Accessibility links

Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 134 жыл

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Қыркүйектің 5-і күні қазақтың лингвист-ғалымы, қоғам қайраткері, Алашорда көсемдерінің бірі - Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 134 жыл толды. Осыған орай Алматыда зиялы қауым өкілдері мен қала жұртшылығы Байтұрсынов ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алу шарасын өткізді.

Қазақтың лингвист-ғалымы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 134 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға жиналған зиялы қауым Ахаңның Алматыдағы мұражай-үйінің алдындағы ескерткіші басында оның адамдық болмысы мен азаматтық бейнесі, қоғамдағы орны туралы естеліктер айтып, өлеңдерін оқыды. Мұражай-үйдің бас директоры, ғалымның Шолпан атты қызынан туған ұрпағы Айман Байсалова қоғам қайраткерінің артында қалған мұрасы мен тұтынған заттарын жинап, осы үйге бас-көз болып отыр екен. Бүгінгі шараның өтуіне де Айман Байсалова мұрындық болған екен. Ахмет Байтұрсынов ұрпақтарының бірі Күнімжан Байқадамова:

- Менің әкем Ахмет Байтұрсыновқа жиен. Жақын араласып тұрдық. 1937 жылы 12 жасымда бұл кісіні екі рет көрдім. Сол жылы атып жіберді. Ол кезде баламыз ғой. Жалпы, біздің тұқымымызда, ішінде менің әкем де бар, 8 адам «халық жауы» деп атылған. Сонда мектепте балалар артымыздан «халық жауының қызы» деп мазақтап жүгіретін. Осы әңгімені естіген марқұм анам: «әлі-ақ Кеңес үкіметі құлайды. Азаматтарымыз ақталады» деп айтып отыратын. Сол уақытта сол сөзге: «япырау, мына кісі не айтып отыр? Кеңес үкіметі құлайды деген сөз бола ма?» дегендер болған. Сол анамның айтқаны келіп арыстарымыз ақталды, - дейді

Ахмет Байтұрсыновтың өмірін зерттеушілер Ахаң өзінің бүкіл саналы ғұмырын туған елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күреске, ағартушылық қызметке арнап, қазақ халқының рухани қазынасына теңдессіз үлес қосып кеткен ғұлама, ірі қоғам қайраткері болғанын атап айтады.

- Ахмет Байтұрсыновтың қайраткерлік бейнесі жайлы сөз қозғағанда алдымен оның алаш зиялылары көсемдерінің бірі болғаны туралы айтуымыз керек. Ол ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамындағы әлеуметтік, қоғамдық теңсіздіктерді елдік дәрежеде көтерген Алаш партиясының негізгі ұйымдастырушыларының бірі болды. Ахмет Байтұрсынов - 1913 жылдан 1918 жылға дейін жарыққа шыққан “Қазақ” газетінің шығарушы редакторы. Бұл кісілердің қазақ мемлекетін, Алашорданы құрамыз деген кезеңі Ресейдегі төңкерістермен тұспа-тұс келіп қалды да, оларға қоғамдық-саяси кеңістікте мүмкіндік берілмеді. Аз ғана уақыттың ішінде - 1917 жылы Орынборда, шілде айы мен желтоқсан айында өткен жалпықазақтық съезде қазақтың болашақ мемлекеттігіне қатысты ойларын айта алды. Байтұрсынов Кеңес өкіметінде жүріп 1920 жылы партияға өтті. Бірақ, ұлт үшін өзінің бұрынғы Алаш идеяларына адалдығынан танған жоқ. 1920-1921 жылдары Қазақстан автономиялық республикасының халық ағарту комиссары болады. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің болашағына байланысты көтеріліп жатқан идеялардың негізгі іргетасы сол кезде қадалған, - дейді филология ғылымының докторы Дихан Қамзабекұлы.

Профессор Тұрсынбек Кәкішев, “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, Ахмет Байтұрсыновтың филология ғылымы саласында алар орны туралы айтқан еді.

- Ахмет Байтұрсынов - қазақтың данышпан кемеңгері. Қазақтың филология ғылымы саласының негізін қалауда айырықша еңбек еткен адам. Мына біздің тіл білімі саласының ғалымдары көбіне оны лингвистикаға тарта береді. Ал шындығына келгенде, оның “Әдебиет танытқышы” - қазақ әдебиеттану ғылымының әдебиет теориясының негізі болып табылады. Қазақ тілі грамматикасындағы “зат есім”, “сын есім”, “етістік” деген атаулардың барлығы сол Ахмет Байтұрсыновтың тіл біліміне кіргізген жаңалықтары болды. Бұған әлі күнге ешкім алып-қосқан жоқ, - дейді профессор Тұрсынбек Кәкішев.

Жиында сөз алған Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова тебірене отырып Ахаң туралы естеліктерімен бөлісті.

- 13 жасыма дейін Ахмет атамды “атеке” деп өскен мен мұндай үлкен тойға жетем деп ойлаған жоқ едім. Атамның қандай кісі болғандығы, кімдермен араласқандығын мен жақсы білем. Оның бәрі менің көз алдымда сайрап жатыр. Бұл дүниеде Ахмет ата не қалдырды?Бүгінгі ұрпақ атам мұралары мен ол көтерген Алаштың туын жоғары ұстап жүреді деп мен сенемін”, - деді Гүлнар апай.

Қыркүйектің 8-інде Алматыдағы мұражайда Ахмет Байтұрсыновты еске алу кеші, сондай-ақ осы ай ішінде мектеп оқушылары мен ұлттық мәдени орталықтардың қатысуымен Байтұрсынов оқулары өткізілмек.
XS
SM
MD
LG