Accessibility links

Ұлттық теңгенің жаңа бет-бедеріне депутаттар қарсы

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Үстіміздегі жылдың 15- қарашасынан бастап айналымға теңгенің жаңа түрі енбекші. Осыған байланысты Амангелді Айталы, Бекболат Тілеухан және Мұхтар Шаханов бастаған бір топ Мәжіліс депутаттары Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденовтің атына наразылық хат жолдап отыр. Ондағы депутаттардың көтеріп отырған мәселелері «ұлттық теңге неге тек мемлекеттік тіл – қазақ тілінде жазылмайды?». Сонымен бірге депутаттар төл теңгенің бетінен Әл-Фараби бейнесінің жойылуына қарсы екендерін айтады.

«Ұлттық теңге өзгеруге тиіс. Теңгенің бетінде бұдан былай тұлғалардың портреті болмайды», деп Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов өткен жылдан бастап бұқаралық ақпарат құралдары арқылы айтып келеді. Алайда, сол кезде тырп етпеген депутаттар енді жаңа теңгенің келбеті айшықталып, ол басылымдарға жариялана бастаған кезде ғана дауыстарын шығара бастады.

Үшінші сессияның ашылуынан кейін алғаш рет өткен Мәжілістің жалпы отырысында бір топ депутат Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденовтің атына наразылық хатын жолдады. Хатты оқыған Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан жаңа теңгенің кескін-береді Конституцияға қайшы келеді деп отыр:

– Еліміздің ақша айналымына теңгенің жаңа түрі енгізілуі қазақ ұлтын, қазақ елін сыйламайтындығының дәлелі болды. Ұлттық тұлғаларымыздың бейнесін түгел алып тастап, ұлттық ақшамыздың екі тілде – орыс және қазақ тілінде жазылуы Конституцияға қайшы деп білеміз. 1993 жылы теңге алғаш рет шыққан кезде бір ғана мемлекеттік тілде жазылған.

Әнуар Сәйденовтің атына наразылықтарын білдіргендердің бірі Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов ұлттық валютаны әрбір мемлекет әлем мойындаған тұлғаларын насихаттайтын құрал ретінде пайдаланатындығын айтып, ал ұлттық теңгенің бетінен жойылып отырған Әл-Фарабиді алып тастау дұрыс емес деген пікірін жеткізді:

– Жаңа теңге басына көне ғасырдың сәлдесін ораған Әбу-насыр Әл-Фараби қарттан құтылып, оның орнына Астана, Алматы қалаларының бейнелерін ұстанғанына бақытты сияқты. Бірақ, баба тарихына мұрын шүйіре қараған бүгінгі ұлттық банк қайраткерлері осы тұста әлемнің екінші Аристотелі атанған қазіргі қазақ жеріндегі Отырар өркениетінің перзенті екендігін пайымдай алмаса керек.

Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан ұлттық теңгенің айналымға енуіне әлі екі ай барын айтып, Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденовті Мәжіліс залына түсінік алуға шақырды. Ол өзі теңгенің ауысуының артында саясат бар деп санайды:

– Ұлтық банктің қазіргі айтып отырғандары қолдан жасап отырған ақшалар көбейіп кетті дейді. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің валюталарының өздерін қолдан жасап жатқандар бар. Бұл жерде басқа бір саяси мәселе болуы мүмкін. Екіншіден, Кеңес Одағы кезінде ақша 16 тілде жазылды. Ол кезде шынында Кеңес Одағының құрамында 16 мемлекет болды. Ал бізде қазір бір мемлекет. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Сондықтан да екінші рет – орыс тілінде жазылуы қоғамның ойынан шығып отырған жоқ.

«Отан» партиясының мүшесі Серік Әбдрахманов болса, теңгенің ауысуына байланысты «Азаттық» радиосына төмендегідей пікірін жеткізеді:

– Ұлттық банктің төрағасы мен оның айналасы жеке бастың мүдделерін шешу үшін теңгенің түрін өзгертіп отыр. Себебі, теңгені өзгерту үшін ақша бөлінеді. Содан кейін олардың қолтаңбалары тұрады. Меніңше, сол Фарабиді жоғалтып, өз қолтаңбаларын теңгеде қалдырғылары келеді.

Ұлттық банктің интернет парақшасында жарияланған ақпаратта, жаңа теңгеде Астана ортасында салынған бәйтерек монументінің суреті мен Қазақстан президентінің қолы және қолтаңбасы бар. Бұл пішінге Серік Әбдрахмановтың пікірі төмендегідей:

– Бәйтерек кеше құрылды. Талай елде мұнан да асып кеткен бәйтеректер бар екенін ұмытпауымыз керек.

Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов теңгенің бетінен Әл-Фарабидің портреті алынып тасталатын болады дегенде, ең алғашқылардың бірі болып қарсылық білдірген Қазақстанның ең алғашқы Ұлттық банктің төрағасы болған Ғалым Байназаров еді. Ол 1993 жылы Ұлттық банктің төрағасы болып тұрған кезде қазақ даласының ұлы тұлғаларының портретін теңгенің бетіне енгізу туралы ойын президентке айтқан екен. Енді Ғалым Байназаров жаңа теңгенің қаншалықты тұрақты болатынын уақыт көрсетеді дейді.

Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов теңгені ауыстырудағы басты мақсат оның қорғаныш қабылеттігін арттыру деп айтып келеді, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне.

Осымен Қазақстанның төл теңгесі үшінші рет өзгергелі отыр. Ең алғаш рет 1993 жылы айналымға енген кезде әр түрлі номинациядағы теңгенің беттерінде қазақ даласы батырларының, ақындарының, хандарының портреттері болған еді. Кейін Әл-Фарабидің ғана суретін қалдырып, қалған портреттерді алып тастаған болатын. Енді міне, үстіміздегі жылдың 15-қарашасынан бастап бәйтерек монументі мен президенттің қолы және қолтаңбасы бар жаңа теңге айналымға енетін болады.
XS
SM
MD
LG