніктердің көбеюіне ықпал жасайды. Оның үстіне мемлекеттік қызметтің жалақысы аз болғандықтан, бұл мекемеге кездейсоқ адамдар көп барады. Егер оларға үлкен жалақы беретін болса, нағыз кәсіби қызметкерлер баратын еді.

Президенттің демократиялық құндылықтар, саяси реформалар жөнінде сөз айтпағанына көңілі толмаған Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов «саяси реформа жасауға билік асықпағанымен, сеңді халық бұзуы мүмкін» деген пікірін білдірді «Азаттық» радиосына:

– 1960 жылдардың соңында осы саяси реформалармен баяу қалған Францияны көшеге шыққан жастар дүр сілкіндірді. Егер де біз саяси реформалармен кешіксек, халық көшеге шығуы мүмкін. Сол себептен біз саяси реформаларға баруымыз керек.
XS
SM
MD
LG