Accessibility links

Қазақстанда жаңадан құрылатын екі оппозициялық партия өздерінің құрылтай жиындарына дайындалып жатыр


Қыркүйектің 10 күні оппозициялық бағыттағы екі ұйым - "Алға" мен "Жалпыұлттық социал-демократиялық" партия құрылтай съездерін өткізбек. Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның лидері "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбай болатындығы қазірдің өзінде анық болса, "Алға" басшылығының ауысуын оның қазіргі жетекшісі Асылбек Қожахметовтің өзі жоққа шығармайды.

Жексенбі күні жапсарлас құрылтай съездерін өткізетін екі оппозициялық ұйым – “Алға” мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілдері заң талаптарына сай әр съезге 1 мыңнан астам делегат қатысады деп күтуде. Жалпыұлтық социал-демократиялық партияны ұйымдастыру комитетінің мүшесі Серікбай ӘЛІБАЕВ өздерінің қыркүйектің 10-ы күні жиын өткізетіндіктерін бұрынырақ жариялағандарын, ал «Алғаның» ұйымдастырушыларының да неліктен осы күнді таңдап алғандарын түсінбейтіндігін жеткізді:

- Ол жағын білмеймін. Қалай? Алдында «Алға» партиясы 3-ші қыркүйек деп айтқан. Артынан 10-ына ауыстырды. Ол енді тәсілі шығар. Ал біздің 10-күні өткізетіндігіміз ертеден белгілі - бір жарым ай бұрын осы күнді бекіткенбіз.

«Алға» партиясының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Асылбек Қожахметов болса, екі оппозициялық бірлестіктің дәл бір күні жарыса съезд өткізу себебін екі оппозициялық партияға да бірдей делегаттардың бармауы үшін әдейі ұйымдастырылған сақтық шарасы ретінде түсіндіреді:

- Активпен сөйлескенде олар айтады: «Біз мына съезге де, ана съезге барамыз. Оппозцияның екі съезін де қолдауымыз керек», деп. Сонда біз түсіндіру жұмысын бастадық: бір кісі екі съезге қатысса, тіркеуге кедергі болуы мүмкін. Себебі, онсыз да тіркемеуге сылтау іздеген билік ертең «200 кісі анаған да, мынаған да қатысты. Сондықтан, біреуіне есептейміз немесе мүлдем оларды санамаймыз», деп уәж айтуы әбден мүмкін. Ал бір уақытта өткізсек, ондай мүмкіндік болмайды. Әр адам өзі шешеді: қай съезге баратынын...

Қазір Қазақстанның саяси алаңында үкіметті жиі сынға алатын тіркелген үш партия бар: Қазақстанның Коммунистер партиясы, «Ақ жол» және жақында ған толық тіркеуден өткен «Нағыз Ақ жол» партиялары. «Ақ жол» партиясының лидері Әлихан Байменов енді бір-бірімен бәсекелес, электораттары ортақ үш саяси партия пайда болуы мүмкін деген ойын жеткізді. Олар – «Нағыз Ақ жол», «Алға» және «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партия болмақ.

- Аталған үш топ та әлеуметтің бір шетінде жұмыс жасап жатыр. Сондықтан, олар бір-біріне бәсекелес болады деп ойлаймын, - дейді Ә.Бәйменов мырза.

Сонымен бірге, егер «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партия ұйымдастырушыларының бірі Серікбай Әлібаев егер партия тіркелсе, оның тек бір ғана басшысы, яғни, ол қазіргі «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы Жармахан Тұяқбай болатындығын айтып отыр.

- Партияның жарғысында да, бағдарламасында да төраға туралы ғана айтылған. Сондықтан, бізде қос төраға деген болмайды. Бізде - төраға! Партияның лидері біреу ғана болуы керек! - дейді С.Әлібаев мырза

«Алға» партиясының ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Асылбек Қожахметов өзінің орнын басқа адамның басу ықтимал екенін жоққа шығармайды:

- Біріншіден, съезд өзі бағаласын: бұрынғы жетекшісі Асылбек болған кездегі жұмысы қалай екен? Дұрыс па, дұрыс емес пе? Егер олар басқаша істейтін болса, ол дұрыс нәрсе! Онда жаманшылық жоқ. Жаңа жетекші келсе, оның ниеттері дұрыс болса, ол жаман ба? Неғұрлым жетекшілер көп болса, белсенді адамдар көп болса, ол оппозиция үшін жақсы ғой.

Бұған дейін кейбір ақпарат құралдарында тіркеуден өте алмаған «Алға» партиясының қазіргі жетекшісі Асылбек Қожахметовтің қызметіне бұл бірлестіктің артында тұрған құрылтайшылар риза емес, сол себептен, оның орнына Қазақстан Коммунистік партиясының хатшысы, экс-депутат Төлен Тоқтасынов келеді-мыс деген ақпарат жарияланған болатын. Дегенмен, Тоқтасынов мырзаның өзі мұны жоққа шығарады:

- Ия, ол әңгіме ғой. Қызық болсын, осылай талқыласын, сұрақ қойсын деп ойлаған шығар біреу. Менің бір естігенім – осы партияның ұйымдастыру комитетінің төрағасы балама дауысқа түседі деген сөз бар. Өздері солай айтып отыр. Үміткерлерді делегаттар ұсынады деп айтты маған. Ұсынылған үміткерлерді дауысқа қоямыз деп отыр олар. Үміткерлердің кімдер екенін білмеймін. Неліктен мұндай балама үміткерлердің қажет болғанын өзім де түсінбей отырмын.

Жалпы қазір Қазақстанда ресми тіркелген 11 саяси партия бар. Оның ең соңғысы болып, оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясы наурыз айында тіркелген. Ал президентшіл екі партия – «Асар» мен «Отан» шілде айында қосылып, бір партияға айналған.
XS
SM
MD
LG